Облыста «Бизнестің жол картасы-2025» және нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары табысты іске асырылуда.
Облысымызда шағын және орта бизнесті қолдау шаралары ұлғайып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өңірде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 166,3 миллиард теңгенің 1 592 жобасы мақұлданды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 329 жобаға қолдау көрсетілді. Қолдаудың негізгі түрлері субсидиялау, несиелерге кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, өндірістік инфрақұрылым жүргізу болып табылады. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес-жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлап отырған қатысушыларға шағын бизнес ашу, ісін жаңа бастаған жас және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің қызметін кеңейту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін шағын несие беру көзделген.
Облыста «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жалпы сомасы
3,2 миллиард теңгеге 290 жоба, оның ішінде өткен жылы 451,5 миллион теңгеге 48 жоба қаржыландырылды. Биыл шағын несие бөлу үшін 885 миллион теңге, несиелерді кепілдендіруге 70,9 миллион теңге бөлініп отыр.
Халық тұтынатын тауарлар, шикізат және бастапқы қайта өңдеу өнімдерін өндіруді қолдауға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі басым жобаларды несиелеу тетігі шеңберінде «Родина» агрофирмасы», «Асыл Арман», «MILK PROJECT», «Kazyna SR» және «Авиценна-Бурабай» серіктестіктері және басқа да кәсіпорындар өз жобаларын іске асырды. Бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес өнімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.