Күрделі кезеңде жанашырлық та, жауапкершілік те қажет

Төтеннен келген тажал дерт адамдарды бір-біріне барынша жақындастырып, бауырластырып, қам көңілге қамқоршы болуға себеп болып отырғандығын айқын аңғаруға болады. Халық қай кезде де дәл осындай ел басына күн туған шақта тұтаса бірігіп, еңсені езген ауыртпалыққа иықтарын төсеп, бірлесе көтеріп алатын. Қазір де осы бірлікпен әдіптелген жан жадыратар жылылықты қолы қысқа әлеумет айқын сезініп отыр.

Осындай ізгі ниетті жас толқынның бойынан байқаған кезде үміт оты лаулай жанатыны бар. Олардың жан жылуы жаман тұмаудың жан ауыртар қатыгез көрінісін жібіте түскендей. Жалпақ әлемді жан алқымнан алған дерт салмағын қоғамдаса көтеріп, көмек қажет еткендерге қол ұшын беруді адамгершіліктің асыл көрінісі десек те әбден болады.
Облыс айға жуық қызыл аймақтың санатында. Дауасыз дерт күннен-күнге өршіп, үдеп келеді. Алғашқы бетте үрпиіп қараған, үркіп бойын жинаған халық бұл күнде босбелбеу күйге түскендігін де жасыруға болмас. Жаман тұмаудың жан жабырқатар оқиғалары басылмаса да, бой үйренгендей. Бәлкім содан ба екен, соңғы уақытта сақтандыру тәртібін бұзатындар жиілеп кетті. Өткен аптада облыста карантин режимін бұза отырып, көпшілік шаралар өткізілгендігі анықталды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында мониторингтік топ карантин режимін бұзғандарды әшкере етті. Ауылдағы ағайын жаман тұмау жағадан алып жатқанда 80 адамның қатысуымен 70 жылдық мерейтой ұйымдастырылыпты. Мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Алтын шаңырақ» қонақ үй кешенінде үйлену тойы өткізілгендігін анықтады. Бұл кешен карантиндік талаптарды елемей, жаппай іс-шаралар өткізіп тұрады екен. Төрт мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Хан сарайы» мейрамханасында «Тиолайн» серіктестігі 200 адамның қатысуымен корпоративтік іс-шара ұйымдастырған. Тәртіп бұзғандарға әкімшілік шара қолданылады.
Жағдай осылай қалыптасып тұрғанда қызыл аймақтың санатынан шығу әзірге мүмкін еместей. Ешбір жауапкершілікті сезінбей, табаннан таусылып той соңында жүргендер өздерін ғана емес, жалпақ жұрттың басын қатерге тігіп отырғандығын аңғара да қоймайтын шығар.
Ал, саналы жастар, елімнің келешегі, жұртымның амандығы дейтұғын кейінгі толқын бар ауыртпалықты толайым көтеруге ат салысуда. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, «Аманат» еріктілер орталығының жетекшісі, қалалық іскер әйелдер ассоциациясының белсенді мүшесі Айжан Құсайынова бастаған жастар қаулаған қара өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүр.
Айжанның жан дүниесін жақсы білетін құрбыларының айтуына қарағанда, кішкентайынан қол қусырып қарап отыра алмайтын елгезек, қайырымды адам. Өзімен тілдескенде жүрек қалауы туралы ағынан жарылды.
–Менен таныстарым кім үшін, не үшін жанталасып жүрсің деп те сұрайды, – дейді Айжан Құсайынова, – асылында мұндай сауал қою да қисынсыз. Жанашырлықты әркім де жасауы тиіс. Біз ешқашан қайырымды болудан қашпауымыз керек. Егер жан-жағымызда қайырымды адамдар қаптап жүрсе, олар жатқа жылуын сыйласа, жылаған баланы уатып, өмірден түңілген жанның үміт отын лаулатса ғанибет емес пе?!
Айжанның түсінігінше, көмектесу дегеніңіз тек қана материалдық тұрғыдан демеу емес екен, кей-кейде бір ауыз жылы сөздің өзі дерт меңдеген адамның алпыс екі тамырындағы қанды ойнатып, сенім шырағын қоламтаның шоғындай маздатып жіберуі әбден мүмкін.
«Аманат» еріктілер орталығында алпыстан аса белсенді жас бар. Олардың әрқайсысы өзара ақылдаса келе, жұмыс ауқымын белгілеп, істейтін шаруасын қажеттілігіне орай ыңғайлап отырады. Арман-мұраттары бір арнада тоғысқан белсенді жастардың басты мақсаты жас толқынды өз еліне пайдасы тиетін адам ету.
–Негізінде «Аманат» деп атаудың өзінде үлкен мән бар, – дейді Айжан, – арыдағы аруақты ата-бабамыз бізге өз бойларындағы тамаша қасиеттерді аманаттап кетті. Соның бірі әрі бірегейі тас-түйін болып бірігу үшін бір-бірін бауырына тартып, жанашыр болу. Бүгінгі жастар сол арыдағы ата-бабаның қанымен дарыған қасиетті қастерлеп ұстауы керек. Өйткені, ол ата аманаты.
Жастардың айтуларына қарағанда, демеуші болуға ұмтылатындар да аз емес. Әлдебір қажеттілік туындап қалғанда құлақтанса болды, жан ұшырып жетіп келеді. Ерікті жастар «Жақсылық жаса» жобасы бойынша облыстағы жүздеген отбасыға әрқилы киім-кешек, азық-түлік жеткізіпті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға дәрі-дәрмек апарылған. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке дайындауға қол ұштарын берген. Қысқа дайындалуға мүмкіндігі жоқ отбасыларына отын, көмір жеткізген. Бұл айтып отырғанымыз еріктілер орталығының атқарған ұлан-ғайыр шаруасының бір парасы ғана. Естіген жан сүйсініп, қам көңілдің ренішін жадыратар жақсы шаруалар әлі де жалғасын табуда. Алдағы уақытта орталық жастары әлеуметтік жобаларға барынша басымдық бермекші.
Осы бір ізгі істердің ұйытқысы болып отырған Айжан еріктілер орталығының жетекшісі ғана емес, университетте тарих пәнінің оқытушысы. Орталық мүшелеріне халқымыздың көне тарихындағы айрықша мәнді мысалдарды, қайырымдылық пен жанашырлық сипатындағы ізгі қасиеттердің қандай да бір қиындық сәттерде алып шыққандығы жайында айтып отырады. Оның өзі де орталық жастарын рухани кемелдендіріп, жан дүниелерін байытып, жанашырлығы мол, қайырымдылық қасиетін қанына сіңірген арыстай азамат етіп тәрбиелеуге үлкен ықпалы тиетіндігі сөзсіз.
Ерікті жастар өткен жылы облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолынан марапат алды. Бұл олардың мейірімді істеріне берілген үлкен баға. Бір ғажабы, орталық мүшелерінің көбі тәуелсіздік құрдастары. Тәуелсіз елдің текті жастары дәл осындай қайырымын көпке тигізіп, көркейіп өсіп келе жатқанын көрудің, естудің өзі қуаныш.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар