Азаматтық хал актілерін жазу органдарына – 100 жыл

Посткеңестік заманда өмірінде бір рет болсын, АХАЖ органына жүгінбеген ересек адам жоқ шығар, сірә. Адамның дүниеге келуі, отау құрғаны, дүниеден өтуі сияқты өміріміздің әрбір сәті осы органмен тығыз байланысты. Алайда, көптеген азаматтар АХАЖ десе көздеріне мөлдіреген шампанды, екі жастың той-думанын ғана елестететіні де бар.

Бірақ, салтанат сарайының ар жағында қағазбастылықтан бас алмайтын, бүгінгі күні компьютерде телміріп отырған қызметкерлердің күнделікті жұмыс күндері жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Олар күнделікті мұрағаттармен жұмыс істеп, азаматтар мен ұйымдардың өтініштеріне жауап іздеп, жоғарыдан келген тапсырмаларды орындауға да уақыт бөледі.
Иә, Қазақ КСР-ның Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ) органдары сонау қазан төңкерісінен кейінгі 1921 жылы құрылды. 1921 жылдың 5 наурызында Азаматтық хал актілері туралы декрет қабылданды, осы құжаттың негізінде Қазақ КСР-ында мемлекеттік органдарда тіркелген актілер ғана жарамды деп танылды.
Бұған дейін адамның тууы, некелесуі мен қайтыс болуы туралы деректер тек дін қызметкерлерінің метрикалық кітабына ғана тіркелетін. Латын қарпімен жазылған ата-бабамыздың тарихи деректерінен тұратын бұл сарғайған кітаптар әлі күнге дейін мұрағаттарда сақтаулы тұр. Сол заманда аталған кітапта адам дүние есігін ашқанда аты-жөні, туған күні, туған жері мен нәресте ата-анасының діни сенімі, шаңырақ көтергенде күйеу жігіт пен қалыңдықтың аты-жөні, тұрғылықты жері, ұлты, діни сенімдері мен некелескен жастары және күндері, куәгерлердің аты-жөндері, бақилық болғанда қайтыс болғаны туралы актісінде өлген адамның аты-жөні, тұрғылықты жері, дүниеден өткен жасы, күні мен себебі, жерленген жері туралы мәліметтері бар бағандар болды.
Әрине, азаматтарға арналған бұл қызмет ғасырлық мерзім ішінде талай өзгерістерге ұшырады. Қолмен жазылған актілер жазбасы мен куәліктер тарих қойнауына еніп, оның орнына әркімге түсінікті компьютермен теріліп басылған құжаттар рәсімделе басталды. Барлық ескі мұрағаттық жазбалар цифрландырылып бірыңғай жүйеге енгізілді, бұл Қазақстан бойынша қандай да бір жазбаны іздеуге жұмсалатын уақытты қысқартқаны сөзсіз.
АХАЖ (қазіргі уақытта АХАТ деп аталады) органдарымен көрсетілетін барлық қызмет түрлері мемлекеттік органдарға берілді, бұл қызметтер көбінесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіліп жатыр, бұл АХАТ қызметкерлерімен тікелей қарым-қатынасты алдын алуға мүмкіндік берді және құжаттардың дайындалу барысы қызметкердің жұмысына, көңіл-күйіне байланысты емес. Барлық қызметтердің көрсетілу мерзімі өтініш берілгеннен кейін бірден ақпараттық жүйе арқылы белгіленеді және қызметтер уақытында көрсетілмеген жағдайда мемлекеттік қызметшілер жауапқа тартылады.
Бұдан басқа, бүгінгі күні көптеген қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн түрінде алуға болады. Бұл үрдіс өте тез жүзеге асырылатыны және алтын уақытымызды үнемдейтіні бізді қуантады. Бірақ, қызмет көрсету барысы жеңілдегенмен, қызметкерлердің міндеттері азайған жоқ. Өйткені, олар әлі күнге дейін мұрағатқа барып құжаттарды іздейді, кезінде компьютерге енгізілген мәліметтерде қате кетіп қалмас үшін электронды нұсқаны қағаз нұсқасымен салыстырады. Сонымен қатар, басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткен көптеген жерлестерімізден, әр түрлі отандық, соның ішінде шетелдің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарынан келіп түсетін хаттар мен өтініштер саны көбейді.
Қазіргі уақытта көпшіліктің санасында жас жұбайлардың шаңырақ көтеру рәсімін жүргізудің кәсіби мамандары болып табылатын АХАТ қызметкерлері некені салтанатты түрде тіркеуді өткізіп жатқан жоқ. Бұл рәсімдерді енді мәдениет бөлімінің қызметкерлері, алуан түрлі жекеменшік ұйымдар немесе жеке кәсіпкерлер өткізіп жатыр. АХАТ қызметкерлерінің міндеті тек қана азаматтардың ерік-жігерін нақтылау, өтініштерін қабылдау және куәліктерді беру болып табылады.
Бұл қызметтер болмағаннан кейін АХАТ қызметкерлері осындай ғажайып мереке мен мейрамға толы сәттерді көрмейтін болды. Алайда, екінші жағынан қарайтын болсақ, мардымсыз еңбекақы есебінен мереке кезінде киюге арналған киімдер тігу, шаш үлгілерін жасау қажеттігі тоқтатылды, оған қоса, қызметкерлер жұмыс күндері барлық жұмыстарын тастап салтанатты рәсімді жүргіземін деп жүгірмейді. Уақыт өте келе қаражатты талап ететін бұл қызмет мемлекеттік органнан алшақтауы тиіс. Ал, азаматтар үшін өздерінің неке қию салтанатын кім жүргізгені маңызды емес, оларға өмірінде бір-ақ рет болатын бұл айтулы рәсім есте қаларлықтай өтсе болғаны.
Жылдар өте келе кез-келген маман иелері сияқты, бұл сала қызметкерлеріне де шыдамдылық, инабаттылық, тіл табыса білушілік, адамдармен жедел түрде жұмыс істеу, құжаттарды толтырған кезде сауаттылық, ықыластылық пен жауапкершілік, шамадан тыс эмоцияға берілген немесе дөрекілік танытқан адамдарды сендіре білу деген секілді қажетті қасиеттер бойына сіңе бастайды. Бұл ретте тартымды әйел, ақылды басшы мен ұйымдастырушы, сауатты орындаушы ретінде есте қалуымыз қажет.
Бұл қасиеттердің барлығы біздің облысымыздың АХАЖ органдары ардагерлерінің бойларына тереңінен сіңгені хақ. Біз осы кісілерді ерекше атап өткіміз келеді. Әрине, мемлекеттік қызметшілерді мақтау орынсыз болар, оның үстіне, бұл саланың қызметкерлері туралы көп айтыла да бермейді. Алайда, бүгін Сара Ақтанова, Нұрсұлу Мұқашева, Қымбат Әбдуахитова, Күлпаш Оспанова, Сәуле Жаңбырбаева, Марал Шаужанова, Татьяна Цицорина, Міниса Шутая, Бақыт Көшенова, Марфуға Бисенова, Татьяна Кобылянская, Күлбану Әміржанова, Алтын Жаңабаева, Сәуле Сауытова, Галина Беляшова, Маржан Қабдөшова, Хозима Үйсімбаева, Әмина Сәукенова, Әмина Рақымова, Татьяна Анисимова, Любовь Пшеничная, Айман Жүсіпова, Азизад Әшімова, Галина Михайленко, Раушан Хасенова және басқа да облысымыздың АХАЖ органдарының ардагерлерін атап өтпеу мүмкін емес, өйткені, олар осындай құрметке лайық.
Бұл нәзік жандылар жылдар бойы әрбір адамда, әрбір отбасында болған оқиғаларды тіркеп, өз өлкелерінің өмір парақтарын жазып отырды, осылайша облысымыздың, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында айрықша із қалдырды. Бүгінгі күні олардың барлығы зейнеткерлікке шықса да, жастарға үлгі-өнеге болып табылады. Өкінішке орай, АХАЖ-дың кейбір қызметкерлері арамызда жоқ болса да, олардың бейнелері жерлестеріміздің отбасылық сурет альбомында, дауыстары салтанатты кештердің бейнетаспаларында сақтаулы.
Әрине, біздің ардагерлерімізден басқа қазіргі уақытта АХАТ жүйесінде еңбек етіп жүрген жандарды да атап өтпеу мүмкін емес. Қазіргі заманның жұмысы да, талабы да бұрынғыдан өзгеше. Бұл саланың үлкен буынының орнына өз ісінің шебері, сауатты, ақылды жастар келіп, азаматтардың мүдделерін бірінші орынға қойып, мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытында көрсетеді деп сенемін. Себебі, олар еліміздің АХАЖ органдарының екінші ғасырының тарихын қалыптастыратын болады, алдағы жүз жылдықта да қазақстандық отбасылардың елеулі оқиғалары көп болатынына тілектеспін.
Бұл үлкен мерейтойдың қарсаңында өзімнің әріптестерімді мерекелерімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Халқымыздың салт-дәстүрлері берік сақталып, ұрпақтан ұрпаққа дарысын. Біз қаншалықты батысқа еліктесек те, біздің күшіміз – отбасылық негіздерде және халықтың ежелгі даналығында екенін ұмытпағанымыз абзал.

Жаннат ТӘШЕНОВА,
Ақмола облысының АХАЖ органдарының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар