Биіктен көрінген азамат

Кешегі өткен абзал ағаларымыздың көбі ел, қоғам, халық мүддесі деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеген абыройлы жандар болды. Осы орайда, Көкше өңірінің дамуында үлкен үлесі бар ел ардағы Елтай Зейнелғабиденұлы Айтхожин туралы аздап сыр шертуді жөн санадық. Оның үстіне осы ақпан айының 15-інде бұл абзал жанның туғанына 90 жыл толуы да бізді осындай бір аптал тұлғаны ел есіне салып, ардақ тұтуымызға міндеттейді.

Елтай Зейнелғабиденұлы 1931 жылы Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілдер ауданының Казгородок ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келеді. Әкесі Зейнелғабиден өзінің жолын жалғастырар жас нәрестеге барынша қуанып, есімін Елтай деп қойғызады. Алғашқы буындағы ел деген сөзіне қарағанда елжанды болсын, елім деп жүрсін, елім деп егілсін деп ырымдап, осы атты жөн көргенге де ұқсайды.
Ал, енді Елтай Айтхожинның 1938 жылы анасы Күләнда ойламаған жерден дүние салып, әкесі Зейнелғабиден көптің бірі болып Ұлы Отан соғысына аттанғаннан кейінгі балалық, жастық шағының қалай қалыптасқанын 2002 жылы қайтарынан бір ай бұрын ауруханада сырқаттанып жатқанында өз аузынан естіп едік. Әдетте бұл жағынан көп сыр аша қоймайтын ол кісі сол жолы дәрігерлер беріп жатқан капельницада жатып, өз өмірін еске алғандағы ойы, соны біздер, кейінгі ұрпақтары мен жақын туыстары білсін деген ізгі бір ниеттен туындады ма екен?! Әйтеуір, алдымен анасы, одан кейін әкесі қан майданда ажал құшып, ал, әкесі соғысқа дейін үйленген өгей шешесі кетіп қалып, өзі жалғыз қалғандығын, сонда да тағдыр тәлкегіне мойынсұнбай, онымен жағаласа жүріп, Казгородок мектеп-интернатын бітіргенін, одан әрі 1948 жылы осы өңірдегі қазақ балаларының ішінен жалғыз өзі бір көйлек, бір шалбармен арман қуып, Алматыға оқуға аттанғанын ақырын сыр қылып көкірегімізге құйып кетіп еді.
Содан Алматыда бес жыл оқып, ауыл шаруашылығы маманының дипломын алып, елге оралған да, мұндағы сеніп тапсырылған жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен. Осылай жоқтан жетіліп, Литовочный механикалық-жөндеу зауытының директорлығына дейін көтеріліп, сонда ел үшін аянбай қызмет атқарып жүргенінде сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің көзіне түсіп, қолдауына ие болады.
–Елтай шырағым, жұмысқа ебің бар екен. Ел үшін адал қызмет істейтін өзіңдей азаматтар көп болса деп жүрміз. Біз сені мына қызметіңнен партия жұмысына ауыстырсақ қалай қарайсың? Осыған не дер едің? – деп Еркін Зейнелғабиденұлынан сыр тартқанында:
–Аға, сенім артқаныңызға рахмет. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ал, партия қызметіне ебім келіңкіремейді. Сондықтан, осы орнымда қала берсем қайтеді, – деп жауап берген көрінеді.
Бірақ, жақсыны бірден танитын Еркін аға да өз сөзінде тұрып, ақыры, партия жұмысына ыңғай білдіре қоймаған Елтайды бәрібір Алматыға Орталық Комитетке әңгімелесуден өтуге жібереді. Екі ортада бір апта, екі апта өтеді. Елтайдан хабар жоқ. Бір күні Елтайды Келлер ауданындағы сол Литовочныйдан шақыртып алып:
–Барып келген шаруаң не болды? Басқадан емес, әдейі өзіңнен сұрайын деп алдырдым. Менің жіберген адамым біреуі де өтпей қайтып келген жоқ еді. Соның жөнін өзіңнен білгенді дұрыс көрдім, – дейді.
Сөйтсе, ол кісі әлі де бұрынғы қызметінде қалуды жөн көріп, партиялық жұмысқа қызықпай, мәселені созбақтап жүр екен. Сол арада әңгіме осымен бітіп, болашағына Еркін Нұржанұлының өзі мол сенім артқан білікті ауыл шаруашылығы басшысы бәрібір партиялық қызметке ұсынылады. Елтай Зейнелғабиденұлының аурухана төсегінде жатып, сол жолы айтқан бұл әңгімесі бәлкім, біз жас болғандықтан да, ол кезде өзіміз онша тереңіне үңілмеген жай ғана бір жағдай болып та көрінген шығар. Ал, әжептәуір жасқа келген бүгінгідей күні ойласаң, бұл Еркін ағаның қолынан іс келетін ұлттық кадрларды жазбай тануы, ал, Елтайдай інілерінің сол жауапты қызметке әлі де жүрексініп, әдеп, инабат сақтауы болса керек. Қазір ғой, қызмет берсе, оны атқара ала ма, жоқ па, бірден келісе беретіндері.
Сөйтіп, тікелей Еркін Әуелбековтің қолдауымен және азамат бойындағы асыл қасиеттерді тануымен Елтай Айтхожин Чкалов аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Алдындағы қызметтегідей бұл қызметте де өзін барынша көрсетіп, 1976 жылы Красноармеец аудандық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылады. Көршілес жатқан екі ауданның да әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына бар білімі мен күш-жігерін аянбай, көпшіліктің құрметіне бөленеді. Соның ішінде Елтай Зейнелғабиденұлын халқына жұғымды еткен басты қасиеті іскерлігімен бірге, кішіпейілділігі, адамдарға жақын болып, адалдықты, ар-ождан тазалығын ту етіп ұстауы еді.
Осылайша партия, кеңес жұмысында ысылған, бұрынғы Литовочный механикалық-жөндеу зауытындағы шаруашылық тәжірибесін жаңа қызметтердегі тәжірибесімен толықтырған абзал азаматты алда жаңа жауапты белестер күтіп тұрған болатын. Ол – Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметі еді. Елтай Зейнелғабиденұлы обкомның және кезекті партия пленумында аудан коммунистерінің сенім білдіруімен осы лауазымға 1981 жылы аяқ басты. Бұл кезде аталған ауданда партия комитетінің бірінші хатшысы болып белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ағамыз қызмет атқаратын. Атағы жер жарған ол кісіден басшылық эстафетасын қабылдап алу Елтай Зейнелғабиденұлына аса зор жауапкершілік жүктеді. Жасы жетіп, зейнет демалысына шыққан Баян ағамыздың басқаруымен бұл ауданның шаруасы қай жағынан алғанда да өрге басып тұрған кез. Енді сол жетістіктерді бір мысқал да кемітпей, өз деңгейінде ұстап тұру, шама келсе, одан әрі толымды ету жаңа хатшыны күні-түні ойландыратын.
Сондықтан, аудан экономикасы, әлеуметтік мәселелері үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, ерте тұрып, кеш жатып, жан-жақты толғануына да, батыл шешімдер қабылдап, нақты істерге баруына да тура келеді. Сол тұста біраз жыл қасында жүргізушісі болған Кәрібай Қарлықбаев ағамыз осы бір азамат ұмтылысын:
–Таңғы алтыда тұрып, көп совхоздардың біріне тартамыз. Алдымен ферманы аралайды, аяқ киімін ауыстырып, керзі не резеңке етігін киеді. Базға кіріп, бәрін өз көзімен жіті бақылап шығады. Мүмкіндігінше әрбір малшымен, сауыншымен сөйлесіп, жігер береді. Кеңшар басшыларына да бірінші айтатыны, осы ферма еңбеккерлерінің жағдайы. Өзі жетімдіктің тауқыметін тартып өскесін бе, қарапайым еңбек адамдарын жанына көбірек жақын тұтатын. Күзде орақ науқаны кезінде де көбіне комбайншы, механизаторлармен тілдесіп, жағдайларын сұрайтынын талай байқап жүретінмін, – дейді.
Осы сөздерден-ақ Елтай Зейнелғабиденұлының бар болмыс-бітімі, «ұлық болсаң, кішік бол» дегенге саятын адами келбеті жақсы аңғарылғандай. Сол жылдары табиғаты әсем, жері құнарлы, халқы еңбекқор аудан бұрынғы жетістіктері мен табыстарын баянды етіп қана қоймай, жаңа жоғары көрсеткіштерге қол артса, ол әрине, аудан басшылығының өңір халқын бір мақсат пен бір мүддеге жұмылдыра білуінің нәтижесі еді. Бұл ретте, ел игілігі үшін аянбай қызмет атқарған бірінші хатшының тұлғасы ерекше бой көрсетіп тұратын. Осы істердің бәрінде қолынан шаруа келетін әріптестері мен үзеңгілес шәкірттеріне арқа сүйеген Елтай Зейнелғабиденұлы Балтабай Таубаев сияқты жігерлі шаруашылық директорлары, Мұхит Қабдешев тәрізді партия қызметкерлеріне, Қабыкен Қоңқаев, Серікбай Белгібаев, Бексұлтан Баймұтов, шаруашылық партия комитетінің хатшылары болған Өмірзақ Әбділманов, Ғосман Төлеғұл, тағы басқа азаматтарға жол, жөн көрсетіп, соңынан ерте білді.
Аудан шаруашылығы сан салалы болды. Айдабол және Үлгілі ауданаралық арнайы мамандандырылған бірлестіктері ет молшылығын жасаса, қалған кеңшарларда төрт түлік, онымен бірге, егіншілік саласы мықтап дамыды. Ел Бүкілодақтық және республикалық жарыстарда зеренділіктердің сан мәрте ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алғандығының талай куәсі болды. Осылай Елтай Айтхожин ауданның әлеуетін нығайтуға күш салса, аудан ол кісінің атын шығарды. Отанымыз еңбегін жоғары бағалаған төрт орденнің екеуін осында алды. Кеудесінде қос Еңбек Қызыл Ту ордені қатар жарқырады. Ал, 1985 жылы жерлестері үлкен сенім білдіріп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Елтай Зейнелғабиденұлы өзінің табандылығымен бұл депутаттық мандатын да Көкшетау облысының, соның ішінде өз ауданының өсіп-өркендеуі, елдің мұң-мұқтажы үшін пайдаланды.
Осылай абырой-құрметпен, ешқашанда асқақтамай, көптің тілін таба біліп, сол Зеренді ауданын он жылға жуық табыспен басқаруының өзі ол кісінің қабілет-қарымының молдығын, нағыз халықтың өз ортасынан шыққан ел перзенті екенін көрсетсе керек. Қарапайым, жора-жолдасқа көңілі мол, қолы таза, дүние қумаған ол балаларын да осыған үйретті. Әр кезде Көкшетау облысының беделді бір азаматы болды. Қайда жүрсе де, жоғары жақ қай қызметке жіберсе де, биіктен көрінді. Оған біріншіден ақыл-парасаты, екіншіден, адамгершілік деген басты өлшемнен аспауы, ауытқымауы ықпал етті.
1955 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, инженер болып жүргенінде жан дүниесі, өмірлік ұстанымы да өзіне сай келген өмірлік серігі Шолпан анамызбен танысады. Қазір ол кісі 86-ға таяды, тыл ардагері. Ерінің қара шаңырағын ұстап, орнында отыр. Балалары да осындай аяулы әке атына кір келтірмей, отбасы абыройын жоғары ұстауда. Үлкен қызы Жанна Зеренді аудандық мұрағатында істейді. Бұл мұрағаттың негізін 1991 жылы құрметті зейнет демалысына шықаннан кейін Елтай Зейнелғабиденұлының өзі қалаған еді. Осы архивті ашып, өзіне тән жауапкершілікпен онда біраз жыл жемісті қызмет атқарған. Өзі сияқты ауыл шаруашылығы мамандығына ықыласы ауған Қанат деген баласының ұлы, яғни, немересі Серік елордамыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінде декан болып қызмет істеп, қазір докторлық диссертациясын қорғау үшін аспирантурада оқып жатыр. Өнегелі ата жолы осылай одан әрі жалғасып келеді.
1986 жылы өзімізде өткен жиналыста желтоқсандық жастарға бүйрегім бұрғаны үшін біраз сөз естіп, көңіл-күйім түсіп, осы үйге келдім. Алматыдағы болған жағдайдан хабардар ол кісінің да жүзі біртүрлі солғын тартып, ренішті күйде отыр екен. Сондағы:
–Біз де оңып отырған жоқпыз, қарағым, іш күйіп тұр. Қолдан келер дәрмен жоқ. Бірақ, бұлай кете бермес, түбі бәрі орнына келер, – деген сөзі әлі де көкейімде.
Адамгершілігі, жанының кеңдігі, құдаларымен араласқанда да жақсы көрініп қалатын. «Подлесный» кеңшарында ұзақ жылдар бойы ауылдық Кеңестің төрағасы болған әкем Нұрғали Шәкіржановпен өте жақсы араласты. Әсіресе, жасы келіп, жауапты жұмыстардан қолы босаған жылдары екі құда шахматты ермек етіп, ойын-күлкілері жарасып, қос асқар таудай еңсемізді көтере түсетін. Сонда осы бір көне ойынды да жақсы ойнайтыны қызмет бабында талай дәлелденген ойлау қабілетінің де жоғарылығынан-ау деген ой келуші еді. Жалғыз менің әкем емес, Төлеген Шабанов, Бегайдар Зейнуллин деген ел ағаларымен де қоян-қолтық бірге жүріп, бірге тұрып, кісіліктің де үлкен биігінен көрінген өнегесінің осы күні өскелең ұрпаққа да тие түскен шапағаты мол деп білеміз. Осы шаңырақтың күйеу баласы болғандықтан, інілерім Ержан, Нұржандардың да бірі сол Зеренді ауданының құрылыс, бірі спорт бөліміне жетекшілік етіп жүргенін қалайша асыл ағалардан жалғасқан жарқын жолға баламасқа. Осы күнге дейін қос құдағи – Шолпан анамыз бен өзімнің Қарлығаш анам екеуі бастары қосылса, ол кісіні жиі ауыздарына алып, немерелеріне «сенің атаң» деп отыратыны да халқымыздың аяулы перзенті Елтай Зейнелғабиденұлы Айтхожиннің өмірінің мәңгілігі.
Бір кезде Еркін Әуелбеков ағамыз іскерлік, азаматтық қасиетін дөп басқан белгілі тұлға аман болса, осы күндері тоқсан жасқа толар еді. Бірақ, арамызда жоқ болса да, есімі ел жадында ұмытылмайтынын уақыттың өзі, артында қалған жарқын ізі дәлелдеп келеді.
Мұратбек ШӘКІРЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар