365 адам екпе алды

Ақмола облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша әлі де «қызыл» аймақта. 2021 жылдың 3 ақпанына дейінгі жағдай бойынша өңірдегі науқастар саны 11 497 адамға жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігер мәлімдеді.

Айнагүл Мусинаның айтуынша, барлық науқастардың 10 пайызын балалар құрайды. Ересектерге келсек, ауру көбінесе 60 жастан асқан тұлғалар арасында тіркелуде.

–Үстіміздегі айда COVID-19-дың лабораториялық расталған 533 дерегі тіркелді. Оның 426-сы симптомды, 107-сі симптомсыз түрі. Соңғы аптада, яғни қаңтардың 26-сы мен ақпанның 2-сі аралығында коронавирустың 1342 дерегі анықталды. Оның алдындағы аптада 1465 жағдай тіркелген болатын. Соған қарағанда вирустың 1,09 есеге төмендегені байқалады, – деген бас санитарлық дәрігер коронавирус инфекциясының таралуына қатысты статистика күн сайын өзгеріп жатқанын, вирустың таралуы санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына байланысты екенін айтты. Мәселен, соңғы тәулікте 168 адамда осы вирус анықталып, өсім 1,5 пайызды құраған.

Пандемия басталғалы облыста 548 оқушыға коронавирус диагнозы қойылған. Оның 205-і штаттық, 343-і қашықтықтан білім алып жатқан балалар. Оқу жылының үшінші тоқсаны басталғанда 296 оқушыда вирус анықталған.  Індеттің оқушылар арасында да көптеп тіркелуіне байланысты бүгінгі таңда облыс бойынша 49 мектеп карантинге жабылғанын айта кетуіміз керек. Оның ішінде 12-сі Көкшетау қаласында орналасқан білім ошақтары. Сондай-ақ, Есіл және Сандықтау аудандарында бес мектептен, Біржан сал мен Зеренді аудандарында төрт мектептен, Бурабай, Жақсы, Жарқайың аудандарында үш мектептен қашықтықтан оқытуға көшірілді. Астрахан, Атбасар, Бұланды аудандарында екі, Ақкөл, Целиноград аудандарында бір мектептен карантинге жабылды. Соңғы тәулікте 14 оқушының вирус жұқтырғаны лабораториялық расталған. Індетке шалдыққан оқушылардың 51,2 пайызы Көкшетау қаласында,   5,8 пайызы Бурабай ауданында, 5,5 пайызы Степногорск қаласында және Зеренді ауданында тұратын балалар.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелерге баратын балалар арасында да індетке шалдыққандар жоқ емес. Пандемия басталғалы 99 бүлдіршін коронавируспен ауырған. Мұнда да облыс орталығы вирустың таралуы бойынша көш бастап тұр.

Брифинг барысында Айнагүл Советқызы коронавирусқа қарсы екпе егу және медицина қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу жайында тоқталып өтті.

–Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында облысымызға «Спутник V» екпесінің 1300 дозасы әкелінді. Ақпанның бірінде екпе егу науқаны басталды. Үкіметтен бөлінген қаражат есебінен екпе алатын тұлғалардың контингенті анықталды, – деген бас санитарлық дәрігер  тегін екпе алатындардың қатарында медицина қызметкерлері, педагогтар, мектепке дейінгі мекемелердің, балалар үйінің  қызметкерлері мен тәрбиеленушілері барын хабарлады. Бүгінде медициналық ұйымдардың базасында 24 екпе егу пунктері жұмыс істейді. Оның үшеуі Көкшетаудағы қалалық емханада, «Viamedis» серіктестігінде және облыстық көпбейінді ауруханада орналасқан.

3 ақпанға дейінгі жағдай бойынша 278 медицина қызметкерінің ішінен 271-і аттестаттаудан өткен.  Екпе егу пунктері екпені жеткізу және сақтау кезінде қажетті температураны қамтамасыз ететін 38 мұздатқыш камерамен жабдықталған. Облыстың санитарлық-эпиедмиологиялық қызметінің хабарлауынша, өңірде екпені алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары алуда. Осы уақытқа дейін 105 медицина қызметкері, 6 мемлекеттік қызметші екпе алған. Ал, жалпы өңірде екпе алғандардың саны 365 адамды құрайды.

Брифинг соңында Айнагүл Мусина карантин талаптарын бұзу фактілері әлі де тыйылмай тұрғанын айтып, облыс тұрғындарын көпшілік жиналатын жерлерге бармауға, маска тағып жүруге шақырды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар