Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны – сұлу, ойы – кемел Мағира! - АРҚА АЖАРЫ

Жаны – сұлу, ойы – кемел Мағира!

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, біздің жерлесіміз, Зеренді ауданындағы Қошқарбай ауылының тумасы Мағира Қожахметова – ағартушылық мақсатта танымдық басылымдар шығарып, балалар тәрбиесіне қатысты арнайы жобаларын ұсынып, журналистикада жарты ғасырдан аса уақыт бойы тұрақты түрде еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Прозалық ­туындылары, драмалары, эссе, портреттері, психологиялық терең зерттеулері атан түйенің жүгінен ауыр. Қазақ руханиятында Мағира әлемі кәсіби маманнан бастап қатардағы оқырманының ұдайы назарында келе жатқанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Ол журналистикаға алпысыншы жылдардың соңында қосылған буынның қатарында. Курстастары Сейітқазы ­Досымов, Қаржаубай Омарұлы, Сейсен Мұхтарұлы, Қажытай Ілиясов, Сәлім Меңдібаев, Социал Әйтенов, Құрманғазы Мұстафин, Жарасқан Әбдірашев, Ырым Кененбаев, Мұрат Күлімбетов, Сара Ләтиева, Шәрбану Бейсенова, Тынышбек Дайрабаев, Сүлеймен Тоқсанбаев, Бақытжан Әзірбаев, Ақкөл Отарбаев секілді болашақ қаламгерлер еді… 

1969 жылы оқу бітіріп, адалдықтың, дарындылықтың, таланттың символына айналған «Лениншіл жасқа» қызметке тұрған жас Мағира Оралхан Бөкей, ­Рашид ­Рахымбеков, Төлен Қаупынбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Мерғали Ыбыраев, Жомарт Әбдіхалықов, Өмірзақ Жолымбетов, Байтұрсын Ілиясов, Берік Шаханов, Жақау Дәуренбеков, ­Жанат Елшібеков, Орысбай Әбділдаев, Сағат Әшімбаев, Бекділдә Алдамжаров, Теңізбай Рахымжанов, Серік Тұрғынбеков, ­Эрнест Төреханов, Алашыбай Есмағамбетов, Съезд Бәсібеков, Әшірбек Көпішев, Қайырбек Асанов, Әлімжан Әлімбеков сияқты сайдың тасындай жігіттермен қатар еңбек етеді. Материал іздеп талай жердің топырағына табаны тиді, ел көрді, жер шалды. ­Талай жақсымен әңгіме-дүкен құрды. Замандасы, журналист Айгүл Асылбекова-Нөкербаеваның ол туралы: «Мағираны тану үшін бір күн қасында жүру керек, бір шығармасын оқу керек, туған жеріне бару керек, студенттік достарымен сөйлесу керек. Ол журналист ретінде талай тағдырға араша түскен адам. Мағира Қожахметова реалист заманның соңғы романтигі» деген сөзінде жан бар. Журналист Мағира Қожахметова «Лениншіл жаста» жүргенде талай тағдырлы жандардың мәселесін қозғап, мақала жазғаны белгілі. «Лениншіл жаста» өнер мен мораль тақырыбын шығармашылығының, журналистикасының негізгі өзегіне айналдырды. Сондықтан да, кейіпкерлерінің дені – өнер адамдары мен қарапайым еңбек ­азаматтары. Ол сол кезде не жазса да, болашақ кітабының әр парағын қаттап жүрген болатын.
«Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, С.Майқанова, Б.Римова, Б.Момышұлы, Ғ.Жұбанова, Ә.Мәмбетов, М.Плисецкая, Джуна Давиташвили, Юлия Борисова сияқты талай ірі тұлғалардың сөзін жазып, қағазға түсірдім. Әрине, газет фототілшісі сенімен ере барады. Сонда әлгі фототілшіге сұхбаттың басынан аяғына дейін кейіпкерді бақыла, соның ең жақсы, ең сәтті суретін түсіріп беріңізші деп қиыласың. Сенесіз бе, әлгі ірі тұлғалармен бірнеше мәрте қатар жүріп, майдан қыл суырғандай қылып, суыртпақтап отырып сыр тартып жүрсек те, «сізбен бірге суретке түсіп алайыншы» деу ойға келмепті» деген еді ілгеріде берген бір сұхбатында. Сол сұхбатында «біз булығып өскен ұрпақпыз» деген еді. Себебі, балалығы тыңды игеру кезеңімен тұспа-тұс келді. Сабақтан келгенде әкесі Дәулетбек күрсініп отырады екен. Күйзелуіне себеп те жоқ емес, біртіндеп бүкіл қазақ мектептерін бірінен соң бірін жауып жатқан кез. Ұрпағымызды орысша оқытамыз деп қазақтардың өздері балаларын орыс мектебіне апарғанын көзі көріп бойжетті. Алайда, Мағира Дәулетбекқызы ақырына дейін қазақша оқыды. Сол қарсылық сезіммен оқуда жүргенде де киімінде қазақша өрнектің болғанын қатты қадағалады.
Ол сөзді зерттеуге деген махаббатпен есейді. Қазақтың бүкіл құпиясы тілінде жасырынғанын ұққан соң, сөзді, сөздің құдіретін зерттей бастады. Осы зерттеудің ізін ала «Адам-құпия» кітабын жазып, «Дертке дауа» газетін шығарды. Жетпістің ортасына келсе де балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, «Дертке дауа» газетін шығарып келеді. «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы ­шырай», «Адам құпия», «Жантәсілім», ­«Жападан жалғыз» кітаптары өз оқырманын ­тапты. Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Мәриям Хакімжанованың ІІІ томдық шығармалар жинағын құрастырған еңбегін де атап өту ләзім. Оның шығармашылығы туралы қаламгер Mәди Aйымбетов: «Мағираның өзі ешбір стандартқа сыймайтын шығармалардың бас кейіпкері болуға лайықты тұлға. Жаны – сұлу, ойы – кемел, жалпы адами болмысы ешкімге ұқсамайтын жан. Осындай ұқсамайтындығымен, ұқсағысы келмейтіндігімен де ол дара» десе, сатирик Көпен Әмірбек: «Мағираш! Болмысың таза, бояуы қанық қаламгерсің ғой. Мағира – ашылмай қалған алтын көмбе» деп пікір білдіреді. Өмірзақ Мұқайдың: «Жалпы, сюрреалистер тарапынан нанымнан ада құбылысты нақты өмірге жетектеп енгізу талабы ықылым заманнан бері жасалып та жүр. Осы бір талайдан бері жасалынып жүрген ғажайыптар әлемін бар-жоғы әдеби тәсіл ғана деп пайымдаушылар да баршылық. Кубаның Карпентьер деген жазушысы: «Ондай туындылар материалдарын көрген түстерінен алатын, алайда жұртты мезі еткен жалаң мадақтың ізін ­жасыру үшін қисынын логика заңдарына сай ұйымдастыратын әдеби мектептің кейбір шығармаларындай қызықсыз да болмақ» деп жазады. Өзі де ешкімнен кем жазушы болмаса да абстракциялық ұғымдарға бейім тұратын құдіретті қалам иелеріне осындай сөз бағыштаған Карпентьердің де ізін қуушылар жетіп артылады. Нақты оқиғаларға құрылған прозаның мұндай жоқшылары бізде де жеткілікті. Арасында небір таланттылары да бар. Алайда, адам санасы о бастан тылсымды дүниенің құпияларына жерік. Сондықтан да, таным мен талант болған жерде абстракциялық әдеби материал нағыз шығармашылық үрдісті танытса керек. Біз Мағира Қожахметованың прозасынан, танымдық публицистикасынан осы бір артықшылықтарды аңғарамыз» деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Жазушы Қалампыр Кенжеғалиеваның: «Журналистің бойындағы шексіз қабілет­тіліктің бірі – сауатты сауалнама арқылы оқырман үшін толық мәлімет беру. Мағира журналист керекті деректерін қарпып та, тартып та алатын дарынды қалам иесі. Ол рухани дүниенің жоғын түгендеп, барын қастерлейтін ғажап жан» деуі де, қаламгер Нәзира Жәрімбетованың: «Ол мықты журналист, білімдар кісі. Тақырыпты кейіпкері дәрежесінде білгенде ғана журналистің қаламы ұшқырланып, осылай көсіледі. Мағира апаның балет, классикалық музыка, жалпы, осы өнерді терең білетіні көрінеді, оқырманын мақаладан бас алмай оқуға мәжбүрлейді» деуі де оның журналис­тика жолындағы адалдығының бір көрінісі.
Ол үлкендердің көзін көрген, бұрынғы адамдардын мейірімін, қамқорлығын осы күнге жалғаған қаламгер. Бұл орайда ғалым Ақеділ Тойшанның: «Ол шын мәнінде ұлт анасы Мариям Хакімжанованың жолын қуған ұлағатты қаламгер, қазақ аруларынан шыққан дарынды жазушы. Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, дағдарыс кезеңінде мен секілді талай жас буынға жасаған қамқорлығыңыз бен жақсылығыңыз үндемей жүріп үлкен іс тындырып, айналасына жан жылуын шашатын нағыз қазақтың текті аруының қолынан келетін шарапат еді. «Ақ желкен» журналында жұмыс істеген ­жастар да, алғашқы шығармаларын жариялаған дарындар да ­рухани кеңістіктен ойып орын алды. Мәселен, Ермұрат Зейіпхан, Мәдина Омарова, Дидар ­Амантай, Нұрлан, Күнсая, Ақсұңқар, Ғалимұрат, Алтыншапақ, т.б. жастар. Сонымен бірге, атақты фольклорист, ол кезде ғылым кандидаты, өзі денсаулығы нашар, ешқайда жұмыс істемей дағдарыс жылдарында ауыр жағдайда жүрген Едіге Тұрсынов ағайға шамаңызша қамқорлық жасауыңыз – қазақ халқының мұрасына деген жанашырлық екенін бүгіндері түсіндім» дегені де бар. Ал, қаламгер Жадыра Шамұратова: ­«Барын жасырмайтын, көлгірсімейтін адамдар айна сияқты, одан тек ол адамның болмысын ғана емес, тіпті айдаладағы өзіңді де, айналаңды да көресің. Өзіне қатал сыншылдықпен қарауға өре керек. Мағира апай, сізді кеудесі алтын көмбе жандардың бірі деп бағалайтындардың бірімін, парасатты, мағыналы ғұмыр кеше беріңіз» деп пікір айтады. Иә, ол өмірдің мәні – адал тірлік кешуде, ешкімге қарыз болмай жүруде деп білді. Жамандық жасамай күн кешуге ­тырысты. Айналасындағылардың қамықпауын, қиындық көрмеуін, бақытты болуын ойлады. Қаламын осы жолда серт етті. Ес білгеннен төңірегіне мамыражай жағдай жасауға міндеттімін деп санағандықтан ба, қандай келеңсіздікті де қалам ұшынан тыс қалдырмады. «Егер әркім айналасына елгезек те сергек қарап, қас-қабақтарын бақылап жүрсе, суицид, өшпенділік, кек, қайғы-қасірет азаяр еді. Біз өзімізден басқа ешкімді көрмейміз, өзгенің қамын ойламаймыз. Қазір бір-бірімізге сырымызды, мұңымызды айта алмаймыз. Бәрі жұмбақ, бәрі жабық. Тіпті, бала-шағамыздың, жақынымыздың жүзіндегі қауіп-қатерді де аңғармаймыз. Томаға-тұйық күй кешіп жүргендердің ақыры өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталған қанша аянышты жайттың алдын алуға болар еді, шіркін» дейді ол.
Қазақ журналистикасының төрінде жүр­ген мықты қыздар көп емес. Санаулы ғана. Сол санаулылардың қатарында Мағира Қожахметованың есімі ерекше аталады. Әр жазбасы көркем дүниеге бергісіз ­публицистің журналистикадағы өмірі сәтсіз болған жоқ. Мағира Қожахметованың шығармашылығы туралы дипломдық жұмысын қорғаған Жұлдыз Тойбек: «Жур­налистиканың ауыр жүгін арқалап арамызда жүрген майталман қаламгерлерді жаңа ұрпаққа таныстыру – біздің парызымыз. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіндегі 1 курс студенттеріне өтетін «Онлайн БАҚ жұмысын ұйымдастыру» сабағыма қазақ журналистикасында әйел журналистердің көшбасшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы Мағира Қожахметова апай­дың шығармашылығын арқау еттім. Лекция оқып, өздік жұмысын жаздырдым. Өздерінің жұмыстарында білім алушылар Мағира апайдың журналистикасына кеңірек тоқталып, жеке пайымдарын жазған» дейді. Ал, Съезд Абайқызы: «Алыстан сәлем жолдауды жөн санадым. Өйткені, Мағира бар Алашқа ортақ тұлға. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Мағираның шығармашылығы жайлы соңғы кезде талдаулар жүріп жатыр. Бұл заңдылық та. Жас ұрпақтың санасына жылылық құяр танымдық дүниелерді таныта білу арқылы біз ұрпақ тәрбиесіндегі парызымызды өтеп жатырмыз деген сөз. Қазір Мағира шығармашылығымен Моңғолия қазақтары да жақсы таныс. Кәрі тарихтың қатпарлы беттерінен, ақтаңдақ жылдардан сыр шерткен көркем дүниелер жүректі баурап алады. Қоғам киген қамыт жалпыға ортақ. Сонау зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккен қазақтың аяулы қыздарының өмірі жайлы да оқырман Сіздің шығармаларыңыз арқылы оқып білді. Оқулықтардан үзік-үзік өлеңдерін білетін. Мариям Хакімжанова, шығыстың жарық жұлдызы атанған Мәншүк Мәметова өмірі жайлы оқырман біледі» дейді.
Оның тағдыр туралы жазған мақалалары әлі де өзекті. Адам туралы жазуын өзі ­былай деп түсіндіреді: «Кез-келген ақын, ­жазушы, журналист – ең алдымен психолог. Сондықтан, әркімнің өз формасы, әдіс-тәсілі бар. Қаламгерлердің көбі адамның жан дүниесін ашуға, зерттеуге тырысады. Бірақ, әркімнің деңгейі әртүрлі. 13 жасымнан күнделік жүргізіп, түстерімді жазып қоюға әдеттендім. Сол кезден басталған хоббиім әлі күнге жалғасуда. Әрбір адам – қайталанбас тұлға. Ең нашар деген адамның да қасиеті болады. Менің міндетім, сол адамның бойындағы басқаларға көріне бермейтін қарым-қабілетін зерттеп, өзін өзіне таныту, рухын шыңдау, абыройын асыру, жолын ашу».
Журналистика мектебінде әбден шыңдалған Мағира Қожахметова бүгінгі әріптестерінің кейбір қылығы туралы: «Кемшілік кез-келген адамда болады. Мұны байқасам да, айтпадым. Өте көп адамдармен сырластым. Небір атақты жандардың осалдығына мән бермеуге тырысатынмын. Бүгінгі журналистика таңдаған объектісінің жыртық-тесігін әшкерелеуге, сәтсіздігін көрсетуге, соны жалпақ жұртқа жариялауға жақын тұрады. Өмір-өнерлерін зерттеп, жиі араласқан небір атақтылардың өзім ғана білетін құпияларын, кемшілігін жазсам, алыс, жақыннан өзім көрген әділетсіздікті, сатқындықты жайып салсам, нағыз сенсация жасап, бүгінгі талғамсыз оқырманның сүйікті авторына айналуым әбден мүмкін. Бірақ, бұған титтей ықыласым жоқ. Қазір телеарнаға қарасаңыз да, газет-журналдарды парақтасаңыз да «арзан» сенсация қуу» деп ашығын айтады. Сөйте тұра, «Журналис­тиканы көркем әдебиеттен биік қоямын. Журналистерді де жоғары бағалаймын. Тілші, редактор болудың ғажап стихиясы бар, соның ағысымен малтығып, көркем дүниелерімді шығаруға асықпаппын. Әңгімелерім, романым өте кеш шықты. Ал, замандас әріптестерімнің алды он томнан асырып, толық шығарма жинақтарын шығарып үлгерді. Көп томдықтарын шығарып тастағанына мәз-мейрам. Мен бұған қайран қаламын. Қазір жазған дүниеңді ешкім оқымайды. Әрі оның құны жоқ, қаламақы төленбейді. Сондықтан да, кітабымды шығарғым келмейді. Адам өзін сыйлау керек. Кітап оқымайтын бүгінгі оқырманның бізді білмейтіні мені қызықтырмайды да, ең бастысы – кенеттен мазалаған тербеліс, тебіренісімді қалайда жазып үлгеруім. Өзімді қайталағым келмейді. Ай сайын бір әңгіме, жыл сайын бір роман жазуыма болар еді. Мен өзімнен басқа ешкім жаза алмайтын, өзімнен басқаның өресі жетпейтін дүниені ғана шығарғым келеді» деп ағынан жарылады.
Иә, журналистика, жазу – оның дерті, іңкәр махаббаты. Балалар журналын шығарудағы мақсаты – әрбір қазақ ­баласына «Сен мықтысың», «Сенен дарынды азамат шығады», «Сен біліміңді шыңдай түссең, елге абыройлы еңбек етесің» деп жолын ашу. Қазақ баласының білімнің күшімен, ақыл, санасының құдіретімен қатарға қосылуын көздеді. Ал, «Дертке дауаны» шығарудағы міндеті – адамдар өзін-өзі өлтірмесе екен, мүгедек болмаса екен деп шын жүрегімен тілеген аналық көңілінің парызы. Кез-келген адам ауруын, қиындығын жеңе білсе деген іңкәр көңілден туған тілек.
Міне, қаламгер ұстанымы, қаламгер ойы осындай.
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

 

Сөзіне адал

Мағира Қожахметоваға

Мағира апа, Алматы жақта жүрген қыз,
Көкшеде біздер қашанда сізбен біргеміз.
Сіз жақтан қандай жаңалық бар деп қуантар,
Құлақты жиі қарт Алатауға түргенбіз.

Көкшеден жүрген алқалы топта батыр қыз,
Сөзден талай саф алтын құйып жатырсыз.
Алысқа кетті шығандап жүйрік тұлпардай,
Мағира деген біздерге ыстық атыңыз.

Ойлап бір қою мықтыларымды парыз деп,
Отырмын бүгін апатайымды тағы іздеп.
Сіз туған өңір Зеренді деген жұмақ жер,
Әттең бір, ару Алматымыздан алыс тек.

Сонда да жолды сағыныштармен жалғайсыз,
Туған жер десе қанат бітетін жандайсыз.
Тамырға тартып, қаламға шарпып өмірін,
Көкшеден мына шыққаны ғажап сондай қыз.

Біз өскен өлке, қара суының дәмі бір,
Апама тағы Қошқарбай тауын сағындыр!
Келіп бір қалсын, адамы түгіл, тасы да,
Сөзіне адал дүлдүл қыздарын танып тұр!

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар