Тіліміздің болашағы – латын әліпбиінде

Әр ұлттың өзіндік ең басты ерекшелігі оның тілінде екені белгілі. Тілдің дамуы, өркендеуі ұлтымыз үшін өте маңызды. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін!» деп Ахмет Байұрсынұлының айтып кеткені көбіміз әлі күнге соңына дейін түсіне қоймаған қазақ әліпбиіндегі өзгерістердің кемел келешек үшін жасалып жатқан маңызды қадам екенін ұқтырады.

Әлемдік ғылыми, тілдік кеңістікке кіру үшін латын негізді әліпбиге көшудің маңызы жайлы түрлі әлеуметтік желілер мен дөңгелек үстелдерде талай айтылып, жазылып та келеді. Латын әліпбиі түркі халықтарына ортақ әрі әріп қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімді болып келетінін ескерсек, жаңа әліпбиді жатсыну жөнсіз екенін түсінеміз. Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшудің барлық алғышарттары мен дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Әрі қарай ел болып толық көшудің маңызын түсіну үшін жаңа буын өкілдеріне істі аяғына жеткізу үшін жұмыс жетерлік.
Әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеріп, алдыңғы шептегі дамыған озық елдердің қатарына қосылу үшін әліпбиді ауыстырсақ, алдағы мақсатымызға жақындай түсеміз. Қазіргі таңда халықаралық терминологияның тілі, медицина мен басқа ғылымдар тілі көбінесе осы латынша жазылады. Болашақ ұрпақ ғылым тілін меңгеріп, әлемдік озық еңбектерді еркін оқи алса, мұның біздің елде ғылым-білімнің біршама алға басуына септігі мол. Халықаралық мәдени-рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына да ықпалы аз тимейді. Солай екен, өркениеттіліктің ең бірінші сұранысы болып саналатын әліпбиіміз – латын қарпімен болғаны біздің елдің болашағы үшін жасалған игі қадам.
Қоғамдық ортада зиялы қауымның басым бөлігі тарапынан латын әліпбиіне көшу мәселесі қолдау тапты. Әйтсе де, халықтың болашағына алаңдаған зиялылар латын қарпіне асығыс көшкен кейбір елдердің қателіктеріне ұрынбау керектігін әлі де айтып келеді. Түркия латын әліпбиіне көшкен кезде өздерінің төл қарпі «Қ» әрпінен айырылып қалғаны бар. Артық қыламыз деп тыртық қылып, осындай олқылықтар орын алып, тіліміздің табиғатына нұқсан келмейтіндей әліпбидің жетік нұсқасын жасай алсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ел ішінде әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Бұл – қате түсінік. Қазіргі қырық екі әріпті латын әріптерімен жай ғана алмастыра салсақ, одан ештеңе өзгермейді. Басқа тілдің сөздері тілімізге еркін еніп, лексикалық жүйесінде өзге сөздердің салмағы арта түсуі тілді өшірмесе, өсіре қоймас. Өзге тілдің дыбысы тіліміздің табиғи заңдылықтарын бұзып, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп, айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей жатқан уақытта жаңа әліпби жақсы, нәтижелі өзгерістер әкелер деп күтудеміз. Әліпби өзгерту мәселесі тек осы мәселелерді шешуге ғана емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Тіліміздің бай сөздік қоры мен оның кез-келген нәзік иірімдерді де дәл жеткізе алатын мүмкіндігі мол екендігін ұмытпағанымыз жөн. Біздің ендігі басты міндетіміз – тіліміздің табиғатын ерекшелеп тұратын төл әріптерімізді сақтай отырып, жаңа әліпби жасап, еліміздің даму жолындағы жаңа батыл қадамдарды бастап кету. Бұл – жауапты әрі мықты қажыр-қайратты қажет ететін қадам. Ел болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері осы жолда аянбай еңбектенсе, өзінің үлесін қосса, бағытымыз анық, мақсатымыз биік, болашағымыз айқын болары сөзсіз.
Жуырда жетілдірілген әліпби жобасы кезекті рет ұлттық комиссия қарауына ұсынылды. Демек, жаңа әліпбиді бекіту кезеңі жақын. Осы жолда алдымен, ұлт мүддесі бірінші орынға қойылып, жаңа әліпбиіміз діттеген ойдан шығып жатса әрі қоғамда өз қолданысын тапса, нұр үстіне нұр.
Гүлжазира Арынбекова,
Қорғалжын аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар