Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азаматтық қоғамның сенімді қадамы - АРҚА АЖАРЫ

Азаматтық қоғамның сенімді қадамы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні қарсаңында өңіріміздегі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні алғаш рет халықаралық деңгейде 2014 жылдың 27 ақпанында Финляндияның Хельсинки қаласында атап өтілген болатын. Үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездескен облыс әкімі барша азаматтық сектор өкілдерін осынау айтулы күнмен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
– Өткен жылы қарашада облыстық азаматтық форум өткізіп, сонда үкіметтік емес ұйымдардың қызметін, алдағы жоспарларын талқылап, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қарастырған болатынбыз. Содан бері біраз жұмыстар атқарылды. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғамның диалогына баса мән берді. Маңызды құжат қазақстандық қоғамның барлық түйткілді мәселелерін қамтиды. Елімізде азаматтық қоғамды дамыту ісі 2006 жылы жолға қойылып, содан бері мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетіліп келеді, – деген облыс әкімі бүгінде өңірімізде нақты жұмыс істеп тұрған 298 үкіметтік емес ұйым барын айтты. Осыдан 15 жыл бұрын мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 7 миллион теңгені құраса, бүгінде бұл сома 400 миллион теңгені құрап отыр. 25 мемлекеттік орган бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болса, оның алтауы облыстық басқармалар. Биылғы жылы олар мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа жалпы құны 150 миллион теңге болатын 32 жобаны іске асыруға ұсыныс білдіріп отыр. Барлық жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік осал топтағы жандарға қамқорлық жасауға бағытталғанын айтқан өңір басшысы биылғы жылы Волонтер жылының жалғасы ретінде «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы қолға алынғанын, оған ақмолалық қоғамдық бірлестіктер де белсене қатысып жатқанын жеткізді.
Кездесу барысында азаматтық қоғам өкілдері де сөз алып, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберін кеңейту, экологияны қорғау бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Ақмола филиалының төрайымы Ирина Терентьева, «Эко-Көкше» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбілжан Құсайынов, «ABAY MEKTEPTERI» қоғамдық қорының президенті Ерлан Айтмұхамбетов, «Ақмола облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Алма Хамитова, «Доброе сердце – Lider.kz» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Катухова мен «Насихат» консультативтік-оңалту орталығының төрағасы Ермек Баяділов өздері жетекшілік етіп отырған бірлестіктердің жұмысы туралы айтып берді. Олардың халық арасында бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау, апатты жағдайдағы мектептерді жаңарту, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу және қиын өмірлік жағдайда қалған адамдарға қол ұшын беру тұрғысында атқарып жүрген игі істері мақтауға тұрарлық. «ABAY MEKTEPTERI» қоғамдық қорының президенті қордың Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылда ескі мектепті жөндеп, заманауи құралдармен жабдықтағаны туралы айтып, осындай жұмыстарды бізде де қолға алуға ұсыныс айтса, «Доброе сердце – Lider.kz» қоғамдық қорының төрайымы облыс әкімін қиын өмірлік жағдайда қалған тұлғаларға арналған пансионаттың Алғыс айту күні қарсаңында болатын ашылуына шақырды. Осы ретте, кездесуге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «ABAY MEKTEPTERI» қоғамдық қорының президенті Ерлан Айтмұхамбетов Ақмола облысымен ынтымақтастығы үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, бұл күні бірқатар үкіметтік емес ұйым жетекшілеріне үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына белсене қатысқаны үшін Қазақстанның Азаматтық Альянсының Алғыс хаттары табыс етілді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар