Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәрі – тәртіптің арқасы - АРҚА АЖАРЫ

Бәрі – тәртіптің арқасы

«Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Павлодар жүк тасымалы бөлімшесінің филиалы – Екібастұз локомотивті пайдалану депосының Ерейментау айналым депосы негізінен Екібастұзда өндірілетін көмірді Бурабай мен Атбасар станциясына дейін тасымалдаумен айналысады.

Сондай-ақ, бұл станцияға Павлодар станциясы үшінші бөлімшесінен тақ күндері, Астана станциясынан жұп күндері жүретін жолаушы поездары кіреді. Пандемияға байланысты аталмыш депода локомотив бригадаларының жетіспеушілігі байқалады. Бірқатар бригаданың мүшелеріне суық тиіп, сырқаттаныпты. Дегенмен, депо жұмысты үзіліссіз қамтамасыз етуде. Ерейментау айналым депосы басшысының орынбасары Дана Айдынбаевтың айтуынша, осы қиын сәтте бірде-бір поезд тоқтап тұрмаған екен.
–Локомотив бригадалары коронавирус жұқтырмау үшін локомотив іші толықтай антисептикпен өңделеді. Депо ішінде барлығы маска киіп жүреді. Депода электровоздың 97 локомотив бригадасы жұмыс істейді. Пандемияға байланысты локомотив бригадалары ауыртпашылық көрді. Олар сырқаттанып қалған 15 бригаданың орнына жұмыс істеп, тек қана 12 сағат дем алды. Әрине, мұндай жұмыста кез-келген адам шаршайды. Темір жолдың маңы қауіп-қатерге толы екені белгілі. Әйтеуір, бізде мұндай қайғылы жағдай болған жоқ. Темір жол бойында тұратын адамдармен қауіпсіздік жөнінде әңгіме өткізіп тұрамыз. Мәселен, темір жол сыртында орналасқан Шанхай селосының балалары темір жол учаскесін кесіп, мектепке барады. Оларға да ақыл-кеңесімізді айтамыз,–дейді депо басшысының орынбасары.
Кәсіпорында жекеменшік компаниясына қарасты медициналық бригада қызмет көрсетеді. Олар жолға шығатын бригада мүшелерін мұқият тексереді екен. Пандемияға дейін айына екі рет «Ерейментау-Айсары» жолаушылар поезы жүріпті. Қазір ол жұқпалы індетке байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан көрінеді. Депода тәжірибелі адамдар, тұтастай теміржолшылар әулеті жұмыс істейді. Мәселен, Нецеляевтер әулеті екі ғасыр бойы темір жол саласында еңбек етіп келеді. Кезекші Сергей Нецеляевтің әкесі Александр Нецеляев тепловоз машинисі болған. Інісі Игорь Нецеляев те қазір темір жол саласында жұмыс істейді. Сондай-ақ, машинист Сергей Кэм және машинистің көмекшісі Андрей Кэм де теміржолшы әулетінен шыққан.
Бұл депода еңбек жолын енді бастаған жастар да жеткілікті. Солардың бірі – 3 санатты электровоз машинисі Рүстем Рыспаев Ерейментау ауданының Жарық ауылында туған. Ауылдағы негізгі мектепті бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін тәмамдап, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетке оқуға түседі. Оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. 2010 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтегеннен кейін Павлодар қаласындағы машинист көмекшісінің курсын бітіреді.
– Әскерден кейін сырттай оқуға ауысып, Ерейментау қаласында тұратын анамның қасына келуіме тура келді. Жергілікті депоға жұмысқа орналастым. 2014 жылы алты айлық машинистер дайындайтын курста оқыдым. Сөйтіп, 2017 жылы электровоз машинисі болып жұмыс істей бастадым. Бұрын электровоз машинисі болған, қазір инструктор Ерлан Құланбаевтан мамандығымның қыр-сырын көп үйрендім. Екеуіміз жүк поезында бірге жұмыс істедік. Темір жол саласында еңбекақы уақытында төленеді. Соңғы кезде жұмысымыз да көбейіп кетті. Ерейментау мен Екібастұз станцияларының ара қашықтығы 160 шақырымды құрайды. Екібастұз станциясына келгесін электровозды депоға тапсырамыз. Олар электровозға техникалық қызмет көрсетеді. 4 сағат дем алғаннан кейін электровозды қабылдап аламыз. Ұжымда Ерәлі Еркебаев, Асылхан Сәдуақасов сияқты тәжірибелі машинистермен жұмыс істегеніме қуанамын,–дейді электровоз машинисі Рүстем Рыспаев.
Жас машинист жұмыс істей жүріп, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетті және М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген екен. Құдай қосқан қосағы Қанжығалы Бөгенбай батыр атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі. Екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Өзінің адал еңбегімен екі жоғары білім алған электровоз машинисінің әр сапарының сәтті болуын тіледік.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: депо басшысының орынбасары Дана Айдынбаев және машинист Юрий Ахлёстин.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар