Елімізде Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі 29-ыншы жылымыздың пандемияға ұласып, қаншама адамның денсаулығына қиындықтар туғызғаны белгілі. Соған орай, мемлекет халықтың мұң-мұқтажын жеңу жолында да бірқатар бағдарламалар жасап, оған қоса, еселі еңбекті бағалап жатқан жайы бар.
Сондай көп құрметіне бөленген жандардың бірі, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова. 80-нің сеңгіріне шықса да, халқына хас өнерін сыйлаудан жалықпай келе жатқан сахна саңылағы бізбен телефон арқылы хабарласып, «Арқа ажары» арқылы аналық ақ тілегін жолдады.
– Менің бала кезден армандаған ісімнің жүзеге асып, киелі сахнада алпыс жыл үзбей өнер көрсеткенімді, әлі де халқыма шынайы өнерімді сыйлай алатынымды мақтанышпен айтқым келеді. Міне, мен мерейлі 80 жасқа да абыроймен жеттім. Әрине, өткен жыл мен үшін де оңай болған жоқ. Елімізді жайлаған коронавирус пандемиясы мені де алып жықты. Оған қоса, азамат болып, отбасын құрып, ел қатарлы еңбек етіп жатқан төрт ұлымның бірі қапыда көз жұмғаны мені қатты есеңгіретіп тастады. Осының бәрінде уайым-қайғымды жеңуге көмектескен халқым, сүйікті көрермендерімнің ізгі ниеті, – деген ол, ең басты марапат – 80 жасқа толуына орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алған алғысы мен киелі театр шаңырағындағы әріптестерінің өзіне деген өлшеусіз құрметі және Көкше халқының ыстық ықыласы екенін мақтанышпен жеткізді.
Осылайша Жібек Есекеқызы Мемлекет басшысы мен өңір басшысы Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа, облыстық мәдениет басқармасына, облыстық, қалалық ардагерлер ұйымдары мен Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Қалауденұлы Смайыловқа, сүйікті халқына деген ризашылығының шексіз екенін білдірді. «Қашанда халқым аман болсын! Мен қандай қиындықты басымнан өткерсем де, көрермендерімнің ықыласынан қайта бойымды тіктеп, жаңаша бір күш-қуатқа бойлағандай боламын. Келіп жеткен Сиыр жылы ынтымақ-береке, молшылық жылы болсын!», – деген өнер тарланына біз де Жаңа жылда денсаулығыңыз зор болып, Алланың берген жасын жасап, көрермендеріңізді өнеріңізбен тамсандырып, ұрпағыңызға өнеге болып, биіктерді бағындыра беріңіз демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.