Тұрмыстық қалдықтар полигоны қашан салынады?..

Сарапшылардың ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстанда 25 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып қалған. Қоқыс полигондарының саны 4 мыңнан асып жығылады. Алайда, оның тек 300-ден астамы ғана заңдастырылған. Бұл мәселе Ақмола облысында да күрделі.

«Nur Otan» партиясының өңірлік филиалында өткен отырыста осынау түйткілді мәселені шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Облыс аумағында жер актілері бар 130 қоқыс орны тіркелген. Олардың тек 24-інің рұқсат қағазы бар. Кейбір аудандарда қатты тұрмыстық қалдық шығаратын бірде-бір заңды орын жоқ. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Құсманова өз сөзінде облыста қоқысты қайта өңдейтін пункттері бар полигондар салынса, мәселе шешілетінін айтты.
–Бүгінгі күні өңірдің Щучинск, Ақкөл қалалары мен Целиноград ауданындағы Қоянды мен Қосшы елді мекендерінде, Аршалы кенті мен Зеренді селосында 7 полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу аяқталды. Келер жылдың бюджетіне осы жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы салынды,–деді бұл орайда, басқарма басшысының орынбасары. Мәселен, Көкшетау қаласында полигон салу жобасы жер телімін бөлу мәселесіне байланысты созылып келеді. Бүгінгі таңда полигонның тек сұрыптау желісі болуы керек пе, әлде қайта өңдеу функциясымен кешенді түрде іске қосылуы қажет пе деген мәселе әлі де талқылануда.
–Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында қоқыс сұрыптау пункті бар жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жобасы әзірленді. Жоба мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуде. Жобаның құны шамамен 4,5 миллиард теңге,–деді Айтжан Құсманова. Әзірге қоқысты қайта өңдеу бойынша жоба қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайды деп жоспарлануда. Нақты деректер жоба түпкілікті сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар