Көкшетауда 11 мектеп карантинге жабылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов облыс орталығындағы мониторингтік топтардың жұмысы туралы айтып берді.

Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мәліметінше, Көкшетауда эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Пандемия басталғалы мұнда коронавирустың лабораториялық расталған 5246 дерегі тіркелген. 42 адам осы індеттен көз жұмған. Қанат Ысқақовтың айтуынша, ауырғандардың көбі 18 бен 60 жас аралығындағы адамдар.
–2021 жылдың басынан облыс орталығында 1890 адамда коронавирус анықталды. Соңғы тәулікте 129 науқас тіркелді. Індеттің оқушылар арасында таралуына ұдайы мониторинг жүргізіліп тұрады. Оқу жылы басталғалы 243 балада індет лабораториялық расталды. Бүгінгі таңда 11 мектеп карантинге жабылды, – деді бас санитарлық дәрігер. Карантинге жабылған білім ошақтарының қатарында қаладағы IT-мектеп, Білім-Инновация мектебі, №2, №18, №12, №8, №13, №6 мектептер және Красноярдағы №2 орта мектеп бар.
2 ақпандағы жағдай бойынша қалада 452 індет ошағы анықталған. Оның 358-і үй жағдайында және 94-і еңбек ұжымдарында. Инфекциялық стационарларда 347 науқас ем қабылдауда. Стационарлардағы барлық төсек-орындардың 47 пайызы қолданыста.
Сондай-ақ, Қанат Ысқақов елімізде 1 ақпаннан коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны басталғанын, азаматтарға ерікті түрде және таңдау құқығы негізінде ресейлік «Спутник V» және екінші тоқсаннан бастап QazCovid-in екпесі егілетінін айтты. Бірінші кезекте екпе медицина қызметкерлеріне егілсе, алдағы наурыз айынан екпенің екінші кезеңі басталады. Жалпы, жыл соңына дейін елімізде 6 миллионға жуық азамат екпе алады деп жоспарлануда.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар