Алғашқы вакциналар салынды

Ақмола облысында да коронавирусқа қарсы ерікті түрде екпе егудің алғашқы кезеңі басталды. Облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина, оның орынбасары Сәуле Сәдуақасова және бірнеше мәслихат депутаттары Көкшетау №2 қалалық емханасында, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, облыс әкімі аппаратының басшысы Азамат Қапышев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров, және тағы басқалары Ақмола көпбейінді ауруханасында ресейлік «Спутник-V» вакцинасын алды.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, вакцина алғаннан кейінгі жағдайы жақсы, ешбір өзгеріс байқалмайды. Екпе ектіру үшін келгендердін бәрі екпені алмас бұрын арнайы медициналық байқау кабинетінде дәрігердің тексерісінен өтіп, сауалнама толтырып, екпеге өз еркімен келгенін растайтын құжатқа қол қойды. Тексерістен өтіп болған соң, процедуралық кабинетте ресейлік «Спутник-V», яғни, ғылыми-фарцевтикалық атауы «Гам-ковид-вак» вакцинасын алды. Бір құты бес адамға дейін беруге жетеді. Ол арнайы мұздатқышта белгіленген суық температурада сақталып, адамға берер алдында ғана шығарылып, бөлме температурасымен ерітіліп, бірден беріледі. Екпе алғандар үш күн бойы оған су тигізбей, көпшілік орындарға бармай, күтінулері керек. Сонымен бірге, үш күн бойы учаскелік дәрігерлер вакцина алған адамға хабарласып, жағдайын біліп тұруы қажет. Егер індетпен ауырып тұрған адамдар болса, олар жарты жыл бойы вакцина алмаулары тиіс.
Қазақстандық вакцина болсын, ресейлік болсын құрамы бір. Сондықтан, қайсысын алса да адамда індетке қарсы иммунитет болады. Вакцина 18 бен 60 жасқа дейінгі адамдарға ерікті түрде беріледі. Жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе алуға тыйым салынады. Вакцинаны алған адам көпшілік жерге бармай, өзін оқшаулағаны абзал.
Бірінші күні вакцинаны 120 адам алды. Бұл ресейлік «Спутник V» препараты көрші мемлекетте жаппай егіліп жатыр.
Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаровтың айтуынша, вакцинаны ауруханада вирусты жұқтырып алу қауіптілігі жоғары медицина қызметкерлері алады. Аурухананың 73 қызметкері аталған екпені ерікті түрде алыпты. Вакцина беретін қызметкерлер алдын ала оқытылып, препаратты сақтап, қолданудың барлық технологиялық тізбекті талаптары сақталған.
– Мен коронавируспен ауырған жоқпын, сондықтан, оған қарсы иммунитет қалыптастыру үшін вакцина алуға бел будым. Бұл екпенің басқа екпелерге қарағанда ешқандай да айырмашылығы жоқ. Жыл сайын тұмауға қарсы екпені баршамыз алып жүрміз. Басқа да ауруларға қарсы екпелерді алуға учаскелерімізге барамыз. Екпеден кейінгі жағдайым жақсы. Мен өзім мамандығым бойынша мал дәрігерімін, сондықтан, иммунитет қалыптастыру үшін не керектігін жақсы білемін. Бұл вакцина баршамызға керек деп ойлаймын, –деді облыс әкімінің орынбасары өзінің ішкі сезімімен бөлісіп.
– Мен екпені алу не алмау жайлы ойланған жоқпын, күмәнім болмады. Қазіргі уақытта коронавирус жұқпасы тұрғындар арасында өршіп барады. Сондықтан, менің жақындарымның денсаулығы үшін вакцина алғаным дұрыс деп ойлаймын, –дейді Азамат Қапышев бізге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, бұл күні Көкшетау қалалық №1 емханасында да вакцина алу үрдісі басталды. Бұл жерде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықов коронавирус жұқпасына қарсы екпе алды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар