Жетістіктер оң бағасын алды, кемшін тұстарға қозғау салынды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Шортанды және Ақкөл аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ, аталмыш аудандардың тұрғындарымен кездесіп, ақмолалықтардың өмірі сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Облыс әкімі алдымен Шортанды ауданының орталығындағы № 1 орта мектепте болып, ағымдағы жөндеу жұмыстарының қорытындысымен танысты. Іргесі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қаланған аталмыш білім ошағы 320 оқушыға арналған. Өткен оқу жылында мұнда 234 бала білім алды. Оның ішінде 13 бала Мықтыкөл және Новографский ауылдарынан қатынап оқыды.
Былтырғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 60 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин айтып берді. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарын «Пласт плюс» мердігерлік компания қолға алып, онымен 38,5 миллион теңге қаржыға келісім-шарт жасалыпты. Мердігерлер ғимараттың сыртқы қасбетін жаңартып, терезелерін ауыстырған. Алайда, мектепте болған облыс басшысы жөндеу жұмыстарының сапасына көңілі толмайтынын айтты.
– Бұл не деген жауапсыздық? 60 миллион теңге ақша бөлдік. Жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Мердігерлерді шақырып, мектептің суғарлары мен терезерлерін қалпына келтіруді тапсырамын, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар, облыс басшысы аудан орталығындағы Дзержинск көшесі 52-ші тұрғын үйдің ауласын абаттандыру мен орталық алаңда жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарына назар аударды. Аталмыш тұрғын үйдің ауласына бедер тастар төселіп, футбол және балалардың ойын алаңдары салыныпты. Мұнда балалардың ойнап, бос уақытын өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге, тұрғынардың да үй ауласында демалып отырулары үшін қажетті шаралар қарастырылған. Осы үшін облыстық бюджеттен 33 миллион теңге қаржы жұмсалған. Осы ретте, облыс әкімі тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Орталық алаң мен Абылай хан көшесіндегі скверге «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 51,2 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімдігі ғимаратының шатыры мен қасбеті де жаңартылғаны көрініп тұр.
Облыс басшысы аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «Халықтың үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде өткен жылдың маусым айында ашылған сервистік әкімдікте болып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан қызметтің сапасына назар аударды. Андреевка ауылындағы «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Серіктестік басшысы Владимир Абермиттің айтуынша, шаруашылықтың 25,4 мың гектар егіс алқабы бар болса, оның 17,3 мың гектарына дәнді және бұрашақ дақылдары егіледі. Өткен жылы егін орағы кезінде әр гектардан 12,3 центнерден астық жиналған. Бұдан бөлек, шаруашылық 389 бас ірі қара, 22 жылқы, 160 шошқа өсіріп отыр. Барлығы 150 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтың мүмкіндігі мол. Ай сайын жұмыскерлерге уақытылы айлығын төлеп тұрады. Серіктестің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап көріп, жай-күйіне көңіл бөлді.
Бұдан әрі облыс басшысының сапары Ақкөл ауданында жалғасты. Аудан орталығындағы Иманов көшесінің бойында салынып жатқан 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Бұл құрылысты «НИКС ИнжинирингГрупп ИВ» серіктестігі қолға алған. Қазіргі кезде нысанның қабырғалары тұрғызылып, ішкі және сыртқы әрілеу, шатырын жабу, пәтер ішін бөлу, плита төсеу, есік орнату, ішкі инженерлік жүйені тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда да құрылыс жұмыстарының сапасы төмендігі бірден байқалды. Облыс әкімі жұмыс сапасына көңілі толмайтынын айтып, мердігерлерден жіберліген кемшіліктерді тез арада жоюды және жұмыс қарқынын кестеге сай жүргізуді тапсырды. Осы ретте, мердігер компанияның басшысы Владимир Пинчук облыс әкімі айтқан барлық кемшіліктерді тез арада жойып, аталмыш үйдің құрылысын 22 наурыз мейрамына дейін аяқтауға уәде берді.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілген Ақкөл қаласындағы «Восточная» жылу қазандығы, КСМК шағын ауданында бес көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу қазандығы мен жылу құбырларын аралап көрді. «Восточная» жылу қазандығы мен жылу желісін қалпына келтіру жұмыстары үшін бюджеттен 786,1 миллион теңге ақша бөлінген. Осының арқасында аудан орталығында 20 жылдан астам уақыт пеш жағып келген бірнеше көппәтерлі тұрғын үйлер бірорталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып отыр. Қазандықтарды көріп, тұрғындармен кездескен облыс әкімі осы мәселеге назар аударды. Сапар барысында облыс басшысы «Орда» сауда үйі, «Е-Нәтиже» жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету орталығы және №4 Ақкөл орта мектебінде де болды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар