Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәкен серінің Көкшетауда музейі бар! - АРҚА АЖАРЫ

Сәкен серінің Көкшетауда музейі бар!

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Көкшетаудағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінде Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Сәкен Жүнісов музейінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл музей облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы және Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Шараға зиялы қауым өкілдері қатысты.

1934 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданы Кішкенекөл ауылында дүниеге келген Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов Қазақстанның халық жазушысы. Оның артында халқымыздың әдебиетінде теңдессіз орын алған мол мұрасы қалды. Сәкен Жүнісов халқымыздың 20-ғасырда бастан кешкен оқиғаларын өз шығармаларына арқау етті. Осы шараның негізгі мақсаты да жерлес жазушының мұрасын жас ұрпаққа насихаттау еді. Осы орайда, Сәкен Жүнісов музейінің ашылуына Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек бастаған ұжым мүшелерінің көп еңбек сіңіргенін айта кеткеніміз жөн. 2019 жылы Мәлік Ғабдуллин музейінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілгенде музей басшылығы ондағы ескі витриналарды тастамай, шағын музейлер ашу идеясын ұсынған екен. Осылайша 2019 жылы Красноярда Көкен Шәкеев музейі ашылса, күні кеше Сәкен Жүнісов музейі жазушы атындағы мектептен лайықты орнын алды. Музей қызметкерлерінің зор ізденісінің арқасында қаламгер жайлы мәліметтер, көзі тірісінде қолданған заттары, әдеби мұрасы жинақталып, музейде орналастырылды. Бүгінде Сәкен Жүнісов музейінде 500-ге жуық жәдігер сақтаулы. Оларды Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова шара қатысушыларына арнап, Сәкен Жүнісов музейіне жүргізген экскурсиясы барысында өте жақсы таныстырып шықты. «Жапандағы жалғыз үй» романы бойынша оқылған монолог, «Заманай» көркем фильмінен көрсетілген үзінді, Сәкен Жүнісов шырқаған әннің аудиосы да шараның мазмұнын аша түсті, жүректерде Сәкен серіге деген сағынышты оятты.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, сот саласының ардагері, кезінде Сәкен ағамен көрші болған Мейрам Ғибаділов құттықтау сөз алып, музейдің жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосатынына сенім білдірді. Ал, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат Сәкен Жүнісовтың музейіне жазушының «Жапандағы жалғыз үй» кітабы мен Сәкен ағаның 70 жылдығына орай колледж қабырғасында өткен шығармашылық кеші жазылған дискіні және студенттік шағында жазған дәптерінің көшірмесін тарту етті. Сондай-ақ, Сәкен Жүнісовтың туған нағашысының қызы Мәраш Мұхаметалина музейдің ашылуының бастамашысы болған азаматтарға туған-туысқандарының атынан зор алғыс айтып, музейге жиен ағасының екі кітабы мен Сәкен Жүнісовтың қарындасы Роза Жүнісованың әкесі туралы жазған кітабын табыс етті.
Сәкен Жүнісов музейіне қойылған құнды жәдігерлердің құжаттарын шара барысында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек аталған білім ошағының директоры Баян Сәрсенбаеваға тапсырып, қаламгер ағасына арнап шығарған өлеңін оқып берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

 

Бөлек қой, шіркін, Көкшенің Сәкен серісі!

Алланың ісі өмірмен сынау пендесін,
Асылдар қалар ғасырдың жайлап зердесін.
Сен көшкен жұртта мен жүрмін аға жоқшың боп,
Жаратқан ием маған да сынақ бергесін.

Аллаға мадақ ұстатқан қалам үкілеп,
Қаламы бардың қалғуға тіптен құқы жоқ.
Құрметке лайық өлмейтін мирас қалдырып,
Атың мен хатың халықтың қалды құты боп.
Тағдырға жазған өлімге кім бар жол кеспек,
Біздерге салса жазмышқа мүлдем көнбес те ек.
Қорқыттың көрі көрінді ме екен саған да,
Кейіпкеріңе ат қойып едің «Өлмес» деп.

Ақанға ұқсап барады деуші ең тағдырым,
Ақанның сенен көруші ек біз де сан қырын.
Көшенің атын, мектептің атын берсек те,
Орныңды сенің толтырсын қайдан, даңғылым.
Қиналып қайтем қиялды жұмсап өнбеске,
Өкінбе, аға, айналдың өзің Өлмеске.
Қасыңда сенің күдірейіп жүруші едік қой,
Талайлар саған татымаған соң белдеске.

Ұлылар туса заманның ұлы жеңісі,
Ел-анаң толғақ түйілмей жатқан келісі.
Жыл сайын туса көп болмас еді қазаққа,
Бөлек қой, шіркін, Көкшенің Сәкен серісі.Құдайберлі МЫРЗАБЕК.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар