Досқа тілек

Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқытушысы, әріптесім әрі досым Төлеген Өмірбек Шаймұратұлы жайлы айтар ой да, айтар сөз де көп әрине. Жақсы адам жайлы жақсылап айтып бере алсаң абзал. Бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан Өмірбек Шаймұратұлы жан дүниесі таза да адал болса, сол қасиетімен өзінің мамандығына да әрдайым адалдық танытып келе жатыр. Бұған Өмірбек досымның өмір жолы, атқарып келе жатқан жақсы да игі істері куә.

Біз екеуміздің таныстығымыз да, одан кейінгі достығымыз да Шоқан Уәлиханов атындағы сол кездегі Көкшетау педагогика институтының (қазір университет) студенттік аудиториясында басталған-ды. Студенттік шақтың қызықты дәуренін бірге өткіздік. Сол тұста жаңадан ашылған физика-математика факультетінің қазақ бөлімінің ұл-қыздары курс, топтарға бөлінбей жақын араласып жүруші едік. Өмекеңді оқу залынан, кітапханадан жиі кездестіруге болатын. Қол босай қалғанда жатақханада ұлдар арасында шахмат-дойбыдан өтіп жататын бейресми жарыстарда «чемпион» деген атақты да сан мәрте жеңіп алып жүретін.
Жоғары оқу орнын бәріміз де ойдағыдай аяқтап, әрқайсымыз әр тарапқа кеттік. Өзіміздің ұстаздық жолымызды бастадық. Сол тұста хабар үзіп кеткенімізбен, кейін оқуларымызды аяқтап, біраз уақыт аралас-
пай кетсек те, 1990 жылы Көкшетау қазақ педагогикалық училищесі ашылғанда қайта қауыштық. Міне, Өмірбек досым бұған дейін Щучьедегі педагогикалық училищеде еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтап келген болатын. Оның сонысы ескеріліп, ол бірден оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалған-ды. Әрине, жаңадан ашылып жатқан біздің училище үшін Өмірбек Шаймұратұлының тәжірибесі мен іскерлігі керек еді. Ол өзіне тән іскерлік және біліктілік қасиеттерімен оқу орнындағы оқу-тәрбие жұмыстарын дұрыс жолға қойылуына көп еңбек сіңірді. Әсіресе, бастауыш мектептегі, оның ішінде шағын жинақталған мектептердегі математиканың теориясы мен әдістемесі деген күрделі салада көп ізденді. Сонымен бірге, ғылым негіздерін меңгеріп, өзінің жинақтаған мол білімі мен тәжірибесін шәкірттерінің бойына дарыта білді, әлі де дарытып келеді. Өмірбек досым тек математиканы ғана емес, сонымен қатар, педагогика мамандығын да қатар игеріп, педагогика ғылымдарының магистрі атағына ие болды.
Адамның кескін-келбеті де оның кім екендігін айғақтайтындай, Өмірбек Шаймұратұлының жүріс-тұрысы да, мінез-құлқы мен сөйлеу мәнері де осы бір жанның ерекше бір жаратылысының қасиетін аңдатады. Оның тек өзіне тән ойнақы әзілдерінің өзі көңіліңді көркейтіп салары бар. Тіпті, мол пішілген дене бітімі де оның жан әлемінің де кеңдігін ұғындыра түседі. Тұла бойындағы осы бір қасиеттері Өмірбектің ұлағатты мамандық иесі – ұстаз екенін айғақтап тұрғандай көрінеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші оның осы мамандықты таңдауы да тегін емес болатын. Ұстаздық жолды таңдауына да және өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасуына да ең алдымен өз әкесі, ұлағатты ұстаз Шаймұрат Төлегенұлының өнегесі мен тәрбиесінің әсері де мол болғандығы анық.
Білікті ұстаз Өмірбек Шаймұратұлының «Бастауыш математиканың теориялық негіздері» оқулығы республикадағы барлық педагогикалық колледждердің бастауыш мектеп бөлімдерінде негізгі пән оқулығы ретінде қолданылады. Сонымен қатар, «Логикалық жаттығулар мен қызықты есептер» құралы да математика мұғалімдеріне өз тәжірибесінде пайдалануға таптырмас құрал болып табылады. Міне, осының бәрі Өмірбектің тынымсыз ізденісінің, қажырлы еңбегінің жемісі де болғандай. Сол еңбегі ескерусіз де қалған жоқ. Ол қазір «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төс белгісінің иегері болып отыр.
Біз ұлағатты ұстаз Өмірбек Шаймұратұлы өнегелі отбасының отағасы деп танимыз, білеміз. Жұбайы Бақыт Қазақстанқызы екеуі ұл мен қыз өсіріп, қазір немерелерінің ардақты да асыл ата-әжесі болып отырған жандар. Қазіргі таңда алпыс жастың асқарына шығып отырған Өмірбек досыма шын көңілден мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасының ынтымағы мен берекесін тілеймін. Шәкірттерінің сүйікті ұстазы болып, әрдайым биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспін.

Тілеуғабыл АХМЕТОВ,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің
математика пәнінің оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар