Алғыс айтып, ризашылық білдірді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, ондағы өндірістің жайымен танысты және осында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.

Облыс әкімі алдымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында құрылған «Smart Aqmola» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жобалық кеңсесіне барды.
«Smart Aqmola» өңірдегі цифрландырудың негізгі жолсерігі болады. Жақында мұнда «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі ашылды. Оған қаладағы полиция (102), медициналық жедел жәрдем (103) және төтенше жағдайлар қызметі (112) сияқты барлық жедел қызметтер біріктірілуде. Бұдан бөлек, мұнда iKOMEK 109 бірыңғай байланыс-орталығы қосылған. Осылайша бір қоңырау арқылы қажетті қызметтердің барлығы қамтамасыз етіледі.
– Бұл барлық қызметтердің жұмыс тиімділігін арттырып, келіп түскен хабарламаларға бірлескен күйде жедел түрде әрекет етіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді «Smart Aqmola» жобалық кеңсесінің басшылығы.
Өткен жылы кеңсе тұрғындардан 2000-нан астам телефон қоңырауы түсіпті. Осы ретте, облыс әкімі тұрғындармен кері байланыс орнату керектігін атап өтті. Бұдан бөлек, Ермек Маржықпаев осында қызмет істеп жатқан қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Сонымен қатар, облысы басшысы Әуелбеков көшесінің бойында орналасқан «GalaTex» тігін цехының тігіншілерін де 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады. Цехтың иесі, кәсіпкер Жансұлу Мақсұтова өз бизнесін бес жыл бұрын бастаған екен. Бүгінде табыс жылына 1,5 миллион теңгеден 13 миллион теңгеге дейін өскен. 2016 жылы кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнесті дамытуға 3 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Бастапқыда тігін цехында 3 адам еңбек етсе, қазір тігіншілер саны 25-ке жетіп отыр. Бірте-бірте цех тігетін төсек-орын жабдықтарына қала тұрғындарынан сұраныс артып, өндіріс көлемі ұлғайған. Қазір Жансұлудың Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қалаларында «GalaTex» маркалы тоқыма бұйымдары сатылатын «Галактика» дүкендер желісі бар. Кәсіпкер алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында да дүкендер желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұдан әрі облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Беларусь» тракторлары мен оның тіркемесін, сондай-ақ, түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларды құрастырып шығаратын «КАИК» серіктестігінің өндіріс орнында болды. Аталмыш кәсіпорын өткен жылы жаңа желінің құрылысын бастап, өндіріс көлемін ұлғайта түскен.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар