Электрондық әлеуметтік қызметтер порталы: ыңғайлы әрі тиімді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер құру қажеттілігі туралы айтады. Бүгінгі күні бұл бағытта елеулі қадам жасалуда. Мүгедектерге оңалту құралдары мен қызметтерін жеткізушілердің өз бетінше таңдау және сатып алу мүмкіндігі ұсынылып, елімізде кезең-кезеңмен электронды әлеуметтік қызмет порталы іске қосылды. Осыған орай, Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанованы әңгімеге тарттық.

– Дина Қамидоллақызы, алдымен, портал қалай жұмыс істейтіні және оның халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде тағы қандай мүмкіндіктер беретіндігі туралы оқырмандарымызға толығырақ айтып берсеңіз.
– Әлеуметтік қызметтер порталында алты процестің бесеуі цифрландырылған. Бұл 2023 жылы енгізу жоспарланған инватакси қызметтерін қоспағанда. Өткен жылдың наурыз айынан бастап бес қызметтің екеуі порталға берілді. Олар арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету мен оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету, оған 55 атаудың 24-і беріліп отыр. Қараша айында санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін, жеке көмекші және ымдау тілі маманын алу процесі пилоттық режимде сыналды. Өткен жылдың соңында пилоттық режимде портал арқылы 187 қызмет алушыға оңалтудың техникалық құралдарының 214 түрі ұсынылды. Сөйтіп, 10 адам курорттық емдеу қызметтерін және 10 адам жеке көмекші, ал, біреуі ымдау тілі мамандығын алды. Аз қамтылған отбасылардың бес мыңға жуық балалары әлеуметтік пакеттерге, яғни, азық-түлік пен гигиеналық құралдарына ие болды. Егер жұмыс жүйесіне келер болсақ, мемлекет алушы таңдап алған техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің құнын белгілі бір мөлшерде өтейтіндігін айтқым келеді. Бірақ, тұтынушы мемлекет ұсынбаған қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдағанда, қосымша төлем жасау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бүгінде портал арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар үш жастан алты жасқа дейінгі балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің жеткізушілерін таңдай алады.
– Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан қандай артықшылықтар бар?
– Бұл тұрғыда, портал жұмысы бізге бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп сеніммен айтуға болады. Бұрыннан бергі оңалту қорлары мен қызметтерін ұсынудың ұзақ мерзімдерінен туындаған көптеген шағымдар болды. Сондықтан, мемлекеттік сатып алудың рәсімдері ұзақ уақытқа, яғни, сегіз айға созылды. Оңалту құралдарының сапасы, олардың мүгедектердің қажеттіліктеріне сәйкестігі туралы сұрақтар да көтерілді. Осының бәрі бір техникалық сипаттамаға сәйкес тапсырыс берілді. Қайтару мен айырбастау сәйкесінше қайтадан ұзақ уақытты қажет етті. Бүгінгі таңда Портал тұжырымдамасы жеткізушілермен цифрлық платформада тікелей өзара әрекеттесуді, барлық саналы және жа-
уапсыз жеткізушілерді бірыңғай тізілімге тіркеуді, сертификатталған әлеуметтік қызметкерлердің кең спектріне қол жеткізуді, барлық арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын электрондық тіркеуді және олардың жабдықталуы мен жүктемесін көздейді. Осылайша порталды енгізудің артықшылықтарын ұзақ уақыт бойы тиімді пайдалануға болады. Бұл сатып алушы мен жеткізуші арасындағы тікелей байланыс және жеке қажеттіліктерді ескере отырып, тауарлардың үлкен таңдауы мен мемлекеттік қызметтер сапасының артуы сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.
– Жеткізушілер тізіліміне жауапсыз жеткізушілердің енбейтініне кепілдік бар ма?
– Әрине, барлық жеткізушілер тексеру процедурасынан өтеді. Бұл кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілмеген заңды тұлғалар немесе филиалдар болуы мүмкін. Бұдан басқа да талаптар бар. Мәселен, салық берешегі мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болмауы тиіс, банкроттықта немесе таратылуда болмауы, тауарларды жеткізуге сәйкестік сертификаты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізуге тіркеу куәлігі болуы керек. Сонымен қатар, жеткізушілерді Порталға тіркеу біздің басқарма және аудандар мен қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан құрылған комиссиялардың шешімі негізінде жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.
– Тәжірибе жүзінде Порталда қалай жұмыс істеуге болады? Мәселен, есту аппаратына тікелей үйден тапсырыс беруге бола ма?
– Әрине, үйде отырып тапсырыс жасауға болады, тек ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Егер қандай да бір проблемалар туындаса, мысалы, үйде компьютер жоқ болған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы немесе оның заңды өкілі әлеуметтік қорғау органдарына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, ауылдық әкімдіктің қызметкерлеріне жүгіне алады. Біздің өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда 309 өзіне-өзі қызмет ету аймақтары жабдықталған, онда сіз өз бетіңізше және дайындалған консультанттардың көмегімен тапсырыс жасай аласыз. Бүгінгі күні жеке көмекшілердің қызметтерін көрсететін алты ҮЕҰ және екі ымдау тілі мамандары, барлығы сегіз маман, санаторлық-курорттық емдеу қызметтерінің екі жеткізушісі тіркелген. Бұл – «Алмаз» және «Щучинский» шипажайлары, сондай-ақ, балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакеттер жеткізуде алты жеткізуші қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін облыстағы әлеуметтік оңалтуды қажет ететін 10 026 мүгедектің 9548-і немесе жалпы санының 95 пайызы электрондық цифрлық қолтаңбамен қамтамасыз етілді. Ал, аз қамтылған отбасыларға электрондық цифрлық қолтаңба 100 пайыз берілді. Қаңтардың өзінде-ақ, порталда 533 мүгедек жеке көмекшінің қызметіне, 163 адам ымдау тілі қызметіне тапсырыс беріп үлгерген. Осылайша бір адам шипажайға орналастырылып, оңалтудың техникалық құралдарын сатып алуға 276 тапсырыс жасалды. Оның 52-сі орындалды, тағы 172-сі жеткізілу сатысында.
– Портал арқылы балаларға берілетін әлеуметтік пакеттерге тапсырыс беру туралы нақтырақ айтсаңыз. Бұл қаншалықты ыңғайлы?
– Өткен жылы біздің облыста аз қамтылған отбасылардан бір жастан алты жасқа дейінгі 4,9 мың бала гигиеналық құралдар мен азық-түлік жиынтықтары түрінде жалпы сомасы 155 миллион теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакет алды. Бумаларды тапсырыс бойынша жеткізуді екі жеткізуші қамтамасыз етті. Мәселен, азық-түлік жиынтығын «Дарбаев К.К.» жеке кәсіпкері, ал, гигиеналық құралдар пакетін «Көктем» серіктестігі жеткізіп берді. Бүгінгі күні біздің басқарма әлеуметтік қызметтер порталында кепілдендірілген әлеуметтік пакетті тіркеу және тіркеуден шығару үшін комиссия құрды. Осы жылы кепілдендірілген әлеуметтік пакет бізбен бұрыннан жұмыс істегендерді қоспағанда, алты жеткізуші компаниялар арқылы сатып алынады. Атап айтар болсам, «Кулакова Т.Ю.», «Азмаганова К.Ж.», «Ержанов А.А.», «Мурат» жеке кәсіпкерлері осы жұмысқа қатысуды жоспарлап отыр. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 4,7 мың баланы әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етуге 329 миллион теңге бөлінді. Егер қаражат жетіспеген жағдайда жергілікті бюджеттерден қосымша қаржыландыру қарастырылған. Біздің жеткізушілер мен қызмет алушылардың кері байланысы негізінде порталда жұмыс істеу әлдеқайда жылдам әрі ыңғайлы. Бұл тұрғыда электронды өтініш формасын меңгеру қиын емес. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің YouTube каналында, әлеуметтік желілердегі басқару парақтарында, «Азаматтарға арналған үкімет» компаниялар тобының күту бөлмелерінде қызмет алушыларға арналған оқыту бейнероликтері орналастырылған. Сол көрсетілген жерде біртіндеп қалай тапсырыс беруге болатынын білуге болады. Оған қоса, 1411 Call-орталығы портал қолданушылары үшін де жұмыс істейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар