Елімізде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» өтуде. Марафонның басты мақсаты ел халқын жақсылық жасауға ынталандыру болып табылады. Ақмола облысында да бұл қайырымдылық шарасы аясында «30 игі іс» акциясы ұйымдастырылып отыр.
Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы волонтерлерді қолдау орталығымен бірлесіп, Көкшетау қаласының №1 арнайы мектеп-интернатына барып, білім ошағының ауласын қардан тазартып берді. Облыстық жастар ресурстық орталығы және волонтерлерді қолдау орталығының жастары бұдан кейін челленджді қаламыздың жоғары оқу орындарына жолдаған болатын.
Жыл басынан бері аталмыш марафон аясында волонтерлер екі мыңнан астам адамға көмек көрсеткен. Атап айтқанда, олар жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың аулаларын қардан тазарту бойынша акцияларды, баланы емдеуге ақша жинау, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу жұмыстарын және тағы басқа игі шараларды жүйелі жүзеге асырып отыр.
Тарқатып айтар болсақ, қайырымды істер марафоны жеті бағытқа негізделген. Олар: «Қайырымды істер күнтізбесі», «Байқаулар», «Ізгілік есептегіші», «Әлеуметтік желілердегі «Қайырымдылық кеңестер» айдары», «Қайырымдылық маркасы», «Жақсылық күндері. Қыс. Көктем. Жаз. Күз», «Қайырымдылық сабақтары». Аталмыш марафонға өңіріміздің 300-ден астам волонтері қатысқан.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: акциядан көріністер.