Өткен аптадан бері екі есе өскен

Ақмола облысында індет басталғалы коронавирус инфекциясын жұқтырған 10 мыңнан астам адам тіркелді. Аймақтағы ауру жұқтыру деректері өткен аптадағы көрсеткіштерден 2,2 есеге дейін асып кеткен.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтып берді.
Республика бойынша соңғы күндері коронавирус індеті өршіп барады. Әсіресе, Ақмола облысы республикалық талдаулар есебінде инфекцияны жұқтыру жағынан өкінішке орай, көш басында. Бұл біздің өңірдің тұрғындарының өздері мен жақындарының денсаулықтарына бейжай қарап, карантиндік талаптарды елемеуінен деген қорытындыға келуде мамандар. Себебі, қазіргі уақытта пандемия басталған кездегі сақтық шаралары аса сақтала бермейді. Маска тағу, оны жиі-жиі ауыстыру, қолды жуып, залалсыздандыру дегенді де ескере бермейді. Арақашықтықты қадағалау, көпшілік орындарға бармау деген мүлде ескерілмей барады. Осының салдарынан аймақта коронавирустың белең алуы күрделеніп барады. Сондықтан, өз денсаулықтарымызға абай болғанымыз жөн.
Бүгінгі таңда коронавирус індетіне шалдыққандарды облыста 15 медициналық ұйымның қызметкерлері емдеп жатыр. Қазіргі уақытта облыста жұқпаны емдеуге арналған 1558 төсек орынның 688-інде науқастар жатыр, яғни6 әзірленген орындардың 44, пайызы қолданыста. Сондай-ақ, 123 реанимациялық төсектің 53-інде аурулар ем қабылдауда және 22 науқас ауыр халде. Өкінішке орай, пандемия басталғалы 101 адам індеттің құрбанына айналды.
Қазіргі уақытта облыста коронавирус-пен күреске 438 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Олардың 91-і дәрігер, қалғандары орта медициналық қызметкерлер мен кіші персонал. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пандемия басталғаннан бері облыста коронавируспен күреске жұмылдырылған 4228 медициналық қызметкерге үстемеақы төлеуге 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Нариман Ермекұлының айтуынша, облыста 19 жедел медициналық көмек қызметі жұмыс істейді. Тәулік сайын бұл қызметтің 69 бригадасы халыққа алғашқы медициналық көмек түрлерін көрсетуде. Олардың 9-ы дәрігерлік, 60-ы фельдшерлік бригадалар. Сонымен бірге, өңірдегі медициналық ұйымдардың инфекциялық стационарларының коронавируспен күреске арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы 92 пайыздан 100 пайызға дейін артқан. Барлық емханалар жедел көмек көрсететін мобильді топтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта созылмалы дертке шалдыққан және коронавирус белгілері бар азаматтарға емханаларға бармай-ақ қашықтықтан кеңес алу жағдайы да ұйымдастырылған. Осы күнге дейін учаскелік дәрігерлер денсаулығына шағымданушылармен 947 кеңес және 451 виртуалды консилиум өткізіпті. Бұдан бөлек, диспансерлік топтарға да арнайы жіберілетін 148 мобильді топтар құрылыпты.
Облыста жаз маусымында ашылған Coll-орталығы бар талдау орталығына осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам қоңырау шалынып, коронавирустан қорғану, алдын алу, карантин талаптары күшейтілген кезде туындайтын түрлі мәселелер бойынша сауалдарға жауап алған. Coll-орталық нөмірі 8(716-2) 55-14-14.
Апталық көрсеткіштерді салыстырмалы тұрғыдан алып қарасақ, өткен аптада 1388 жағдай тіркелсе, оның алдынғысында 600 дерек анықталған. Яғни, жағдайдың ушыға түскенін осы көрсеткіштерден-ақ көруге болады.
–Қазіргі уақытта 6718 адам мониторингке алынған. Жағдай тез өзгеріп жатыр. Қазір ауруханаларда 688 адам жатыр. Пандемия басталғалы 10155 науқастан індет лабораториялық жолмен анықталды. Олардың 6446 симптомды түріне шалдыққандар. Аты жаман арудан 8024 адам емделіп шықты. Бүгінде науқастардың басым бөлігі жұқпалы аурулар орталығында ем қабылдап жатыр. Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасында – 126, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының тері-венерологиялық бөлімшесінде құрылған стационарда – 100, Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығында – 70 төсек-орын бар. Бурабай, Жарқайың, Аршалы, Атбасар, Есіл, Егіндікөл, Зеренді аудандары мен Степногорск қаласында да жұқпалы аурулар бөлімшелері жұмыс істеуде. Егер Көкшетау қаласында орындар жетпей қалатын жағдай туындаса, онда жолшылар ауруханасы да коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге жұмылдырылады. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төсек-орындар дайындалуда, –деді Нариман Сыздықов.
Бүгінде 1186 адам учаскелік дәрігерлердің қарауында амбулаторлық түрде коронавирустан емделіп жүр, үй карантинінде 350 адам бар. Пневмониядан 270 науқас үйде ем қабылдауда.
Басқарма басшысының орынбасары ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап кезең-кезеңмен берілетін «Спутник-V» вакцинасы алғашқы кезекте індетті жұқтырып алу қауіптілігі жоғары мамандарға, яғни, медицина және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлеріне ерікті түрде берілетініне ерекше назар аударды.
– Үкіметтің бұйрығымен біздің облысқа алғашқы кезеңде «Спутник-V» вакцинасының 1100 дозасы берілетін болды. Бірер күнде «Ск-фармация» серіктестігі облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы бөліміне тапсыруы тиіс. Оларды сақтайтын тоңазытқыштар мен мұздатқыштар сатып алынуда. Ең алдымен, екпе жұқпалы аурулар стационарларының, жедел жәрдем, алғашқы көмек көрсету, қабылдау бөлімдерінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына беріледі деп жоспарланған. Бірінші кезеңі 1 ақпаннан басталады. Оларға екпе егу 24 медициналық пунктте жүзеге асырылады. Вакцинаны егу бойынша 1104 адам арнайы оқытылып, даярлықтан өткізілді. Олардың 273-і дәрігер, қалғандары медбикелер, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Брифинг соңында Нариман Сыздықов халықты өз денсаулықтарын күтуге, карантиндік талаптарды мейлінше сақтауға шақырып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар