Иә, кіндік қаның тамған жерің мен елің әрқашанда азаматымен ажарлы, мақтан тұтар асылдарымен еңселі. Бұл атадан балаға дейін жалғасып, қанымызға сіңіп, дәстүрге айналған қалыпты жайт. Ақмола облысының Шортанды ауданында да жарқырата көрсетіп, парасат- пайымын алға тартуға болатын, өздерінің қажырлы еңбегімен талай-талай биіктерді бағындырып жүрген басшы азаматтар аз емес. Осы әңгіменің арқауы болып отырған Амангелді Сыздықов сондай жандардың бірі. Іскер ұйымдастырушы абзал да сертіне берік азамат жайлы әңгімемізді түйіп-түйіп толғауды жөн көрдік. Екінші жағынан дәл бүгін Әбекең 75-ке толып отыр.
Тағдыр десеңші… Сұрапыл соғыс аяқталған соң дүниеге келгендердің балалық шақтарын елестету қиын-ақ. Ел әлі де болса еңсесін толық жиып үлгерген жоқ. Барынан жоғы жиі кездесетін бұл қиын кезең еді. Соғыстан кейінгі жүдеу жылдарда ел тұрмысы онша оңала қоймаған кез болатын. Осындай таршылық кезеңде Сыздықовтар әулетінде дүние есігін ашқан сәбидің бірі Амангелді болды. Есімінің осылайша атануын әкесі Хамзе өзі қалады. Ондағысы тұңғыш баласы аман-есен өссін және халық арасында есімі аңызға айналған ұлт мақтанышы Амангелді батырдай жігерлі болсын деп ырымдаған еді.
Хамзе ақсақал соғыстан кейінгі қиын жылдарда республикадағы колхоз-совхоздардың жұмысын өрге бастырып, шаруашылықтың сан- саласын жетік меңгерген ұйымдастырушылардың бірі болатын. Өз ісі мен сертіне берік Хамзе сияқты азаматтардың ұйымдастырушылық қызметтерінің арқасында Қазақстандағы колхоз-совхоздардың экономикасы нығайып, еңбекшілердің әл-ауқаты көтеріле бастады. Сыздықовтардың әулетінде де жағымды жаңалықтар болып жатты. Хамзе ағай мен Күлиля тәтей Амангелдіге серік болсын деп, дүниеге бірінен соң бірі келген торсықтай төрт ұлды – Сатыпалдыны, Абайды, Жамбылды және Елболсынды әкелді. Ауылда сол жылдары шілдеханалар мен үйлену тойлары жиілей бастады. Ауыл жастарының оқып білім алуларына жеткілікті жағдайлар жасалынды. Орта және жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың көбі ауыл жастарынан болатын. Олар туып-өскен ауылдарына келіп, туған жердің мәдениеті мен әлеуметтік саласына жан бітірді, елдің әл-ауқатының көтеріліп, дамуына ықпал етті. Сондай ортада өсіп, орта мектепті бітірген Амангелдінің алдында бірнеше таңдаулар тұрды. Кейбір жастар сияқты ірі қалаларға барып, бағын сынап жоғары оқу орнына түсуге де болар еді. Алайда, шаруашылықты басқарып жүрген әкесінің аузынан жұмыс қолының тапшылығы мен трактор-комбайн жүргізетін механизаторлардың жетіспеушілігіне байланысты талай ренжіп айтқан сөздері Амангелдінің ойын басқа жаққа бұрды. Ол көп ойланбастан әкесі басқаратын «Бозайғыр» совхозында қарапайым жұмысшы болуды ұйғарды. Әкесі де ұлының бұл шешіміне қарсылық білдірмеді.
Мектепті үздік бітірген жалынды жастың жүрегінде асқақ арман, үлкен мақсат оты маздап жататын әдеті емес пе. Ел мен жердің пайдасына жарап, еңбегін, білімін соған арнағанға не жетсін! Ауылда қарапайым жұмысшы болып істеген балаң жігіт Амангелдінің де бір жыл ішінде түйген арман мақсаты да болмады деп айта алмаймыз. Ол алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалауды жөн көріп, аудандағы №47 ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын училищеге құжат тапсырып, емтиханнан сүрінбей өтті. Осы оқу орнын бітіргеннен соң бір жылдай өз совхозында тракторшы болып істеп жүрген жерінен училище басшылығы келіп, Амангелдіні өндірістік оқу мастері ретінде училище түлектеріне ұстаздық етуге шақырды. Сол жылдардағы училище түлектеріне берген тәлім-тәрбиесі мен тәжірибесі Амангелдінің біраз жылдар бойы өзі туып-өскен Ключи ауылындағы мектепте оқушыларға сабақ бергенде кәдеге жарады. Өз ауылының ойы мен шұңқырын, қай жерде жатқан тауы мен тасын жетік білетін Амангелді үшін туған жерінен ыстық ештеңе жоқ еді.
–Туған өлкеге тең келер не бар дейсің! Қазақстанда табиғаты келіскен, таңғажайып өңірде дүниеге келгенімді мақтан тұтам. Өлкеміздің асты-үсті тұнба байлық. Бірін игерсек, екіншісін игере алмай жатамыз. Оның бәрі шетінен ел қажетіне жарап жатса, ауданымыз да облысымыз да көркейіп шыға келер еді. Оған мен кәміл сенемін, – дейді Амангелді бір толғанысында.
Иә, өзі туып-өсіп, еңбек жолын бастаған тракторшы мамандығын игеріп, одан соң ауылындағы мектепте сабақ берген бес жылдай уақыт аралығында жас жігіт Амангелді біліктілігімен, тындырымды іс-әрекетімен, көпке жағымды мінездерімен көзге түсті. Не тапсырылса да ынта-ықыласымен атқара білді. Жас маманның осындай іскерлігін байқаған аға буын өкілдері де білгендерін айтып, іске баулыды, болашағынан үміт күттірер деп оған сенім артып, партияға қабылдады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдың ортасына дейін Амангелді Сыздықов Шортанды аудандық комсомол комитеті мен аудандық партия және атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Аудандық партия комитетінің жетекшілері Амангелдінің іскерлік тәжірибесін ескере отырып жас та болса оны жұмысы құлдырап бара жатқан сондағы СПТУ-15-ке директор етіп тағайындады. Амангелді Хамзеұлының сөзіне қарағанда, бұл училище оның болашақ лауазым қызметтеріне жол ашқан құтты мекеменің бірі болған екен. Ол осы мекемеде директор болып істеген үш жылдың ішінде училище жұмысын шын мәніндегі білім мен тәжірибені ұштастыра алатын білікті жас мамандарды даярлайтын құтты оқу-тәжірибелік мекемеге айналдырды. Оқу-тәрбиелік үрдісті жоғары деңгейге көтерді, училищені бітірген түлектер ауыл шаруашылығы техникаларының әртүрлі маркаларында еркін жұмыс істей алатын шеберлікке қол жеткізді. Өндірістік сабақ беретін мұғалімдер мен мастерлер теория мен тәжірибені ұштастырудың арқасында кәсіби деңгейлерін көтере білді. Оған қоса оқу және материалдық базаны да нығайта түсті. Оқудың бәрі жаңа шыққан тракторлар, комбайндар және автомобильдер негізінде жүргізілді. Соның арқасында училище республикалық және облыстық жарыстарда үнемі жүлделі орындарды иеленді.
Амангелді Хамзеұлының қоғамдық-саяси өмірге араласа бастаған кезеңі өткен ғасырдың 1970 жылдарынан басталады. Аудандық комсомол, партия, атқару комитеттерінде одан соң Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі, кәсіптік-техникалық училищенің директоры болып 1989 жылға дейін әртүрлі қызметтер атқарды.
Әрине, аттай жиырма жылдық осы кезеңде ол өмірдің не екендігін біршама танып, оң-солын берік ажырататындай үлкен тіршілік соқпақтарынан өтті. Одан кейін бес жыл «Шортанды» кеңшарының директоры болып, жемісті еңбек етті. Үйленді, Петропавлдағы индустриалдық-педагогикалық техникумды тәмамдады, оны азсынып жоғары экономикалық білім алды. Бір кіндіктен тараған бес ағайынның үлкені атанды. Жасампаз еңбектің қызығын көре бастағанда кенеттен жары Торғын дүниеден озды. Қайғы айтып келмейді дегендей, жарының топырағы кеуіп үлгермей жатып, бірнеше күннен кейін анасы Күлиля бақилық жолға аттанды.
Қимас сезім қинағанмен сұм ажалға кім араша түседі?! Ең жақын адамдардың қазасы көздің жасымен, көкірек жанымен қабырғасын қаусатып кеткенімен Амангелді өзін-өзі қолға алып, қолында қалған қарт әкесі мен інілерінің болашағын ойлады, соларға қамқоршы болатын өзі екенін ұқты. Амангелдінің осындай қиын жағдайға тап болғанын сезген әкесі Хамзе:
– Балам, қайғы-қасірет айтып келмейді. Сағымызды сындырып кеткен бұл жағдайды тек жігермен, тынымсыз еңбекпен ғана жеңе аласың. Мына інілеріңе енді өзің ғана бас-көз бол. Мен де көп ұзамаспын. Берік бол балам, – деп Хамзе ақсақал Амангелдіге інілерін аманаттап кетті. Амангелдінің сөзіне қарағанда сол кезде оны тұйықтанудан құтқарған тек қана жұмыс еді. Жұмыс болса ол шаш етектен болатын. «Шортанды» совхозын басқарған жылдары ол негізінен жергілікті кадрларға арқа сүйеді. Соның арқасында бөлімшелердің жетекшілері ауыл шаруашылығы өнімдері өнімінің артуына қол жеткізді. Алдыңғы қатарлы тәсілдерді және жұмыс күшін тиімді пайдаланудың нәтижесінде еңбек өнімділігі едәуір артты.
Шаруашылық жыл сайын тұрғын үйлерді пайдалануға беру мен абаттандыру жарысында үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Екі елді мекенде тұрғын үйлер мен өндіріс және әлеуметтік салаларды жүз пайыз газ отынымен қамтитын қазандық салдырды. Екі шағын елді мекендегі үйлерді электр қуатымен, ыстық сумен жылыту ұйымдастырылды. Совхоз өндірісі мен әлеуметтік салада істеген ардагерлерге көрсетілетін көмек ешқашан назардан тыс қалмады.
1994 жылы облыстық мәслихатқа депутат сайлау кезінде аудандағы сайлаушылардың басым бөлігі Амангелді Сыздықовтың кандидатурасын қолдап, облыстық мәслихат депутаты болып, ал, көктемгі ұйымдастыру сессиясында Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.
Иә, Амангелді Сыздықов хатшылық жасайтын облыстық мәслихат облыстағы өкілетті буын. Халық сайлаған беделді орта. Мүмкіндігінше, ел мен жұрттың еркін білдіреді. Облыстық әкімшілікпен бірлесіп көптеген жұмыстар атқарады. Облыс бюджетін бекіту, өзгеріс енгізу, кіріс-шығыс жағының бәрі мәслихаттың құзырында. Заңдардың орындалуын бақылайды, көкейтесті мәселелерді сессияда қарайды.Өте өткір мәселелерді кезекті сессияның күн тәртібіне қояды.
Ақмола облыстық мәслихатында істеген бес жыл Амангелді Сыздықов үшін шыңдалу мектебі болды, адамдармен қоян-қолтық араласып, ел мен жердің сан қырлы сырын түсінуге мүмкіндік туды. Көпшілік ортада жүріп, әділдік пен шындықты өзіне серік ету керектігін пайымдады. Тірлік болған соң кейде әділдік пен әділетсіздіктің, шындық пен өтіріктің алмасып жататынына көз жеткізді. Кейбіреулер оны байлықпен, басқа тәсілмен тұншықтыруға тырысады. Зиялы қауым өкілдерімен немесе мәслихат депутаттарымен әңгімелескенде азаматтардың әділеттік үшін күресуі арқылы халықтың билікке деген сенімін арттыруға болатынын үнемі жалықпай айтып жүрді.
Әсіресе, бұл пайым А.Сыздықовтың Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына сайлануға түскен кезде кәдеге жарады. Қай жерде болмасын, кімдермен кездессе де Амангелді Хамзеұлы шындықты шырылдатып айтып, одан бірде-бір ауытқымады. Сол саяси сайыс кезінде Амангелді кейбір дос болып жүргендердің қандай бір сатқындыққа барғандарына көз жеткізді.Тіпті кезінде қылмыс жасап, сотталған адамды ақтатып алып, түрмеден өзі шығарған кісінің Сенат депутаттығына түсу кезінде баламалы кандидаттың командасында жүргенін көріп Амангелді жағасын ұстады, бірақ, бұл оқиға оның сағын сындыра алмады. Қайта бәйгеге түскен тұлпардай жігерін жанып, шабытына шабыт қоса түсті. Асылы жүйріктер сын сәтте көсіледі емес пе. Амангелді де сол науқанда ашылып, өзін облыс халқына таныта білді. Тәуелсіздік қоғамының сайланбалы саланың сап түзеп, қалыптасып, қоғамда күш алуына бар қабілет-қарымын салды. Ақыры сол тынымсыз еңбегі жанды. Ақмола облыстық мәслихат депутаттарының басым көпшілігі сенім артып, Амангелді Хамзеұлы Сенат депутаты болып сайланды.
Осы қызметте жүріп, азаматтығын, кісілігі мен кішілігін, биік парасатын алға тартып отырды. Білімді, білікті ұйымдастырушылық қабілеті мол, іскерлігі мен еңбекқорлығы ерен азамат өзіне тапсырылған кез-келген жұмысты иіріп әкететін әдетінен ауытқымады. Сол жақсы қасиеті, әсіресе, еңбекқорлығы Амангелдіні осындай биік белестерге алып келді. Қолына алған ісін орнымен, жөнімен жүргізді. Ақ қардай жаны таза тазалықты қалай сүйсе, ісіне де сондай кірпияз болды.
Амангелді Сыздықовтың ең көлемді де маңызды еңбегін атап айтсақ жарасымды болар. Өз кезінде Ақмола облыстық мәслихатының алғашқы құрылған күнінен бастап, қалыптасқан кәсіби дәрежесіне жеткенше оның аяғынан тік тұрып кеткенінше үлкен үлес қосуында, басы қасында болуы. Облыс мәслихатының көшін бастады, тізгінін сенімді қолмен ұстады. Жақсы күндеріне қарай жолын бастап, жақсылығына қуанды, жетістігіне жұбанды. Кейбір олқы соғып тұрған жеріне ойлана да толғана да, қапалана да білді. Өзі құрысқан, тұғырын биіктеткен Ақмола облыстық мәслихаты өмір көшімен алға жылжып барады. Қандай бір өкілетті органға сайланған депутаттар Кеңес үкіметі тұсында қалыптасқан сайлаушылардың аманатын орындаумен жұмыс жасауды тәжірибеге енгізген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның өкілетті органдарына сайланған депутаттарда депутаттық аманат деген жоқ. Дегенмен, сайлаушылардан өтініш көптеп түседі. Сенатор Амангелді Сыздықовтың атына келіп түсіп жатқан өтініштері қоғамдық маңызы бар мәселелер еді.
Мысалы, Көкшетау қаласын сапалы жылу, ыстық сумен қамтамасыз ету проблемасын шешудің сәті түспей қойды. Арқаның қақаған аяздарында жылусыз отыру мүмкін бе? Ал, жазда ыстық сусыз отыруға бола ма? Талай жылдан бері күрделеніп қалған мәселелерді шешуге сенатор А.Сыздықов барын салды. Осы мәселеге салалық министрліктердің көздерін жеткізді. Өңірдегі тас жолдардың тозығы жеткенін парламенттің отырысында айтып, нақты дәлелдерді келтірді. Көкшетауды жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қосымша бір миллиард 129 мың теңгенің бөлінуіне себепші болды. Онымен қоса «Сілеті» су қоймасының мұқтажына 100 миллион теңге және бергіздірді. Осы қойманың үстінен өтетін көпірді салуға республикалық бюджеттен жарты миллиард теңге бөлгізді. Бұл Амангелдінің араласуымен жүзеге асқан көптеген игілікті шаралардың бір бөлігі ғана.
Сыздықовтың өмірлік кредосы әрқашан алғы шепте болу, қамығып келген бейкүнә адамдарға қол ұшын беру. Бұл қағиданы өмірлік ұстаным етуден Амангелді Сыздықов айнып көрген емес. «Иіліп сөйлескеннен белің бүгілмейді, сызылып сөйлескеннен сөзің үзілмейді» деген дана бабаларымыздың ақыл-өсиетін Амангелді Хамзеұлы үнемі жадында ұстап келеді. Әр адамның өмірі өзінше терең тарих. Уақыт – әзіл сыншы, мінсіз таразы. Қадыр-құрмет кімге де болса өздігінен келмейді. Мінез еңбекте шындалады. Еңбек Амангелдіні елге танытты, дос-жаранға сыйлы етті. Өмірде ізгілікті мұрат тұтқан, жүрегінің жылуы мол, артық сөзі жоқ, адал көңілді, имандылық пен кішілікті қатар сыйдырған жаны пәк, ары таза, жақсының сырласы бола білген ол өзінің білімі мен біліктілігін танытып, туған елінің ізгілікті мақсаты мен игілікті мұраты үшін еңбек еткен ұлағатты азамат атанды. Талай жылғы Әбекеңнің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның кеудесінде «Құрмет» орденімен бірге жиырмадан астам дәрежесі жоғары медальдар жарқырайды. Елбасының өз қолынан бірнеше Құрмет грамоталарын алғаны тағы бар. Қоғам және мемлекет қайраткері Амангелді Хамзеұлының пікірінше, өзі үшін марапаттың ең жоғарғысы – ол халықтың құрметі, жерлестерінің сыйы. Осы өңірде талай жыл еңбек еткенде осы қағидаға анық көз жеткізді.
Дәл бүгін 75-тің төріне шығып отырған Амангелді Хамзеұлы жайлы айтылған сырымыз осы. Қалғанын дос-жарандары, құрбы-құрдастары айтар. Менің қосарым Амангелді әке аманатын жерде қалдырмады. Ағасының қамқорлығының арқасында інілері үйлі-боранды болып, сыйластығы мен сырластығы жарасқан отбасын құрып отыр. Інілерінің бәрі жоғары білімді маман иелері, бала-шағаларын тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Әбекеңнің қазіргі жары Қаламқас екеуі өнегелі отбасының алтын босағалары. Шаңырақ құрған отыз жылдай уақыт ішінде төрт баланы тәрбиелеп өсіріп, оларды қатарға қосты. Олардың бәрі жоғары білім алып, еңбек етуде. Енді сол балалары Амангелді мен Қаламқасқа немерелер сыйлап, үй-ішін думанға бөлеуде.
Әр адам ұрпағымен мың жасайды дейміз. Әбекеңнің сол ұрпақтарының келешегі келісті, алар асулары биік болып, абыройлары асқақтай түссін. Нұрлы жүздерінен қуаныш, шаңырақтарынан тыныштық, құт-береке арылмасын дейік.
Мейрам Байғазин,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі.