Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың қатысуымен «Азаматтық қорғау органдарының алдағы су тасқынына дайындығы» тақырыбында брифинг болып өтті. Сондай-ақ, брифинг барысында «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорынның Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Мақажанованың баяндамасы тыңдалды.
– Алдағы су тасқынына дайындық 2020 жылдың жазғы кезеңінде басталды. Инженерлік қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, өңіріміздің 43 елді мекенінде 47,1 шақырымға су бұру арналарын жайластыру, 502 шақырымға топырақ үйіп, бекітілген жерлерді нығайту, 4,8 шақырымға уақытша үйілме бөгеттер салу сияқты басқа да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық бюджеттен 72 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда өңірлерде 310,3 тонна жанар-жағар май, 9,8 мың тонна инертті материалдар, 72,6 мың қап дайындалды, – деді департамент бастығы Нұрлан Атығаев. Департамент бастығының хабарлауынша, су тасқынына дайындықты бақылау мақсатында 123 елді мекенді қамтыған 123 рейд жүргізілген. Тасқын суларды апатсыз өткізу бойынша барлық қажетті шаралар қолға алынуда.
Жиын барысында сөз сөйлеген «Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорынның Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Мақажанованың айтуынша, соңғы үш күнде облыс бойынша түскен қардың мөлшері нормадан 1,5 есе артық.
– Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап, өңірлік филиал төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, Сілеті және Жабай өзендеріндегі судың деңгейіне тексеріс жүргізуде. 2021 жылғы 1 ақпандағы болжамға сәйкес Есіл, Мойылды, Жабай, және басқа да өзендер де ылғал қорының көлемі 19-46 пайызға төмен. Ауа райына келетін болсақ, ағымдағы жылдың 24-26 ақпан аралығында облыс орталығында ауа температурасы 30-35 төмендеген. Ақпанның 27-сінен бастап, күн жылына бастайды. Алайда, арасында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады деп болжануда, – деді филиал директоры өз сөзінде.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.