Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баланың есімін ойланып қойсақ екен... - АРҚА АЖАРЫ

Баланың есімін ойланып қойсақ екен…

Балаға ат қою өмірде бір-ақ рет болатын ұлы рәсім әрі сүннет амалдың ең мүкәммәл берігі. Қазақ халқы бұл рәсімге аса құрметпен, бірақ, сақтықпен қараған. Он ойланып, мың толғанып, бір ұйықтап, бір түс көріп, тіпті аянмен балаға нәм берген. Ат қоюда халқымыздың даналығы бірінші орында болған. Қазыққа байланған ат іспеттес, балаға арнаған есімге оның тағдырын, келешегін, болашағын байлаған.

Әлбетте, ол дәуірдің ат қоюшы ата-әжелердің ақ баталы имани есімдері бүтін бір елге заң болған, қарсылықсыз бір ауыздан құптаған. Қазір ол заңдылық артта қалып, ат қою рәсімі заманауи әке мен анаға өткен. Бөгдеге еліктеуден болар, есімінің мағынасын ел түгілі өздері де түсінбей жатады.
Бүгінде азан шақырылған есімді ауыстыру сәнге айналды. Жалпы, есім өзгертуді адам өміріндегі құбылысты бұрылыс деп санауға болады, яғни, бұл тағдырды басқа арнаға бұру іспетті. Уақытында дұрыс есім берілмесе немесе ұялудың ығайсыздығы туындаса, есімін өзгерту ықтияры әрине, дұрыс. Оның өзі қандай жағдайда, мәселен, мұсылман балаға өз дәуірінде қандай да бір халыққа зұлымдығы өткен дінсіздің есімі білместікпен берілсе ғана есімді өзгерту міндет болып табылады. Ал, қазіргі қазақи есімдерді өзгерту, оны арабшаға ауыстыру не болмаса арабша тіркемелерді есімнің алды-артына тіркеу, болмаса шетел тіліне ыңғайлау құр ғана әурешілік.
Ғасырлар бұрын қазақи дәстүрдегі аталарымыз балаға есім беруде екі нәрсеге тірелген. Мәселен, қай руға тиесілі екендігін білдіретін, яғни, Жалайыр болса, Жалайыри немесе Наймани, Қыпшақи деген тіркемелерді қосқан. Екіншісі туған жеріне қарай Түркістанды мекендесе, Түркістани, Әл Фараби дегенді тіркеген. Бүгінде дәл осы «әл» мен «и» дегенді тіркеу жөнсіз. Себебі, бұл үлкен еңбек сіңірген, тарихқа есімдері ойылып жазылған әрі иман мен исламның туын көкке көтерген, өздері батыл, сүйектері асыл, сөздері ақыл, есіміне лайықты ғұмыр кешкен, атына заты сай, хат қалдырған аталарымыздың үрдісі. Ал, бүгінгі қазақи әдемі есімін қанағат тұтпаған еліктеушілер осы үрдісті жалғастыруға ең болмаса рухани дайын ба? Еліктемесін демеймін, еліктесін. Алайда, ислами тұрғыда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың көзін көрген, яғни, жанында бір күнін өткерген рухы мықты сахабаларға, үлкен табиғиндерге, тіпті, пайғамбарға, одан бергі қазақтың небір-небір ғұламаларына еліктегісі келсе, алдымен олардың өмірімен таныссын, сосын иманға келсін, одан кейін білімге ұмтылсын, қала берді мінезін түзесін, арасында ағайынмен тату болсын, барынша қоғамға сыйымды болсын. Міне, сонда ғана бүгінгінің мүмін Ибраһимі, діндар Әбу Ханифасы, ғалым әл Фарабиі, ақын Ахмед Яссауиі, гуманист Абайы бола алады. Ал, «өзім білем», мен «өз еркімге» салынып, ұлылардың есімімен істейтіні күнә, айтатыны жаман сөз, баратыны дүдәмал орталар, көксейтіні зина болса, онда оның кім болғаны?!
Есімнің тағдырға берер өзіндік пайдасы мен ықпалы бар. Сондықтан, бабаларымыз ұлылардың жолына салу үшін, ұрпағына кітапқа қарап пайғамбарлар есімін, тарихқа қарап батырлар, жыраулар, ақындар есімдерін ниеттеген. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзі «Балаға ат қоюда мұқият болыңдар, көркем есім беріңдер» демеді ме?! Бұл бекерден бекер емес. Керек десеңіз, есім зерттейтін антропонимика ғылымы да осы ұлы сөзге сүйенеді. Адам есімі неғұрлым көркем болған сайын, адамның өзі де көрікті, өмірі де көңілді болады делінеді.
Ел ішінде пайғамбарлар есімі балаға ауыр болады деген сәл қате ұғым бар. Негізінде, пайғамбарлар есімімен аталған балаға ұрсып, жекуде ата-анаға ауыр тимес үшін, шариғат тіркемені қарастырады. Мәселен, Ибраһим есіміне Абайды тіркеген. Осы тіркемемен біздің данышпан Абай атамыз әлі күнге жадымызда. Бұдан басқа, жәннетпен сүйіншіленген он сахабаның бірі Сағд ибн Әби Уаққастың есімін аталарымыз Сәдуақас деп ана тілімізге ыңғайлаған. Мұхаммедті Махамбет, Ибраһимді Ыбырахым, Хасан Хусейнді Асан мен Үсен, Айшаны Қайша, Фатиманы Бәтима деп есімдеген. Негізінде, ат қоюда мен осы екі нұсқаны ұсынар едім. Ал, енді осындай тіркессіз балаға Мұхаммед есімі берілсе, Муха деп, Ибраһимді Ибо деп ойнап та, қалжыңсыз да қысқартуға болмайды. Жалпы, қазақ болып туып, мұсылман болып қайтамын деген ниеттегілерге айтарым, жақсылап ұғыныңыздар, қазақы есімдеріңіз өздеріңізге Құдай берген құт, өйткені, бұл өз қаныңыздан тараған өзек. Мұсылмандық есімде емес, жүректе, иманда, мінезде. Қазақтың көзден, сөзден, тілден қорғаныш есебінде аталған Қиқым, Итаяқ, Жаманбала, Сасықбай, тіпті Көтібар мен Майкөтендер де бұ дүниеден мұсылмандықтан жиренбей, иманмен өткен. Ендеше, өзімізді өзегімізден теппейікші, ағайын!

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар