Халық қасіретін еске салатын ескерткіш Нұресіл ауылының төрінен орын алды

Халқымыздың басынан небір зұлмат замандардың өткендігі белгілі. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ не көрмеді? Нендей зобалаңды бастан кешпеді?! Бәрі тарих беттерінде сайрап жатыр. Астаналық өңірдің ірі меценаты Марат Есенжолұлы Қамзебаевтың авторлығымен дүниеге келген ескерткіш кешені тарихтың ақтаңдақ беттерінен сыр шерткендей.

Бұл композиция халқымыздың басынан өткерген қайғылы оқиғалар кезеңін қамтиды. Анығын айтқанда, Қазақстандағы 1928-1933 жылдардағы ақсеңке ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін және 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс. Ескерткіш кешеніндегі тас тақтаға Отан қорғау үшін майданға аттанған өрімдей жігіттердің есімдері қашалып жазылған. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі зұлым жаумен шайқаста ұрыс даласында мерт болды.
Ерлер даңқын халық есінде сақтау, ел азаматтарының жүрегінде патриоттық сезім ұялату бүгінде басты міндет болып саналады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы іске ұйытқы болғандығы баршамызға аян. Сол кездегі мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан орталығы Ақмол ауылында қысқа мерзім ішінде «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені ашылды. Айта кететін жәйт, бүгінгі астаналық ауданға қарайтын елді мекендердің біразы бір кездері НКВД-інің құпия картасында болған. Олардың көпшілігі қоныс аударушыларға арналған арнайы жер аудару аймағы болғаны жасырын емес. Бұл арада сол кездегі ұлан-байтақ елімізге танымал жоғары лауазымды тұлғалардың – мәдениет, медицина мен ғылым саласы өкілдерінің, «Отанын сатқандардың» әйелдерінің жазықсыз жапа шеккендігі белгілі.
Жаңа үлгідегі айрықша ескерткіштің құрылысы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. «Қазақстанның сакральды картасы» М.Е.Қамзебаевтың бастамасымен тағы бір танымал нысанмен толықты. Бұл ескерткішті халық қаһармандығының символы десек болады. Қазіргі ұрпақ ел тарихы, халқымыздың басынан кешкен қасіреті туралы балалық шақтары ұрланған ата-әжелерінің айтуымен ғана біледі. Сондықтан, бұл композицияның ұрпақ үшін тағылымдық мәні зор деп айтуға болады.
Бүгінде Нұресіл Целиноград ауданындағы ірі елді мекендердің бірінен саналады. Мұнда жыл өткен сайын көптеген үйлер салынып, көшелерге асфальт төселіп, тұрғындар жайлы тұрмысқа бейімделе бастаған. Көше шамдары да арнайы инновациялық күн батареяларынан қуат алады. Ағымдағы жылы біраз көшелерге жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, жолдар жөнделді. Осыдан болар, көрікті мекенге көз тігіп, еліміздің әр аймағынан көшіп келгендердің саны арта түсуде. Ауыл мен қала арасында тұрақты автобус қатынасы жолға қойылған.
«Ақтық» акционерлік қоғамының жетекшісі Марат Есенжолұлы ауылдық округтің әлеуметтік-мәдени тұрғыда дамуын назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын агрофирманың ірі көлемде қаржы салуының нәтижесінде Мәдениет үйі толықтай жөндеуден өтті. Ал, 2004 жылы аталған ұжымға Қазақстан Республикасындағы элиталық тұқым шаруашылығы дәрежесі берілді. Осыған орай, ауқымды жұмыстар атқарылды. Былтырғы егін орағында шаруашылық диқандары мол өнімге қол жеткізді. Бидай алқабының әр гектарынан 18, ал, арпадан – 16,4, сұлыдан – 31 центнерден өнім жиналды. Бас агроном Қалимолла Рахымжанов өз кезегінде бізге Юрий Былков, Серік Базылов, Максим Кожелякин, Амантай Мансұров, Жаңабай Қуандықов сынды диқандардың есімдерін ерекше атады.
Агрофирма жыл сайын бақша дақылдарының өнімін арттыруға ден қоюда. Өткен күзде 80 тоннаға жуық картоп, 30 тонна қырыққабат жиналды. Қоғамды дүрліктірген пандемия күнделікті өмірімізге біршама өзгеріс енгізгендігі жасырын емес. Көп нәрсе, соның ішінде күнделікті тұтынатын тағам түрлері де өзгерді. Бұл орайда, «Ақтық» АҚ-ның тағы бір игілікті істі қолға алғандығын байқауға болады. 2010 жылдан бері шаруашылық фермасында батырлар сусыны – қасиетті қымыз өндірілуде.
Шипалы сусынға деген сұраныс көп, әсіресе, елордалықтардың қымызға деген қызығушылықтары күн санап артып келеді. Осыған орай, өндіріс көлемін де арттыру талап етілуде. Осы сөзіміздің дәлелі – былтыр жазда қала тұрғындары Нұресілдің бал қымызын көптеп сатып алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономиканы құра алмаймыз» деген еді. Президенттің осы сөзін қаперге алған «Ақтық» акционерлік қоғамының басшылығы өркенді саланы дамытып, алға нық қадам басуда.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.
Суреттерде: «Ақтық» акционерлік қоғамының жетекшісі Марат Қамзебаев және Мәдениет үйінің алдына орнатылған ескерткіш.
Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар