Биылғы сайлаудың өзіндік ерекшеліктері бар

Алдымыздағы 10 қаңтарда елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өтетіні белгілі. Осыған орай, Көкшетау қаласында Саяси ғылымдардың қазақстандық қауымдастығының қолдауымен «Сайлау – 2021: аймақтық даму трендтері» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістер, сондай-ақ, алдағы сайлаудың ерекшеліктері туралы өзінің ойымен бөлісті.
Оның айтуынша, биылғы сайлаудың үлкен ерекшеліктері бар. Соның бірі сайлаудың өзі Конституциялық мерзімде өтуі. Бұл – оған барлық партиялардың дайындалуына мүмкіндік болды деген сөз. Екіншісі, егер осыған дейін өткен сайлауларда мәслихат депутаттары бір мандатты округтер бойынша сайланса, бұл жолы сайлау алғашқы рет партиялық тізім бойынша өтеді, яғни, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттарының барлығы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал, үшіншісі «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді партиялық сайлау тізіміндегі адамдардың 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар болмақшы.
– Бұл принцип партиялардың өзара бәсекелестігін, аймақтарда мәслихат жұмысының тиімділігін, партиялардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Алуа Жолдыбалина.
Сонымен қатар, жиында Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов еліміздегі сайлауалды шаралардың барлығы заң аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті.
– Қазіргі таңдағы сайлау алдындағы үгіт-насихат шаралары барысында жаңа технология тиімді қолданылуда. Соның бірі – әлеуметтік желілер дер едік. Байқап отырғанымыздай, маңызды са-яси додаға әлеуметтік желілер арқылы үн қосып жатқандар аз емес. Бүгінгі күн ел тұрғындарының саяси белсенділігі артып келеді. Жалпы бес партияға да бірдей мүмкіндіктер берілген. Яғни, бұл біздің еліміздің демократиялық бағытта келе жатқанын тағы бір айғақтай түседі, – деді Қазбек Майгелдинов.
Ал, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Дина Әйкенова азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында кері байланыстың да орнатылып жатқанына тоқталды.
– Соңғы кезде азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында кері байланыс орнату трендіне тоқталғым келеді. Мұны біз мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілерге көшуінен байқап отырмыз, – деп атап өтті Дина Әйкенова.
Сарапшылар атап өткеніндей, еліміз бо-йынша 216 округті алып қарасақ, 56 округте 3 партиялық тізім, 137 округте – 4 партиялық тізім, 23 округте – барлық 5 саяси партияның тізімдері ұсынылған. Партиялық тізімдерге 8334 үміткер кіреді, оның 3721-сі – әйелдер мен 29 жасқа дейінгі азаматтар.
Дөңгелек үстел барысында «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымов, «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, алдағы сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге шақырды.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар