Ұлтаралық келісімді нығайтудың жасампаз жолы

Былтырғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін ерекше жыл болғаны белгілі. Себебі, сонау 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған ассамблея өзінің 25 жылдығын атап өтті.

Осынау айтулы датаның бәріміз үшін ерекше оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ұласып отырғаны қуанышымызды еселей түсуде.
Тәуелсіздік, бейбітшілік, ынтымақ-бірлік ұғымдарын бір-бірінен бөліп жару мүмкін емес. Еліміздің әлемге танылып, экономикасының дамып, халқының бейбіт өмір сүруі егемендіктің арқасында болса, тәуелсіздігімізді одан әрі қарай сақтап қалу ынтымақ-бірлігімізге байланысты. Дана халқымыздың «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген нақыл сөзі текке айтылмаған. Осы орайда, еліміздегі ұлтаралық достықты сақтауға, ынтымақ-бірлікті нығайтуға Қазақстан халқы Ассамблеясының, оның ішінде өзіміздің облыстық ассамблеяның қосып отырған үлесі зор деп санаймыз.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің 2020 жылғы жұмысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығымен байланысты болды. Ақмола ассамблеясының 25 жылдығына орай, облысымызда 246 іс-шара өткізіліп, оларға 40898 адам қатысты. Аталмыш шараларды ұйымдастыруға облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары атсалысты. Бүгінгі таңда облысымызда 248 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олардың құрамында қоғам белсенділері, соғыс және еңбек ардагерлері, үкіметтік емес, жастар ұйымдарының, кәсіптік одақтардың өкілдерінен тұратын 1,5 мыңнан астам адам бар. Өңірде әлеуметтік, этносаралық шиеленістердің алдын алу және оларды тоқтатуға барынша күш салу, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы өзара әрекет ету тетіктері, қоғамдағы тұрақтылықты, қоғамдық келісімді нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу жоғарыда аталған кеңестердің негізгі міндеттері болып табылады. Өткен жылы қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің қатысуымен 300 іс-шара өтті. Оған 17 мыңнан астам адам қатысып, азаматтардың 136 мәселесі өз шешімін тапты.
Облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі отбасы институтын дамыту, отбасылық салт-дәстүрлер мен құндылықтарды насихат-
тау, қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады. Қазіргі таңда облыста 104 аналар кеңесі жұмыс істеп тұр. Аналар кеңесінің «Мың алғыс», «Жақсылық жаса», «Мейірімді қолдар», «Мектепке – жол», «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акцияларын ұйымдастырудың басы-қасында болғанын айта кеткім келеді.
Аға буынмен қатар, облыстық ассамблея құрамында жастар қозғалысы да өзінің белсенділігін танытып келеді. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы этномәдени бірлестіктердің жастар клубтарының, студенттік және мектеп ассамблеяларының, волонтерлік қозғалыс орталығының басын біріктіріп отыр. Былтыр олар Көкшетау қаласының жоғары оқу орындары арасында студенттік ассамблея фестивалін, университет және колледж түлектеріне арналған бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастырды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының Волонтерлер орталығы 7000 адамды қамти отырып, 46 волонтерлік іс-шара өткізді. Сонымен қатар, 27 миллион теңгеге аз қамтылған, әлеуметтік осал топтағы жандарға көмек көрсетіп, 1000 бетперде таратты.
Ассамблея қызметінің маңызды бағыты медиация институтын дамыту болып табылады. Облыста медиациялық қызмет көрсететін 1 кабинет пен 38 алаң жұмыс істейді. Сондай-ақ, 6 кәсіби және 310 кәсіби емес медиатор Ақмола ассамблеясымен ынтымақтастық орнатты. «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан медиация кабинеті құрылды. Бітімгерлік рәсімдерді дамыту мақсатында Ақмола облыстық сотымен бірлесе отырып, мекеме сайтында «Медиаторға өтініш беру» қосымша парағын ұйымдастырдық, соның көмегімен үйден шықпай-ақ онлайн түрде кәсіби медиатордан кеңес алуға өтінім беруге болады.
Сонымен қатар, облыстық ассамблея қызметін сараптамалық және ақпараттық сүйемелдеу бойынша ғылыми-сараптамалық топ, журналистер клубы жұмыс атқарады. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, түрлі ұлттың халық шығармашылығын насихаттап жүр. Олардың жұмыстарын Достық үйінің көрмесінен тамашалауға болады.
Президент Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, біз мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруымыз және оны ұлтаралық қарым-қатынас тілі болатындай нығайтуымыз қажет. 2019 жылы «Қоғамдық келісім» мекемесі жанында өзге этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді оқыту курсы ашылған болатын. Бұл курсты облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік орталығының тәжірибелі ұстаздары жүргізеді. Сондай-ақ, екі жыл бұрын өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы өз жұмысын бастаған еді. Аталмыш орталықта қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлттың жастары, Көкшетау қаласының колледж, уни-
верситет студенттерінен тұратын барлығы жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. Соның ішінде, Карина Роот, Екатерина Прибылых, Юрий Кочетыгов, Анжелика Соколова, Теа Джолохава, Екатерина Коник және тағы басқалары Достық үйінде ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатысып, жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттауда.
2020 жылы аталған орталықтың бастамасымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері жастарының арасында «Абай оқулары» облыстық онлайн-конкурсы, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде «Мен Абайды оқимын» челленджі, «Рахмет саған, туған жер!» интернет акциясы және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал, жуырда әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы қарсаңында әлеуметтік желілерде «Күй құдіреті» интернет акциясы басталды. Қазір әлеуметтік желілерде ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Ақиық ақын мұрасы» челленджі өтіп жатыр. Осы шараға өзімнің де қатысқанымды айтқым келеді. Алдағы уақытта Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жос-
парланып отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанында 2014 жылдан бері 8 этностың тілін, атап айтсақ, қазақ, орыс, неміс, татар, поляк, чуваш, корей және армян тілдерін оқытатын «Шаңырақ» оқыту клубы жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің бас-
ты міндетін ойдағыдай атқарып шықты, дәлірек айтсақ, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, этносаралық қарым-қатынас саласында мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институт арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттырды деуге болады. Бүгінгі күні Ақмола ассамблеясы этносаралық қарым-қатынасты нығайту, өңірде мекен етіп жатқан этностардың мәдени және ұлттық құндылықтарын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Өңірімізде 47 этномәдени бірлестік бар. Олардың жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 2014 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қатысуымен облыстық Достық үйі есігін айқара ашты. Бұл жерде әрбір этностың мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптейтін этникалық стильде безендірілген этномәдени бірлестіктердің 16 кабинеті орналастырылды. Облысты мекендеген этностар өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына жұмылдырылды.
Жыл сайын Достық үйінде қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға, этностардың мәдениеттері мен салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған этностық фестивальдар, этностық мәдениет күндері, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кездесулер, конференциялар, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі сияқты екі жүзге жуық түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ассамблея «Қазақтану», «Бiрлiк», «Bіlіm» және «Мың бала» сияқты маңызды мәдени-ағарту және білім-әлеуметтік жобаларды іске асырумен айналысады. Ағымдағы жылы азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға, қазақстандық этностың руханиятын, мәдениетін дәріптеуге, ұлттық бірлікті нығайтуға, сондай-ақ, медиация институтын дамытуға бағытталған төрт базалық жобаны қолға алдық.
Жоғарыда айтып өткенімдей, биыл елімізде мерейлі даталар көп. Соның ең маңыздысы – Тәуелсіздіктің 30 жылы. Біздің ассамблея да айтулы датаға құр алақан келген жоқ. «Тәуелсіздік шежіресіндегі Ассамблея рөлі» тақырыбында онлайн тікелей эфир, әлеуметтік желілерде «30 қайырымды іс» челленджі, «Еңселі Елорда – ел мақтанышы» тақырыбында онлайн эссе конкурсы, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Рухани келісім – халық бірлігіне бастар жол» тақырыбына онлайн конкурс өтеді. Және де Аналар кеңесінің екінші облыстық форумының бейне-конференциясын өткізуді жос-
парлап отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасын іске асыру шеңберінде Сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің одағы және облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесі бірлесе отырып, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін дәріптеуге бағытталған «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» облыстық жобасын іске қосты. Айта берсек, атқарылған шаруалар мен алға қойған міндеттер өте көп. Ең бастысы, еліміз аман болсын, бірлігіміз нығая берсін демекпін!
Ермек НҰҒЫМАНОВ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар