Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жаңа жыл қарсаңында Көкшетау қаласындағы бірқатар білім беру, денсаулық сақтау нысандарында болып, полиция қызметкерлеріне арнап салынған жаңа үйден пәтер алған қызметкерлерді құттықтады және пәтер кілтін табыстады. Департаменттің 90 қызметкері жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатын болды.
– Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен көптеген игі бастамалар қолға алынып, халықтың тұрмысын көтеру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жүргізіп жатқан саясаты сол бастамалар мен алға қойылған міндеттердің іске асырылуына бағытталып отыр. Өз кезегінде облыстық әкімдік те полиция органдарының материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне үлкен көңіл бөледі. Соңғы үш жылдың ішінде біз автокөліктер паркін жаңарттық, яғни, 150 автокөлік сатып алынды, олардың 62-сі биылғы жылы берілді.
Бурабай ауданында полиция бөлімінің жаңа әкімшілік ғимараты іске қосылды, бұдан бөлек 100 қызметкер өзінің тұрмыстық жағдайларын жақсартып, баспаналы болды. Биылғы жылы Ерейментау аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңгеден астам қаржы бөліп отырмыз, және мұндай жұмыстар одан әрі жалғасатын болады, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы үш жыл ішінде бюджет қаражаты мен жеке меншік инвестициялардың арқасында өңірде 139 тұрғын үй салынып, 8 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға ие болды. Жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 305 ақмолалық отбасы жаңа пәтерлердің иесі атанды. Аймақ басшысы құқық қорғау органдары облыста «Отбасы банкімен» әріптестік туралы келісім-шартты бірінші болып жасағандарын атап өтті. «Бұл әріптестік әлі талай полиция қызметкерінің бас-пана мәселесін шешуіне көмектеседі» деп ерекше көңіл аударды облыс басшысы.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин өз кезегінде облыс әкіміне алғысын білдіріп, полиция қызметкерлеріне арналып салынған 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы туралы мәселе жуық арада көтерілгенін атап өтті. Алғашқы іргетасы бір жарым жыл бұрын қаланған құрылыс алаңында қазір 9 қабатты зәулім үй тұрғызылып, қызметкерлер мен полиция қызметінің ардагерлері қоныстанып жатқанына ризашылығын білдірді. Полиция департаментінің бастығы сонымен бірге, мердігер-компания «Регион Строй» серіктестігінің басшылығына да қысқа мерзімде тұрғын үйді салып бергендігі үшін алғыс айтты.
Сол күні облыс әкімі №13 «Экос» мектеп-гимназиясының жанынан салынған жаңа қосымша ғимаратқа барды. Мұнда мектеп-гимназиясының оқушылары үшін қосымша 22 кең оқу кабинеті жұмыс істейтін болады. Бұл білім ордасында 3,5 мыңнан астам бала оқиды, солардың 840-ы бастауыш сынып оқушылары екен. Бұрын оларға арналған спорт залы тар болса, енді тек бастауыш сыныптары жаңа кең залда денелерін шынықтыратын болады. Сонымен бірге, ағылшын тілі кабинетіне бас сұққанымызда, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар, құлаққаптары мен микрафондары бар 15 ноутбук орнатылыпты. Облыс басшысы мұнда баста-уыш сынып мұғалімдерімен және оқушыларымен әңгімелесіп, жағдайларын сұрап білді. Артем есімді оқушы аймақ басшысына «Балалар ертегілерінің экологиялық тәрбиеге әсері» тақырыбындағы ғылыми жобасын көрсетіп, болашақта сәулетші болғысы келетінін айтты. Арманы асқақ бүлдіршінге сәттілік тілеген облыс әкімі Көкшетау қаласында осындай үш ауысымдық мектептердің жүктемесін азайту мақсатында қомақты қаржы бөлініп жатқандығын айтып, №6 және13-ші орта мектептерінде де қосымша ғимараттар пайдалануға берілгендігін, жақында №1 және 4-ші орта мектептерде қосымша ғимараттардың құрылысы аяқталатындығын атап өтті.
– Оқушылардың білім сапасын арттыру, өздеріңіздің педагогикалық шеберлік деңгейлеріңізді көтеру бағытында көбірек жұмыс істеңіздер. Бұл үшін біз барлық жағдайды жасап жатырмыз, –дей келе, облыс басшысы келесі жылы мектептің негізгі ғимаратының қасбеті мен ескірген терезелерін ауыстыруға қаржы қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімінің Көкшетау қаласындағы жұмыс сапары Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының жаңадан салынған онкологиялық емханасының ғимаратында аяқталды.
Аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров айтқандай, біздің облыс Қазақстан бойынша онкоаурулардың пайда болуы бойынша бесінші орында тұр екен. Облыста 100 мың адамға шаққанда әрбір 211 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Бұл республикалық көрсеткіштен 1,3 есеге көп. Өкінішке орай, бізде қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны да республикалық көрсеткіштен біршама жоғары. Бұдан бөлек, ерте анықталмаған қатерлі ісіктің ең соңғы сатысында жүрген науқастардың көптігі де бүкпесіз айтылды.
–Қазіргі бейімделген, яғни, емханасы мен стационары біріктірілген ғимаратта біздің дәрігерлер бір ауысымда 100 науқасты қабылдай алады. Ал, жаңа емхана стационардан бөлінген, ол бір ауысымда 150 науқасты қабылдауға есептелген. Құрылыстың жобалық құны 2 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. 1 миллиард 800 миллион теңге қаржыға соңғы үлгідегі қазіргі заманғы құрал-жабдықтар сатып алынды, нақтырақ айтсақ, МРТ, КТ-аппараттары, маммограф, 3 жұмыс орнына арналған рентген-аппараты, ультрадыбыстық құрылғылар, қазіргі заманғы эндоскопиялық линейкалар алынды, – деді Нұрлан Жаров.
Облыс әкімі жаңа емхана біздің өңірге онкологиялық ауруларды емдеу мен анықтаудың сапасын жақсарту үшін аса қажет екендігін атап өтіп, бұл үшін аталған емханада барлық жағдай жасалғандығына назар аударды. Емхана 2021 жылдың басынан науқастарды қабылдай бастайды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.