Ширек ғасыр жасаған киелі өнер ордасы

Көрікті Көкшетаудың төріндегі киелі өнер ордасы – Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы ежелден жер шоқтығы саналатын киелі мекен. Осынау қасиетті топырақтан нәр алған сан алуан өнер иелері биікке қанат сермеді. Бұл өлкеде кешегі Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері секілді дүлдүлдер сауық құрып, сайын даланы ән-жырға бөледі. Оларды дала театрының өкілдері десек қателеспеспіз. Қазіргі қалыптасқан театр өнеріндегі негізгі элементтерден аңызға айналған сал-серілер өмірін, дала ойындарының кейбір ерекшеліктері мен көріністерін аңғаруға болады. Бүгінгі қазақ театр өнеріндегі таланттар шоғырын кешегі дала өнерпаздарының жалғасы десек артық айтқандық емес.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдың ішінде өнер мен мәдениет те өз бағдарын айқындап, заман талабына сай бет түзеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың Көкшетау халқына берген теңдессіз сыйының бірі – руханият ордасы, қазақ музыкалық-драма театрының ашылуы еді. Нақтырақ айтсақ, 1996 жылдың 6 наурызында көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры алғаш рет көрермендеріне шымылдығын түрді. Бұл күн Көкше жұрты, әсіресе, қазақ руханияты үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн болды. Сол кездегі балауса театрдың ең алғашқы қойылымының режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров еді. Білімі терең, сұңғыла суреткер Жақып Омарұлының Көкше театрының ашылуына үлес қосып, дем бергені сол кездегі жас таланттарды жігерлендіре түсті. Сол уақытта театр ашуға мұрындық болып, оның аяғынан нық тұруына қаншама еңбек сіңірген, Көкшетаудың топырағынан шыққан дара перзенттерінің бірі, актер, режиссер Мұратбек Үкібайұлы Оспанов осы қара шаңырақтың директоры болып тағайындалды. Бүгінде ол театр ұжымымен біте қайнасып, еселі еңбек етіп, осы өнер ұжымына басшылық жасап отыр.
Театр ашу үйірме ашу емес екенін түсінген Мұратбек Үкібайұлы айналасын дарынды жастармен жасақтап, іскерлігімен көзге түсіп, талантты да талапты басшы бола білді. Қиындығы мен ауыртпалығы зор жауапкершілік жүктейтін аса маңызды жұмысты дөңгелетіп әкетіп, өз биігіне жетеледі. Жаңа ашылғалы жатқан жас театрдың негізін қаласуға сонау Алатау баурайындағы ару шаһар Алматыдан талантты жастардың бір шоғыры келді. Олар Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтын 1995 жылы бітірген, өнерге деген құлшыныстары зор, оттай лаулаған өрімдей жастар еді. Олар сол уақыттағы елдегі қысылтаяң жағдайға, нарық заманының қыспағына қарамастан, сан түрлі қиындықты бастарынан кешіп жатса да мойымай, өнер ордасының дамуы жолында білек сыбана кірісіп, аянбай тер төкті. Аз ғана жылдың ішінде жас театрдың беделі бедерленіп, республика көлеміндегі ірі өнер ошақтарының санатына қосылып, қанатын кеңге жая бастады.
Көкше жеріндегі қазақ театрының уығын қадасып, жас актерлерге өнеге көрсетіп, ақылшысы болған осы өңірдің тумасы Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова өнер шаңырағы ашыларда Қызылорда қаласынан арнайы шақырылған еді. Жібек Есекеқызы сонау жылдардан бері театрдың алға жылжуына үлес қосып, жастарға бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып, ақ жаулықты ана кейпінде театрмен бірге жасап келеді. Ал, театр сахнасында қойылған спектакльдердің сценографиясымен теңдессіз талант иесі, суретші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұрат Мақсұтұлы айналысып, жас ұжымның өнері өрге жүзуіне айтарлықтай атсалысты.
Арқа төрінде театр ашылады деген жаңалық тарағанда оның шашбауын көтерісуге келген Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Сафуан Шаймерденов, Ербай Дүнгененов, Айна Жүнісова, Төлеубек Көңбай, Жарас Қалдаров, Зафура Арзымбетова секілді өнер иелері оның ірге тасын қаласқан алғашқы әрі негізгі шығармашылық топ болды. Аталған құрамның артынан іле-шала театр труппасына – Бағлан Иманғазинов, Елтай Мұстанов, Гүлмира Жакилина, Маржан Бөкешова сынды талантты жас әртістер қосылып, театрды жаңа белеске көтерісті. Сол шақта өнер үшін күн-түн демей қызмет жасаған жасындай жарқыраған театр труппасы аз уақытта көрермен көңілінен шығып, қазақ рухания-
тына өлшеусіз үлес қосты, жас театрдың жұлдызын жақты.
2006 жылы театрға талантты режиссер Фархадбек Қанафин қызметке келсе, 2013 жылы Болат Әбдірахманов жұмысқа орналасты. Олар 2020 жылға дейін сапалы да тартымды қойылымдарымен театр репертуа-
рын толықтырып, көрермендердің көңілінен шыға білді. Театр труппасына жоғарыдағы аталған есімдерден басқа жыл сайын талантты жастар топ-тобымен қосылып, өнер ордасының өрісін кеңейте түсті. Бүгінгі таңда театрда 107 қызметкер бар. Олардың 30-ға жуығы әртістерді құрайды. Шығармашылық құрамның басым көпшілігі жастар қауымы.
Адамзаттың алтын арқауы, руханияттың ақ бесігі, тағылым ордасы ол – театр. Ширек ғасыр ішінде бұл театр ұжымы небір қиындықтарды еңсеріп, түрлі асулардан өтсе де, қадамынан жаңылмай алға қарай адымдап келеді. 25 жыл ішінде патша көңілді көрермен назарына түрлі жанрдағы 200-ге жуық спектакль ұсынылыпты. Солардың ішінде әлем және қазақ классиктерінің, заманауи драматургтер мен жергілікті қаламгерлердің қаламынан туған тартымды шығармалар бар. Бүгінгі таңда театр репертуарындағы ең таңдаулы 42 қойылым ұдайы көрермен назарына ұсынылып отырады. Олардың біршамасы балаларға арналған ертегілер болса, қалғаны ересектерге арналған қойылымдар. Атап айтатын болсақ: О.Бөкейдің «Атау кере» шығармасы, Ш.Хусаинованың «Анамның ақ көйлегі» туындысы, М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиясы, С.Раевтың «О, қыздары», Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірігі», Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылы», Г.Х.Андерсеннің «Қар ханымы», Е.Төлеубайдың «Алдаспаны», Қ.Мырзабековтің «Батырлық жолы», Э.Т.А.Гофманның «Жаңғақ шаққышы», В.Орловтың «Алтын балапаны», Т.Ахметовтың «Шәкәрім» туындысы, А.Темірбайдың «Алып елім – Алашым» шығармасы, Е.Шварцтың «Күл қыз» ертегісі, И.Сұлтановтың «Отбасылық құпиясы», С.Жүнісовтің «Абылайы», Л.Керрол «Алиса айналар әлемінде» туындысы, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы», Р.Ибраеваның «Қадір таңы», З.Хакимнің «Мәссаған! Сенсация!!!» атты шығармасы, А.Володиннің «P.S. Мен сені сағындымы», Р.Кунидің «Қып-қызыл ақшасы» мен «№13», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы», Д.Родаридің «Көк жебенің саяхаты», С.Балғабаевтың «Өтірік айтпайтын адамы» сынды спектакльдер көрермен көзайымына айналды.
Осылай тұңғиық өнердің тылсымына бөккен беделі биік Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры республикамызға ғана емес, шартарапқа да аян. Театр ұжымы 25 жыл бойы көкшелік көрерменнің көкейіне сәуле шашып қана қоймай, республикалық Һәм халықаралық театр додаларына қатысып, топ жарып түрлі жетістіктерге жетті. Театр алғаш рет 2001 жылы Мысыр шаһарында өткен әлем театрларының фестиваліне режиссер Г.Мерғалиева қойған «Конвейер» спектаклімен қатысып, халықаралық театр мамандарының көзіне түсіп, арнайы 5 жүлденің бірін қазақ елінің қанжығасына салып, ел мерейін үстем етті.
Ал, 2011 жылы театр труппасы Украина елінің Қырым автономиялық республикасында өткен Антикалық өнердің XIII «Боспорские агоны» халықаралық театр фестиваліне қазақ елі атынан тұңғыш рет қатысып, А.Камюдің «Калигула» тарихи трагедиясымен (реж. Қ.Қасымов), «Классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін» аталымын иеленіп, беделді театр сыншыларының оң бағасын алды. Шын жүйріктей шыныққан театр 2013 жылы И.Лаузундтың «Офис» спектаклімен (реж. Ф.Қанафин) Ресей Федерациясының Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен жас режиссерлердің V халықаралық «Ремесле +» театр фестиваліне Қазақстан және Орта Азия елдері арасынан жалғыз қатысып, дипломант атанса, 2015 жылы Беларусь астанасы Минск қаласында өткен «ТМД елдері және Прибалтика мен Грузия мемлекеттерінің жас театр қайраткерлерінің байқауында» Т.Уильямстың «Құштарлық» трамвайы» (реж. Б.Әбдірахманов) атты драмасымен өнер көрсетіп, бұл халықаралық театр бәйгесінен де олжалы оралды. Сондай-ақ,
театр 2019 жылдың мамыр айында Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өткен халықаралық «Туғанлық» түркі тілдес
театрлар фестиваліне У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен (реж. Д.Жұмабаева) қатысып «Спектакльдегі ең үздік би» аталымы бойынша марапатталды. Театрдың республикалық деңгейдегі жетістіктерін айтпағанда, өзге де ірілі-ұсақты өнер бәйгелерінен алған марапаттары жетерлік.
Театрдың 25 жылдық ғұмырнамасына көз тастасақ, көңіліңіз көркейіп, жаныңыз жұбанады. Себебі, егемендікті енді алған шақта ұлттық руханиятқа шөлдеп, тілі шұбарланып, қазақы мәдениеті жұтап тұрған өңірлердің бірі Көкшетау өңірі еді. Сол бір олқылықтың орнын толтырып, өткенімізді қайта жаңғыртып, өшкенімізді қайта маздатып руханият пен мәдениеттің шырағын жағып, алтын шапақты шұғыласын шашып тұрған қазіргі киелі өнер ордасы ол – Көкшетаудағы облыстық қазақ театры.
Театрымыздың биылғы мерейлі 25 жылдығы қарсаңында труппамызға 8 бірдей жалынды жас талант келіп қосылды. Жас өнерпаздар Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері. Олардың алтауы – актер, екеуі – режиссер. Болашаққа үлкен үміт артып келген бұл жас дарындардан күтеріміз зор. Олардың бәрі театр ұжымының жаңа бір шығармашылық белеске шығуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.
Театр ұжымы әлемді жайлаған пандемия кезіндегі карантиндік шектеулер негізінде біраз уақыт көрерменінен қол үзіп қалғанымен, онлайн түрінде өз қойылымдарын үзбей көрсетті. Елдегі ахуал өз қалпына келіп, жағдай дұрысталса, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қара шаңырағымыздың 25 жылдық мерейтойына орай III «Аймақтық театрлар фестивалін» ұйымдастыруды да жоспарлап отырған жайы-
мыз бар.
Театрымыздың 25 жылдығына орай, биыл көрерменді көптеген жақсы жаңалықтар күтуде. Солардың бірі 10-11 наурыз күндері өтетін Елена Баранчикованың «Шыңғыс хан» драмасының премьерасы. Режиссері Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов.
Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер саналатын театрға құштар көрерменді және осы театрдың өзегіне қан жүгіртіп, талмай еңбек етіп келе жатқан театр қызметкерлерін мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Оң-солын таныған, талғамы биік, қадамы нық, мақсаты айқын 25 жастағы жалынды театрдың алар асуы мен шығар биігі әлі алда деп сенеміз.
Сәні мен сәулеті келіскен қазақ театрының ғимараты айшықты бейнесімен сонадайдан көз тартып, көктем шырайлы Көкшетаудың ажарын айшықтап, мәңгі жасай берсін!

 

 

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ,
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар