Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рудольф Гиклмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасқа байланысты кең ауқымды мәселелер қозғалды.
– Солтүстік өңірдегі бидай сапасы жақсы болғандықтан, экспортқа деген сұраныс та жоғары. Чехия Республикасымен өңіріміздің арасында ауыл шаруашылығы, машина құрылысы және басқа да салалар бойынша ертеден байланыс қалыптасқан, – деді облыс басшысы.
Дегенмен де, Ақмола облысының Чехиямен сауда айналымы деңгейі оншалықты жоғары емес. Өткен жылдың 11 айының қорытындысына сай, екі тараптың сауда айналымы 5 миллион АҚШ долларын құраған екен. Осы орайда, тараптар тауар айналымы көлемін арттырудың жолдарын қарастырды. Облыста өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді, сондай-ақ, Щучинск-Бурабай курортты аймағында туризмді дамытуда мүмкіндіктер мол. Рудольф Гикл өз кезегінде, соңғы жылдарда Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-саттық нығайып, қазіргі күні ол 1,9 миллиард АҚШ долларына жеткендігін атап өтті.
– Біз Қазақстаннан негізінен мұнай өнімдерін алып келеміз. Бірақ та, өткен жылғы пандемияға байланысты мұнай бағасының түсуіне орай, мұнай өнімдерін алу көлемі біршама қысқарды. Оның есесіне, Қазақстанға әкелінетін тауар, оның ішінде машина жасау саласына қатысты тауарлар көлемі өсе түсті, – деді елші.
Ол сондай-ақ, өз елінен біздің өңірімізге асыл тұқымды ірі қара әкелуге болатынын айтып, тиімді байланысқа шақырды. Осы орайда, биылғы жылдың сәуір айында біздің өңірімізден Чехияға тәжірибе алмасуға арнайы делегацияның баратындығы екіжақты байланысты нығайтуға тың серпін беретіндігі анық. Кездесу соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Төтенше және Өкілетті елші Рудольф Гикльге өңірімізге аранйы жұмыс сапарымен келгені үшін алғысын айтып, екіжақты байланыстың болашақта нығая түсетініне сенім білдірді.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.