Ауылдағы кәсіпкер әйелдерге – қолдау

Изобильное ауылының мәдениет үйінде Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметовтың қатысуымен салтанатты шара болып өтті. Қала әкімі ауылдағы 10 кәсіпкер әйелге жеке кәсіптерін дамытуға көмек ретінде әрқайсысына ноутбук пен біржылдық тегін интернеті бар модем табыс етті.

Мұндай қажетті көмек «БҰҰ құрылымдары – Қазақстандағы әйелдер» республикалық жобасы аясында елді мекенде өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдерге көрсетіліп отыр.– Бұл оларға өз әлеуетін дамытуға көмектесетін тамаша жоба. Сондай-ақ, мұндай қанатқақты жобалар оларды жаңа іске ынталандырады. Биылғы жылы Изобильное ауылының тұрғындарына интернет байланысы тартылды. Қазақта «Бірдің кәсібі – мыңның нәсібі» деген қанатты сөз бар. Алдағы уақытта кәсіпкер ханымдардың қолға алған жобалары жүйелі жүзеге асып, әрекетке берекет болсын, тек қана сәттілік тілейміз, – деді аудан басшысы. Айта кетуіміз керек, аталмыш іс-шараны «Жер-Ана-Астана» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлмайра Баймақова ұйымдастырып отыр.
– Жобаны жүзеге асыру кезіндегі жергілікті атқарушы органдардың рөлін ерекше атап өткім келеді, – дейді Г.Баймақова. – Бұл жоба Алматы және Ақмола облыстарында «БҰҰ құрылымдары – Қазақстандағы әйелдер» жобасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ал, оны үйлестіруді «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар Қоры» жүзеге асырды. Жоба аясында барлығы 68 әйел қолдауға ие болды. Олардың арасында осы Изобильное ауылының кәсіпкер әйелдері бар. Қатысушыларды іріктеу кезінде біз кәсіпкерлердің тың жобаларымен жақынырақ танысып, оларды іске асыру үшін кейбір бизнес-идеяларды жоспарлап үлгердік. Біз өз тарапымыздан әйелдерді одан әрі қолдауға, өз бизнесін ұйымдастыру және іске қосу бойынша онлайн-режимінде кеңес беруге дайынбыз. Степногорск қаласының экологиялық таза өнім мен басқа да қызметтерге қажеттілігін ескере отырып, ауылда бизнес үшін үлкен әлеует бар екендігін атап өтуіміз керек, – деді бірлестік директоры салтанатты шарада.
Изобильное ауылы Степногорск қаласынан 110 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 540 тұрғын тұрады. Биыл қалалық және жергілікті әкімдіктің көмегімен ауыл тұрғындары үшін ауылға интернет желісі тартылған.
– Аталмыш жобаны жүзеге асыра отырып, біз ең алдымен, Қазақстанның шалғай ауылдары мен аудандарында өз кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектердің біліктілігін арттырамыз, – деп атап өтті «БҰҰ-әйелдер» құрылымының жобалық менеджері Гүлнәр Смаилова. – Мұндай бастамалар цифрландыру және халықтың жалпы компьютерлік сауаттылығын қамтамасыз ету бойынша мемлекет қабылдап жатқан шараларға қосымша көмек болады деп үміттенеміз. Қазіргі жаһандық әлемде дамудың көптеген мүмкіндіктері бар. Сыйлық ретінде берілген ноутбуктер ауыл әйелдерінің әл-ауқатының одан әрі өсуіне түрткі болатынына сенімдіміз, – деді ол.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар