Мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова БАҚ өкілдеріне басқарманың өткен жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттері туралы айтып берді.

Бүгінгі таңда облыста 649 мәдениет және мұрағат нысандары жұмыс істесе, оның 621-і мемлекеттік. COVID-19 коронавирустық инфекциясы салдарынан мәдениет мекемелері қашықтықтан жұмыс істеуге көшіріліп, көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен жобалар әлеуметтік желілер арқылы онлайн-форматта өткізілді. Мәселен, былтыр барлығы 3 миллионға жуық іс-шара ұйымдастырылған.
– Мәдениет қызметкерлері, ең алдымен, халыққа моральдық және рухани қолдау көрсетті, «Біз біргеміз», «Үйде болыңыз», «Дәрігерге алғыс айту», «Жақыныңа жанашыр бол!» хэштегтерімен және жалпы мемлекет қабылдаған шараларды қолдау үшін челлендждерге белсенді қатысты. Көрермендер саны 254 827 адамды құрайтын 28 мыңнан астам офлайн іс-шара өтті, – дей келе, басқарма басшысы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Ақмола облысында Абай атындағы үш әдеби орталық ашылғанын айтты. «Біз біргеміз» ұранымен өткен онлайн концерттер, мәдениет саласының еріктілері өткізген көптеген қайырымдылық акциялары, сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жарияланған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қолдау роликтері, тағы басқа іс-шаралар басқарманың халықты рухани қолдау тұрғысында үлкен жұмыс атқарғанын көрсетеді.
Осы ретте, 14 аймақаралық, облыстық түрлі жанрлы имидждік онлайн-жобалар ұйымдастырылып, оларға облыстың барлық 19 өңірінің шығармашылық ұжымдары белсене қатысқанын айта кету керек. Мәселен, Ұлттық домбыра күніне орай өткізілген онлайн концерттерге Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Жақсы, Жарқайың, Ерейментау аудандары белсене қатысса, Қазақстан Республикасының Әнұраны музыкасының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына және көрнекті композитор, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына арналған «Сағындырған әндер-ай» облыстық интернет-ретро фестиваліне Астрахан, Шортанды, Қорғалжын аудандары жақсы атсалысқан. Айтулы датаға орай, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған республикалық челленджге қатысқан.
Пандемияға қарамастан, былтыр Ақмола облысының 42 солисі мен 14 көркемөнерпаздар ұжымы халықаралық конкурстардың лауреаттары атанды.15-і Гран-при және 27-сі жүлделі бірінші, екінші орындарға ие болды. Әлбетте, бұған мемлекетіміздің мәдениет саласына көрсетіп жатқан қамқорлығының да игі ықпал еткені анық. 2020 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға 8,7 миллиард теңге қаржы бағытталыпты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артық. Мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да қомақты қаржы бөлінген.
– «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында жалпы сомасы 676,3 миллион теңгеге 3 жоба іске асырылды. Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінің, Шортанды ауданындағы ойын-сауық орталығының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Әрі Атбасар ауданының Бастау ауылында жастардың бос уақытын өткізу орталығы құрылысының бірінші кезеңі мәресіне жетті, – дей келе, Айгүл Сәбитова «Жұмыспен қамту жол картасы» республикалық бағдарламасына жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 57 жоба енгізіліп, 40 нысан жөндеуден өткізілгенін, оның 32-сі клубтық мекемелер, бесеуі кітапхана, екеуі мемлекеттік архив және біреуі Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония екенін айтты. 2021 жылы мәдениет саласын қаржыландыру көлемі 7,3 миллиард теңгені құрайды. 1 мәдениет нысанын күрделі жөндеуден, 21-ін ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.
Өз сөзінде басқарма басшысы облыстағы театр, кітапхана, музейлердің қашықтықтан атқарған жұмыстарына да тоқталып, 2021 жылы өңіріміздің мәдениет саласында алға қойылған ауқымды міндеттер жайлы да баяндап берді. 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар, облысымыздың мәдениет қызметкерлері Дина Нұрпейісованың 160, Ыбырай Алтынсариннің 180, Әлихан Бөкейхановтың 155, Мұқағали Мақатаевтың 90, Қасым Аманжоловтың 110, Латиф Хамидидің 115 жылдығына арналған бірқатар мерейтойлық іс-шараларға да үлестерін қосуды жоспарлап отыр. Ал, 26 ақпан күні облысымыздағы барлық кітапханаларда қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу басталады.
–2021 жыл Балалар әдебиеті жылы деп жарияланды. Осыған байланысты біздің облыста балалар оқуын дамытудың қадамдық алгоритмі пысықталды. Жуырда Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасының жобасы жарияланады. Осыған байланысты жиынтық жоспар, облыстық конкурстардың ережелері әзірленді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы облыстық филармония, облыстық кітапхананың 75 жылдық мерейтойын және қазақ музыкалық драма театрының 25 жылдығын атап өтеміз, – деген басқарма басшысы одан әрі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар