Жастар – еліміздің болашағы

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл. Осы мерекеге орай, елімізде әр түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі уақытта біздің еліміз халықаралық деңгейде мойындалып, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алды.

Мен бұл мерекені елімнің патриоты ретінде ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы ретінде де атап өтудемін. Мен 1991 жылы 18 желтоқсанда дүниеге келдім. Сол кезден бастап мен үшін туған күн біздің еліміздің Тәуелсіздік күнін мерекелеумен басталады. Биыл мен де 30 жасқа толамын. Мен Тәуелсіз мемлекетте дүниеге келгенімді мақтан етемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болу бір жағынан мақтаныш, бір жағынан жауапкершілік.
Тәуелсіздік маған таңдау жасауға мүмкіндік берді. Егер таңдау жасау мүмкіндігі туралы айтатын болсақ, мемлекеттік қызметті таңдадым. Мен үшін мемлекеттік қызметші болу – өз елімнің патриоты болу, халықтың игілігі үшін қызмет ету және біздің тәуелсіз Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі қызметін орнықтыруға үлесімді қосу. Елдегі мемлекеттік қызмет бұл – өте жауапты және қиын жұмыс, мемлекеттік қызметшілер кәсіби қызметтерін жүзеге асыру үшін өздерінің бар күш-жігерлерін, білімдерін және тәжірибелерін жұмсауда.
Қазіргі уақытта мен Ақмола облысы Әділет департаменті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеймін. Қазақстан Республикасының әділет органдары мемлекеттік қызметті құқықтық қамтамасыз етуді, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың және азаматтардың жұмыстарының заңнамалық режимін сақтауды, заңдық мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Құқықтың басқа нысандарымен салыстырғанда, нормативтік-құқықтық актілердің басымдылығы ең алдымен, әлеуметтік өмірдің үйлестірушісі ретінде мемлекеттің рөлін жоғарылату болып табылады.
Өйткені, құқықтық акт қоғамдық өмірдің барлық жағына әсер етеді. Осының арқасында көптеген саяси, еңбек және отбасылық қатынастар реттеледі. Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінде жұмыс істеу барысында мен қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасының әр түрлі салаларын меңгердім. Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу бөлімінде баға жетпес тәжірибе, тек қана алға ұмтылуға ынталандыру байқалады.
Мемлекеттік қызметте еңбек ете отырып, қоғамға және елімізге керек маман болғым келеді. Өйткені, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, жастар біздің еліміздің болашағы!

Мәдина ТӨКЕЕВА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің жетекші маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар