Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп-интернатта Абайтану кабинеті заман талабына сай қайта жабдықталып, ашылды.
Көркі көзтартарлық етіп безендірілген, әрқилы заманауи қондырғылармен жабдықталған кабинетке ұлы ойшылдың елуден астам шығармалары қойылыпты. Қазір мектеп оқушылары осы жерде рухани нәр алуда. Оқушылардың бірі Динара Нұрмұханова ұлы ақынның жүзден астам өлеңін жатқа біледі екен. Жыл сайын тұрақты өткізілетін «Абай оқулары» байқауында бірнеше мәрте топ жарған.
–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаласында ұлттық сананы жаңғырту үшін жас ұрпақ ата мұрасын оқу керектігін атап өтті емес пе? – дейді оқушы Динара Нұрмұханова, – біз осы талаптың үдесінен шығуымыз керек. Мен өзімнің осы ойымды құрбыларыма ұдайы айтып, жақсылыққа жетелеп жүремін.
Мектепте жақсылық шарапаты мол талай іс қолға алынған екен. Соның бірі оқу жылының басынан бастап құрылған Абайтану клубы. Клуб мүшелері онлайн жүйеде кемеңгер тұлғаның мол мұрасын мұқият зерттеп, әр өлеңінде айтылатын терең ойды тебірене талдайды. Әркім өзінің түйсінгенін, шәкірт көңілде алаулаған ұшқынды жеткізуге тырысады. Клуб құрамындағы елуден астам оқушы әрбір жылуы мол жиынға ыждаһатты дайындалып, ықыласпен қатысады.
–Абай мұрасы көл-көсір рухани қазына, – дейді клуб жетекшісі Мақсат Мұратов, – біз Абайтану кабинетінің арқасында жас толқынға жарасымды тәрбие беруге ұмтылудамыз. Телефондағы арнайы бағдарлама арқылы кез-келген қара сөзін, оқушы көңілі қалаған шығармасын көрсете аламыз.
Ойға бөккен орталықтың артықшылығы да осында. Кез-келген адам көрнекі құралдар арқылы өзіне қажетті дүниені табан аузында таба алады. Ой теңізін кешемін деген оқушыға одан артық не керек.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.