Өткен жыл табысты аяқталды, биыл да солай болуы тиіс

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен бюджеттің орындалуы талқыланып, биылғы жылға жаңа міндеттер белгіленді.

Облыс әкімі алдымен жақында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауының өңірде ойдағыдай өткізілгендігіне тоқталды. Осы ретте, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланған Мұрат Балпанды жиналғандарға таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Ол өткен жылы облыс экономиканың көптеген салалары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізгендігін атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, экономиканың маңызды саласы өңірдің агроөнеркәсіп секторындағы өсімнің арқасында өнеркәсіп өнімінің көлемі 106,6 пайыз (республикада екінші орын), ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі 112,8 пайыз (екінші орын), негізгі капиталға салынған инвес-тициялар көлемі 126,3 пайыз, тұтыну бағаларының индексі 174,5 пайыз және құрылыс жұмыстарының көлемі 122 пайыз болды.
–Өңірдің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласында дамудың өсім динамикасы байқалды. Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 1021,2 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімнің көлемі 607,3 миллиард теңгеге жетті, – деді Қанат Дүзелбаев.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы кейбір өңірлер бойынша өнім өндіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, негізгі қорға инвестициялар салу және құрылыс жұмыстары көлемінің кемуіне жол берілгенін де атап өтті. Жалпы, экономикада өсім болғанымен, Жарқайың, Шортанды, Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Қорғалжын аудандары және Степногорск қаласында өндіріс көлемінің кемуіне жол берілсе, Зеренді, Жарқайың, Шортанды, Аршалы аудандарында негізгі қорға инвестициялар салу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ал, Аршалы, Зеренді, Шортанды аудандарында құрылыс жұмыстары сылбыр жүргізілген.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша орын алған олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдерін, басқармалардың басшыларын тұрғызып, осының себебін сұрады және әрқайсысына биылғы жылы алға қойған міндеттермен қоса, жіберілген осы кемшіліктердің орнын толтыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыстық құрылыс, өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тиісті салалар бойынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін ескертті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен өңірлердің әкімдерінен егіншілік шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы өнімдерін арттыруды қамтамасыз етуді талап етті.
Сонымен бірге, жиында Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту бойынша қолға алынған жалпы сомасы 29,9 миллиард теңгені құрайтын 40 жобаның жүзеге асырылғандығы айтылды.
2020 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуының орындалу қорытындылары туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндады. Өткен жылғы облыс бюджетінің көлемі 399 342,3 миллион теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама өскен. Ал, шығыс бөлігі 99,3 пайыз көлемінде игерілді. Облыстық 27 бюджеттік бағдарламалардың 25 әкімшіcі бюджет қаражатын толық игерсе, қалғандарында жүз миллион теңгеден астам қаржы игерілмей қалды. Бұлардың қатарында облыстық денсаулық сақтау, құрылыс басқармалары бар. Ал, аудандық, қалалық бюджеттер бойынша бюджет қаржысын игеру 99 пайызды құрады. Осы ретте, Бұланды, Шортанды, Ақкөл, Жарқайың, Жақсы, Астрахан, Зеренді, Есіл, Біржан сал аудандары және Степногорск қаласы бюджетті толық игерді.
Осы мәселеге назар аударған облыс әкімі облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, аудандар мен қалалардың әкімдеріне өткен жылдың қорытындылары бойынша бюджетке салықтар мен төлемдердің жүз пайыз толық түсуін биылғы жылдың бірінші тоқсанынан қалдырмай қамтамасыз етуді, бюджет қаржысының, соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерді де түгел игеруді тапсырды.
Сонымен қатар, жиында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру, халықты жұмыспен қамту сияқты бүгінгі күннің өзекті мәселелері де талқыланып, тиісті ведомстволардың басшылары мен аудан және қала әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар