Қазіргі Қанай би ауылының деректерін жазу үшін сонау Алтын Орда заманына шегінуге тура келеді. Ағаларымыздың көпшілігі Қанай би бабамыз Қарабұлақ ауылында (қазіргі Қанай би) туған деп жазады. Егер тарихи деректерге сүйенсек, қасиетті Қанай бабамыз Сыр бойында туып-өсіп, Қаратау маңайында көшіп-қонып жүрген, сол жақта би, шешендік атағы шыққан. Әуелгі ата жұрты Сыр бойы, Түркістан болса керек. Осы деректерді бұрынғы дүниеден озған көнекөз қариялар да және Қанай би ұрпағының бірі – ғасыр жасаған абыз ақсақал Өзбек Елемесов те бірнеше рет айтып, тағы да ұзақ жылдар бойы шаруашылық және партия қызметтерін атқарған Бәйекең Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов марқұм ақсақал да қостап, растап еді. Негізінде, орта жүз рулары атап айтқанда, арғындар ертеде парсы елінен Түркіменнің Қарақұм шөлін қақ жарып, Амудария өзенінің бойын жағалай көшіп-қонып, қазіргі Үргеніш, Ташауыз, Нүкіс жерлерінен орын теуіп, Арал теңізін тегіс билеп, көп жылдар бойы Сыр бойын жайлайды.
ХІІ ғасырда Шыңғыс хан жойқын шабуыл жасап, Түрік қағанатын толығымен өзіне қаратып, Дешті Қыпшақ даласын еркін билеп, Алтын Орда мемлекетін құрды. Уақыт өте бұл мықты мемлекеттің де қабырғасы сөгіліп, атақты Ақсақ Темір әмірдің 1391 және 1399 жылғы шабуылдарынан кейін Алтын Орда әлсіреп, Қазан, Ноғай, Қырым, Қазақ, Өзбек, Сібір хандықтарына бөлінді. Осы кезде ел астанасын Сығанақ қаласы етіп, Болат ханның баласы Керей мен Барақ ханның баласы Жәнібек қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Сарыарқаның ортасы мен Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы деген жерде 1456 жылы орта тікті. Сол уақыттан қазақтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсіп, яғни, Қазақ хандығы атанды. Десек те, Жәнібек пен Керей хан Қазақ хандығын құру үшін бөлініп шыққан кезде 200 мыңдай халықтың көпшілігі арғындар еді. Солардың ішінде бірнеше хандардың ордасында оларға адал қызмет көрсетіп, орданың сенімді жауынгерлері болған атығай, қарауыл, уақтың жігіттері еді. Кейін Абылай да Сабалақ деген лақап атпен қазақ жерінің оңтүстігінен солтүстікке, яғни, атығай, қарауыл, уақ руларына сенімді жауынгер рулар екеніне сеніп, бекерге келген жоқ. Абылай келген елінің басшылары мен адамдары өзін қолдайтынына, қорғайтынына бек сенімді болған. Қалай десек те, атығай, қарауыл рулары ХІІ ғасырда және ХІІІ ғасырдың бірінші ширегіне дейін Сарыарқаның солтүстігіне әлі де жайыла қоныстанбаған еді. Өйткені, қазақ елінің Солтүстік тұсы Сібір хандығы Көшім ханның иелігіндегі жерлер еді. Ресей империясының жасақтауымен құрылған атаман Ермактың мұздай қаруланған, от шашатын зеңбіректеріне дейін әбден толығымен дайындалып келген қарақшыларына он жылдай қарсыласқан он жеті ұлымен Көшім хан жеңіліс тапқан. Әр ұрысқа қарамағындағы елдерден жауынгер жігіттер жинағанда, осы оңтүстік Сібір ойпатына жататын Сарыарқаның солтүстігіндегі арғынның талай боздақ жігіттері де аянбай соғысып, Көшім ханға көмектесіп, жеңіліс тауып қыршын кеткен.
Осылай солтүстік Арқаның жұрты да сирексіп қалып селдіреп, жайлауларының біразы жерлері иесіз босап қалып еді. Сонау ықылым аласапыран заманда ел басына ауыр күн туып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен ел үшін, жер үшін жан беріп, жан алысқан уақытта арғындардың ішінде нақтылап айтсақ, желкілдеген Жеті Момын балалары, атап айтқанда, Қарасопыдан Қарақай, Атығай, Кенжесопыдан Тобықты, Қанжығалы, Бәсентиіннен: Әйтен, Бәйімбет, Жанай осы Арқаға қарай біртіндеп жылжи көше бастаған. Бұл 1720 жылдардың орта шені, шапқыншылықтың нағыз үдеген шағы болатын. Бұл қоныс аударудың өзі де бірнеше жылдарға созылды.
Тарихи деректерде, оның ішінде Шәкәрім қажының шежіресінде, атап айтқанда, «Еңлік-Кебек» дастанында арғындардың жаңа қонысқа орнығуы нақты басы ашық тарихи деректерімен суреттеледі. Көш Мұғалжар тауынан асып, Торғай, Кеңгір, Ырғыз, Обаған өзендерінің бойларына келген.
Алаштың данышпан, ғұлама ақыны Абай Құнанбаевтың бабалары Ырғызбай, Кеңгірбай осы көшке байланысты тобықтының белгілі әулет басшылары еді. Көп заманнан жұбы жазылмай келе жатқан Жеті Момын балалары ішіндегі келіспеушіліктен тобықтылар кейін бөлініп кетіп, Шыңғыстау жағына көшіп еді. Олар орыстардан сескенген болатын. Атығай, қарауыл, уақ рулары осы қазіргі Қостанай облысындағы Обаған, Тобыл өзендерінің бойына келіп қоныстанған. «Қазақ хандығының Ресей империясымен дипломатиялық қатынасы» атты кітапта «Итқара Қанайбиев батыр қарамағындағы қарауылдардың екі мың түтінімен Обаған жақтағы ата жұртына көшіп кетті» – деген дерек бар, яғни, бұл Қызылжар, Көкшетау, Бурабай жеріне көшіп келгеннен кейін Итқара батырдың қайта кері көшкен кезі. Бұл кез жоңғарлардың екінші шапқыншылығынан соң 1741 жылдар еді. Атығай, қарауыл, уақтардың көштері әлі жылжып қозғалып, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы, яғни, Қызылжар жеріндегі Явленка, Корнеевка селоларының маңына келіп көш басын тіреген. Осы жерлер Дәулеткелді байдың Қызылжар маңайындағы жайлауы, ал, қазіргі Қанай би ауылы тұрған Дәулет көлінің маңайы қыстауы болған.
Кейін Абылай хан ордасын Көкшеге, соның ішінде қазіргі Кенесары ауылының аумағына да тіккен соң, орданы жағалай солтүстік жағына атығайлар, оңтүстік жағына қарауыл Қанай би ауылы қоныстанып, қазіргі алты ауыл Қанай би ұрпақтарының ауы-
лы атанып, өсіп-өніп, заман көшімен ілгері басып жүріп жатыр.
Ахметбек Сайлау.