Дана халқымыз «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» деп тегін айтпаған. Ұлттың рухани тамырынан нәр алған жаңғыру – тарлан тарихты, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақты үйлесімді жалғайтын ұлт жадының тұғырнамасы. Демек, жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлетіп, жаңарту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Тарихы терең Ақмола өңірінде 2017 жылдан бері облыс бойынша 30-дан артық елді мекен, 1000-ға жуық көшенің атауы жаңартылса, 20-дан астам нысан қайта аталды.
Облыс аумағындағы Малотимофеевка, Антоновка, Красноярка, Максимовка сияқты идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен атауларына ежелгі Аққайың, Алтынды, Жарлыкөл, Байқоныс атаулары қайтарылды, ел-елдегі Чапаев, Пугачев, Ворошилов, Буденный сияқты көше атаулары ұлттық танымға жақын атаулармен жаңартылды.
Халқымыз «Ел ерімен көрікті» деп бекер айтпайды. Осы тұрғыда маңызды нысандарға ұлтымыздың мақтан тұтар ұл-қыздарының есімін беруге де баса назар аударылады. Ежелден сал-серілер мекені атанған өңірімізде облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының № 18 қазақ орта мектебіне Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің есімдері беріліп, осының бәрі өскелең ұрпаққа өнегелі іс болды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнің Қаулысымен Ақмола облысына қарасты 6 мектеп қайта аталды. Атап айтсақ, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына ұлы Абайдың есімі берілсе, Көкшетау қаласындағы ІТ мектеп-лицейіне ғұлама ғалым әл-Фарабидің есімі берілді. Сондай-ақ, Степногорск қаласының бірқатар мектептеріне халқымыздың танымал тұлғалары Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаевтардың есімдері берілді. Тағы айтар жақсы жаңалығымыз, республикалық ономастика комиссиясынан оң қорытынды берілген Көкшетау қаласының 23 көшесіне халқымыздың танымал тұлғалары Мұстафа Шоқай, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Әлкей Марғұлан, Шәмші Қалдаяқов, Міржақып Дулатұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Сағадат Нұрмағамбетовтың есімдері берілмекші.
Елді мекен, көше, нысандарды қайта атау барысында бәрі оңай, еш қиындық болмайды десек, ақиқаттан алшақтайтын болармыз. Елордамыздың жанындағы Целиноград ауданының Семеновка елді мекенін қайта атау кезінде, бір топ орыс азаматтары Президент Әкімшілігінен бастап, барлық құзырлы органдарға шағым жазып, наразылық танытты. Осыған байланысты облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, Семеновка елді мекеніне барып жұртпен кездескенде, жаңағы топтың ауыл тұрғындары арасында жалған ақпарат таратқаны белгілі болды. Атап айтқанда, Елді мекеннің атауы ауыстырылған жағдайда әр отбасынан 300 мың теңгеден қаражат жинайды, сондықтан, ауылдың атын өзгертуге қарсымыз деп қарапайым ауыл тұрғындарының қолын жинағаны әшкере болды. Мән-жайды ұғындырғаннан кейін жергілікті тұрғындар оң шешім қабылдап, Семеновка елді мекені өзінің тарихи атауымен Қарамеңді батыр ауылы болып қайта аталды.
Идеологиялық тұрғыда ескірген елді мекендерді қайта атау кезінде берілетін жаңа атау жан-жақты зерделеніп, ғылыми тұрғыда дәлелденген болуы керек. Өйткені, сол елді мекеннің тұрғындары қайта атауға бірден келісе қоймайды. Ақкөл ауданына қарасты Гусарка елді мекенінің 85 пайызы басқа ұлт өкілдері 1884 жылғы картада сақталған Домбыралы атауын көрсетіп, жариялағанымызда еш қарсылық білдірген жоқ. Қазір елді мекен Домбыралы ауылы болып аталады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы облыс аумағындағы елді мекендердің тарихи атауларын анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 45 елді мекеннің тарихи атаулары табылып, БАҚ және әлеуметтік желілерге жарияланып, жергілікті халық құлақтандырылып отыр.
Мысалы, бұл ретте, Лозовое – Қосағалы, Васильевка – Шоққарағай, Макинка – Аютөбе, Златополье – Құмдыкөл және тағы басқа атауларды атауға болады. Ұлттық санаққа байланысты мораторий мерзімі аяқталса, облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер және көше атауларын әрі қарай өзгертуге дайынбыз.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың басшылығымен «Ақмола облысының топонимикасы» — этнотарихи және топонимикалық зерттеу бағдарламасы» атты арнайы жоба арқылы облыстағы елді мекендердің тарихи атауларын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Ж.Артықбаев пен И.Бекзатқызының «Ақмола өңірі топонимдері: тарихи қабаттары, табиғат әсері, тылсым сырлары», Жамбыл Артықбаевтың «Ақмола облысы жер-су атауларының құпиялары» кітаптары, Ақмола облысы елді мекендерінің анықтамалығы, атласы дайындалды.
Зерттеулер мен елді мекендерді аралау нәтижесінде 80 елді мекеннің тарихи атаулары анықталды.
Тағы бір жақсы жаңалығымыз, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты республикалық конкурсқа Ақмола облысынан «Оқжетпес» командасы қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленіп, облыстың абыройын асырды. Міне, ұдайы жүргізіліп келе жатқан осындай жұмыстар алдағы уақытта да елдікке бет түзеген өңіріміздің ұлттық бет-айнасын ажарландырып, қазақша ел, жер-су атауларының көкжиегін кеңейте береріне кәміл сенімдіміз.
Алтынай ӘМІРЕНОВА,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.