Қарапайым дене жаттығулары не береді?

«Бірінші байлық – денсаулық» деген нақылды білмейтін адам жоқ шығар. Дегенмен де, осындай қарапайым ақиқатқа күнделікті өмірде мән беріп жатқан жандар аз.  Адамдар денсаулықтың қадірін тек ауырғанда ғана біледі және олардың негізгі  денсаулықты сақтау тәсілдері – емханаға барып, дірігер жазып берген дәріні сатып алып ішумен шектеледі. Содан болар, бүгінде емханаларда кезек күткен адамдар легі жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес.

Күнде таңертеңгілік 15-20 минут денешынықтыру жаттығуын жасау адамға не береді? Бұл жөнінде медициналық терминдермен ғылыми тілмен баяндаудың еш пайдасы болмас, өйткені, ондайларды көбіміз әр жерден оқып, естіп жүрміз. Осы жайды қарапайым  ұғынықты тілмен, қисынға (логика) салып баяндап көрейік.
Денешынықтыру жаттығуын жасағанда жүрек қатты соғып, тыныс алу жиілейді. Бұл жұрттың бәріне белгілі жай. Ал енді осыдан адам ағзасына қандай пайда келеріне назар аударып көрелік. Өзіңіз таңдап алған денешынықтырудың кешенді жаттығуын жасау барысында жүрегіңіз қатты соға бастайды. Жүрек соғысы жиілеген кезде қан ағысы шапшаңдайды. Ал, қан ағысы шапшаңдауымен бірге қан тамырлары ақырындап кеңиді.
Мәселен, суды ойпаң жермен ағызса, су ақырындап әлгі ойпаңды үңгіп кеңіте бермек. Сол сияқты қатты қан ағыны тамырларды кеңітеді. Яғни, денешынықтырудың нәтижесінде қан тамырларыңыз кеңиді. Ал, қан тамыр кеңісе қанның ағысы жақсарады. Қан ағысының жақсаруы денсаулыққа игі ықпал ететіні  бес жасар балаға да белгілі ақиқат. Бұл – бірінші пайдасы.
Денешынықтыру барысында жүректің соғуы жиілеп, қатты соға бастайтынын жоғарыда айттық. Осының нәтижесінде жүректің бұлшық еттері созылып, жетіледі. Яғни, денешынықтыру арқылы жүректің бұлшық еттері дамып, оның жұмысы жақсарады. Инсульт, инфаркт деп аталатын аурулардың бәрі жүрек бұлшық еттерінің әлсіреуінен туындайтыны шындық. Бұл – екінші пайдасы.
Денешынықтыру барысында сіз қатты ентігіп, демала бастайсыз. Яғни, демалысыңыз жиілейді. Осының арқасында өкпенің жұмысы жылдамдай түседі. Өкпенің бұлшық еттері де созылып, жетіледі және жұмыс істеу қабілетін жақсартады. Бұл – үшінші пайдасы.
Жүрек пен өкпенің жақсы жұмыс істеуі және қан тамырларымен қанның кедергісіз жалдам ағуы – бұл адам денсаулығын жақсартуға әсер ететін ҮШ НЕГІЗГІ БУЫН. Осы үшеуі дұрыс болса, денсаулығыңыз жақсы болмақ. Ал, бұл үшеуінің жақсы жұмыс істеуі – қарапайым денешынықтыру жаттығуларының арқасында болады.
Таяуда ресейлік телеарнадан артық салмақтан зардап шеккен 28 жастағы жігіт туралы хабар көрдім.  Бар өмірі төскте өтетін әлгі бейбақтың салмағы 300 келінің үстінде. Денесін май басқан жігіт орнынан әзер тұрып, компьютер столына отырып, күніне бірер сағат компьютер қарайды екен. Бар шаруасы осымен бітеді. Қалған уақыты түгел төсекте өтеді.
Оның жүрегінің әлсіздігі сонша, орнынан тұрып әжетханаға барып келгенше өкпесі қысылып, ентігіп қалады екен. Қиыр Шығыста тұратын сол жігітке Мәскеудің емханасының мамандары көмектесіп, артық салмақтан арылтпақ болады. Олар бұны тегін жасап беруге келіседі. Ол ұшаққа билет те алып қояды. Дегенмен, кейін дәрігерлер тексере келе оның ұшақпен ұшуы қауіпті деп шешім шығарады. Жүрегінің әлсіздігі сонша, ол ұшақпен ұшуға жарамайды екен. Содан пойызбен бармақ болады. 300 келі тартатын семіз жігітті пойызға салу да оңай болмаса керек. Ақыры не болды дейсіз ғой? Жүрегі әлсіз (жүрек бұлшық еті жетілмеген) әлгі бейбақ пойызға отырғызу барысында ана дүниеге аттанып кетіпті. Әлсіз жүрек сәл-пәл артық қимылды да көтере алмай, тоқтап қалса керек.
Өкінішке орай, бүгінде адамдардың көбі сол семіз жігіт сияқты жүректерін май басқан, сәл-пәл дене қимылын жасаса ентігіп, әлсіреп қалады. Бүгінде әлемде жыл сайын жүрек қан тамыр ауруынан 50 миллиондай адам өледі екен. Екінші дүние жүзілік соғыста бес жылдың ішінде 50 миллион адам өлді деп тарихшыларымыз жазып жатыр. Ал, еш соғыссыз жылына 50 миллион адам жүректен қайтыс болып жатқаны ешкімді толғандырмайды.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар