Дәулеті артып,сәулеті жақсарып, өркендеген құтты мекен

1961 жылдың 26 ақпанында Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен Целиноград ауданының «Новый быт» және «Большевик» колхоздарының біріктірілуі нәтижесінде «Родина» кеңшары құрылды. Сол уақытта бұл ірілендірілген шаруашылыққа алғашқы рет директор болып Н.Г.Тимошенко, кейін А.Т.Савенко тағайындалған екен. Алғашқысы 12 жыл, соңғысы 14 жыл жетекшілік жасапты. Бірақ, бұл кәсіпорын сол кездері жақсы көрсеткіштерімен көзге түсе алмады. Тіпті, бара-бара шеттетілген ауру-сырқау малдардың ірі фермасына айналғанын көпшілік жақсы біледі. Биылғы жылы Қазақстанның Еңбек Ері Иван Адамович Сауэрдің бұл шаруашылыққа жетекшілік еткеніне тура 34 жыл толады.

Уақыт бәріне сыншы емес пе! Жасы 30-ға жетпеген азамат сонда бой көтерген қиындықтарды жеңе отырып, бүгіндері ең жоғары еңбек дәрежесіне қол жеткізді. Табандылықпен жұмыс істеген кісі артта қалған шаруашылықты алға оздырып, республика бойынша ең танымал әрі іргелі кәсіпорынға айналдыра білді. Сол уақыттан бері астаналық ауданның осы бір ірі шаруашылығында бірқатар оңтайлы өзгерістер болды. Мәселен, бұдан бірер жыл бұрын мұнда сыйымдылығы 20 мың тонналық астық терминалы пайдалануға берілсе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қуаттылығы 750 киловаттық жел қуатымен жұмыс істейтін генератор орнатылды.
Бас директордың орынбасары Андрей Веревкиннің айтуынша, жыл сайын Елордаға жақын орналасқан шаруашылыққа Қазақстанның алыс-жақын аймақтарынан келетіндерді есептемегенде, көптеген шетелдік делегация ат басын тірейді екен. Өткен жылғы пандемияның өзі ықылас білдіргендерге бөгет бола алмады. Иван Адамович тек бірінші кезектегі өндірістік маңызы бар нысандарды ғана емес, сонымен бірге, аталмыш округ тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін де жіті назарында ұстайды. Біртіндеп айшықты қалашыққа айналып бара жатқан осы елді мекенде ол тұрмысқа қажет барлық жағдайды толыққанды шеше білген. Родина округінің орталығында орналасқан барлық тұрғын үйлер бір жылу қазандығымен жылытылады. Ауыз су, электр қуаты, әлеуметтік сала мекемелері тұрғындар үшін тиімді түрде жұмыс істеуде. Көшелер, автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселіп, қазіргі заманғы электр қуатын үнемдейтін шамдар орнатылған.
Сауэрдің әрбір ісінен адамгершілік пен бекзаттық қасиеттерді, нағыз патриотизмнің үлгісін анық сезінуге болады.
Нарық заманының қиындығына қарамастан, мұнда жыл сайын жаңа ғимараттар салынып, әлеуметтік-мәдени нысандар күрделі жөндеуден өткізіледі. 2017 жылы Иван Адамович бастауыш сынып оқушылары үшін орта мектептің жанынан қосымша жаңа ғимарат тұрғызды. Сонымен қатар, дәрігерлік амбулатория мен бала бақша еурожөндеуден өтті. Родина Мәдениет үйіне республикалық байқауда Гран-при жүлдесі мен ең үздік атақтың берілуі бекерден-бекер емес. Иван Сауэр агрофирма басшылығының тізгінін ұстаған алғашқы күннен-ақ ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайын жақсартуды өзіне ең басты мақсат етіп қойды. Содан бері ол адамдардың өмірін жеңілдету үшін бірсыпыра ауқымды жұмыстар атқарды. Содан болар, аталмыш кәсіпорын басшыларына мүлдем бөтен адамдардан жұмысқа қабылдау жөнінде көптеген өтініштер түсіп, толассыз қоңыраулар соғылады.
– Кез-келген басшы мықты кадрларсыз белгіленген межеге жете алмайды, – дейді Иван Адамович, – басшының зерделілігі мен біліктілігі – креативті ойлау қабілеті жоғары жас мамандарды таңдай білуінде. Шаруашылықтағы барлық ауқымды өзгерістердің түп-тамыры осындай терең мақсат-тілектерден бастау алған. Тағы да бір айтарым, Родина шын мәнінде қалалық үлгідегі елді мекен. Бұл сөзге күмәнмен қарағандар мұны өз көздерімен көргенде ғана бір тоқтамға келетіні анық. Қай ауылдан зообақ, еуроүлгідегі жабық хоккей кортын, мәдени-демалыс саябағын, кең оқырмандар залы бар қазіргі заманғы кітапхананы кездестіре аласыз?
–Бізде 1987 жылы тұрғындардың саны 1206 адам, оның 412-сі зейнеткер болса, биылғы жылы, жас кадрлардың келуіне байланысты 1800 кісіге тақап қалдық,– деді Иван Адамович. – Еңбек көрігін жастармен қыздыруға болады. Қазір бюджеттік саланы қосқанда, біздің округте 965 адам жұмыспен қамтылған. Шын мәнінде «Родина» агрофирмасында бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 18 миллион 300 мың теңгеге жеткен. Орташа еңбекақы 236 мың теңгені құрайды. Өткен жылы өндірістен түскен таза пайда 3 миллиард 600 миллион теңге болды. Біз осы апта басындағы арнайы кездесу барысында оған родиналықтардың астананың Азық-түлік белдеуіне қосып жатқан үлесі жөнінен де сауал қойдық.
– Күн сайын Нұр-Сұлтан қаласына 56 тоннаға жуық түрлі сүт өнімдерін жеткіземіз, – деді әңгімесін әрі қарай сабақтаған Иван Адамович Сауэр. – Ет тапсыру көлемі 900 тоннаға жетті. 2020 жылы өндірілген сүттің мөлшері 21 мың 678 тоннаны құрады.
Сапалы азық-түлік шығаруды қолға алған агрофирма республикалық байқауда «Алтын Сапа» белгісіне, «Қараөткел» алтын медалына екі реттен ие болған. Сондай-ақ, олар «Сүт өнімдері» аталымы бойынша «Халық маркасы», облыстық «Қазақстанның озық тауары» байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанды. 2015 жылы «Сала жеңімпазы», 2016 жылы сондай Халықаралық сертификатпен көтермеленген. Қыс айлары ауыл тұрғындары үшін өте жауапты мезгіл. Сондықтан, «Родина» агрофирмасының ұжымы нәрлі азық қорын 80 мың, пішен әзірлеуді 5 мың тоннаға жеткізді. Оған қоса, мұнда жүгері, түрлі микро-макро қоспаларының қоры да өте қомақты.
Агрофирманың егін шаруашылығындағы табыстары да айтарлықтай салмақты. Егістік алқабы 50 мың гектардан асқан. Өткен жылы диқандар әрбір гектарынан 17,3 центнерден өнім өндірді.
Аталмыш агрофирма сауын сиырлар басын 6 мыңға көбейтіп, оған қоса, еттік бағыттағы қара мал өсіру үшін 220 бас қазақтың ақбас сиырларын сатып алған. Жоғары сапалы азық-түлік тауарлары жергілікті жерде өндірілетін болғасын, тұрғындар бұрынғыдай мал өсіруге, оның ішінде ірі қара ұстауға құлшынып отырған жоқ. Себебі, арзан тамақ өнімдері дүкен сөрелерінде сыймай тұр. Екінші жағынан жоғары сапалы ет пен сүт, сондай-ақ жеміс-жидектер өздерінде өндірілгесін мұнда округ тұрғындарына едәуір жеңілдіктер де қарастырылған. Әрбір ересек жанға заманауи дискондтық карта берілген. Сол себепті оларға тауарлар арзандатылған бағамен сатылады. Жаңадан салынған «Шаруашылық маркеті» дүкенінің өткен жылғы таза пайдасы 734 миллион теңгеден асып түсті.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Родина округінде айрықша дамыған. Тауарлы-сүт фермасы, кітапхана мен мәдени ошақтарда, тіпті көшелерде оның айқын үлгісі алдымен көзге түседі. Мұнда ұрлық-қарлық деген атымен жоқ. Ешкім көшеге қоқыс тастамайды. Себебі, бәрінің соңынан үздіксіз бақылап тұрған камералар көптігімен көзге түседі. Заман талабына сай келбетін өзгертіп отырған елді мекенге кірген кез-келген көлденең көк атты бірден қырағы камераның бақылауына ілігеді. Спорттық олимпиадалар мен спартакиадалар өткізу – родиналықтар үшін дәстүрлі іс. Жыл сайын агрофирма қорынан адамдарды, әсіресе, жастарды осындай ілкімді істерге тарту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Биылғы қысқы сайыс егеменді еліміздің 30 жылдығы айдарымен өтті.
Елбасымыз алға міндет етіп қойған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысындағы істер мұнда тайға таңба басқандай анық көрінеді. Бұған қосатынымыз, «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жастар мен жаңадан келген мамандар үшін 20 коттедж бен 8 пәтерлік алты қос қабатты үйлер салынған. Соның нәтижесінде 68 адам жаңа қонысқа ие болды.
Өскелең ұрпаққа жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазіргі кезде кең жолақты интернеттің пайдасы айрықша боп тұр. Оқуда үздік түлектердің ішінен үшеуі «Алтын белгіге» ие болса, төртеуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары атанды. Шетелде оқып жатқан жастар саны да аз емес. Кәсіби мамандарды әзірлеуде де агрокәсіпорын көп мәселенің түйінін шешіпті. Шаруашылық есебінен 300 адам жоғары білікті маман атанды. Округтің өзінің жас тұрғындарын әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге байланысты арнайы бөліп отырған қаражаты да мейілінше көлемді. Жылына сол үшін 100 миллион теңге ақша бөлінеді. Мәселен, жаңа үйленгендерге, сондай-ақ, бірінші нәресте көргендерге 150 мың теңгеден сыйақы берілсе, екінші балаға тағы да 200 мың теңге қосымша ақы қарастырылған. «Ақмола облысының ең озық округі» атанған Родина жыл өткен сайын жаңарып, ішкі-сыртқы көріністерімен ерекше көз тартуда.
Ақмола облысының Құрметті азаматы Иван Адамович Сауэр әңгіме барысында астаналық өңірдің әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа деген шынайы ризалығын да айтып өтті. Бұл кісі облыстан алшақ жатқан елді мекендерге арнайы барып, көшені жарықтандыруда, жол, ауыз су мәселесін шешіп, мәдени-спорттық кешендер, сондай-ақ, ауруханалар құрылысын жүргізуде көп көмегін көрсетіп жүр. Соның шапағатын родиналықтар да сезінді. Жалпыға пайдалы игілікті істерден Иван Адамович ешқашан бас тартқан кісі емес. Бұл аймақта жыл сайын жасыл желекке бөленген 2-3 саябақ пайда болады. Әрбір көктем сайын ауыл тұрғындары көптеген тал мен көшеттер отырғызуды дәстүрге айналдырған. Оны округтің құрамындағы әрбір елді мекеннен анық көруге болады. Жасыл желекке оранып келе жатқан селолардың келбетіне көзі түскен кісі таңданбай қоймасы анық. Тек қана өткен жылы 25 мың түп әр түрлі ағаш көшеттері отырғызылыпты.
Биылғы жазда Иван Адамович жаңа мешіт пен спорттық кешен құрылыстарын салуды қолға алмақшы. Сәті түссе, оның да ашылу салтанатының бір куәгері болармыз. Іскер ел азаматы Иван Адамовичтің бойындағы ерекше қасиет оның аяқасты туындаған қиындықтардан тайсалмауында деп ойлаймын. Елдің көңілінен шығатын жұмыстарды атқаратын осындай азаматтар көп болса екен. Терең білімді, біртоға, салқын мінезді басшы табиғи талантының арқасында небір күрделі мәселелерді байыппен әрі орнықты шешіп келеді. Мұны бүгінгі Родина елді мекенінде атқарылып жатқан небір жобалы істерден анық аңғаруға болады. Тәуекелділік табысқа бастайды. Бірақ, мұндай ілкімді қадамға тек шешімі берік, бойында жігер-қуаты мол іскер адамдар ғана бара алады. 60 жылдық ғұмыры бар ірі өндіріс жетістіктері көпшілік үшін өнеге екені анық. Қиындыққа мойымаған осы кәсіпорынның басшысы Иван Адамович Сауэр мен оның ұжымына біз алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз. Мерейтойларыңыз құтты болсын, қадірлі ауыл шаруашылығы еңбеккерлері!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
(Арнайы «Арқа ажары» газеті үшін).

Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар