Індетпен күресіп жүргендерге алғысым шексіз

Мен, зейнеткер Хауез Хасенбайұлы Дарбаев 2021 жылдың 27 қаңтарында дене қызуымен және ПТР тестіге оң анализбен жұқпалы аурулар орталығына түстім.

Мұнда 9 корпус бар. Оның алтауында науқастар жатады. Әр корпуста 40 адамнан орналасқан. Сонда реанимацияны есептемегенде 240 науқас бар деген сөз. Мені алғашында 6 корпустың F блогына 9-ыншы палатаға жатқызды. Үш орындық палатада басында біз екеу болдық. Ал, кешкісін облыстық ауруханадан COVID-19-ға шалдыққан сал ауруына ұшырап қалған науқасты алып келді.
Мен кезекші дәрігер Әйгерім Мұратқызы Жұматаеваның жетекшілігімен медбикелер Қайныш Дәулетқызы Оспанова, Салтанат Қадыржанқызы Құрманбаева, Динара Абайқызы Болатованың және кіші медперсоналға жататын санитарлардың оны түні бойы қалай қарап, күткенін көрдім. Бес-алты рет денесін сүртті, қатты терлегендіктен жуындырды, бірнеше рет аударып жатқызды. Соның бәрі кәсіби түрде, жанашырлықпен жасалды.
Таңертең басқа медицина қызметкерлерінің бригадасы келді. Олар 8 сағаттан жұмыс істейді. Орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Аймұханбетқызы Жұматаева және осы ауысымның емдеуші дәрігері Ақмейір Қарамендіқызы Төлебаева кеше кешке түскен науқастың жағдайымен танысып, оны жан-жақты қарап шықты. Ал, медбикелер мен санитарлар болса, олар да көмекке келіп, науқастың бабын табумен болды. Көбі медициналық оқу орнының студенттерінен тұратын кіші медициналық персонал өте жылдам, үйлесімді жұмыс істеді. Осы арқылы мен нені көріп, нені байқадым? Ол – дәрігерлер, медбикелер мен санитарлардың қай-қайсысы болсын әр науқаспен жіті жұмыс істей білетіндіктері.
Өз басым бұл жандарға өте ризамын. Әрі біздің елде осы денсаулық сақтау саласын әлемдік деңгейге көтеру керек деген ойдамын. Себебі, бұл жандар денсаулық күзетінде тұр ғой.
Осы орталықта мен сол қаңтардың аяғынан 16 ақпанға дейін ем қабылдап, үйіме жазылып шықтым. Сол үшін мені емдеп, күткен жандардың бәріне басымды иіп, алғысымды айтамын. Олар әр саладағы дәрігерлер Сәуле Айтмұханбетқызы Жұматаева, Әлия Мұратқызы Түсеева, Бағдат Құрманұлы Исабеков, Әйгерім Мұратқызы Жұматаева, Ақмейір Қарамендіқызы Төлебаева, Мархаббат Ысқаққызы Әлиева.
Сондай-ақ, мұнда науқастардың жұқпалы жаман аурудан жазылып шығуына медбикелердің де еңбегі бір төбе. Осы ретте, Қайныш Дәулиқызы Оспанова, Салтанат Құрманбайқызы Қадыржанова, Динара Абайқызы Болатова, Айгүл Доскенова, Алтын Байғожина, Ләззат Ахмедиярова, Светлана Аметова, Алмагүл Қапарова, Тұрсын Қарағызова, Гуля Тілеубаева, Ирина Петровна Вайгум, Алмара Кежмұқанқызы Сембаева, Дина Жаңабергенова, Айсұлу Назароваларды ілтипатпен ауызға алғым келеді.
Орталықта науқастарды қарап, күтуде негізгі жүктің бірі кіші медициналық персоналға, яғни, санитарларға түсетіні белгілі. Сондықтан, Алмажан Әубәкіров, Гүлмира Шаяхмет, Оралбай Бақдәулет, Ибрагим Саханов, Аида Ахметова, Торғын Сүйенішева, Нүрия Хайрулина, Дана Шынғожина, Рауф Мұхамеджанов, Олеся Юшкова, Диана Аужан, осы жүкті қайыспай көтеріп жүрген жандар. Палатаға тағам таратушылар Виктория Глебова, Әльнара Сабырова, Дина Илиянова, Айдана Темірбековаларға да алғысым бір бөлек.
Міне, бізді қатерлі аурудан аяғымызға қойған бейбіт заманның осы ерлеріне рахметтен басқа айтарым жоқ. Күні-түні талайға ауыз салған коронавируспен шайқасып, өздерінің ел алдындағы парыздарын адал атқарып жүрген осы аяулы жандардың бәрін көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз күнімен, сондай-ақ, алдағы Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтап, жеке бастары мен отбасыларына зор денсаулық, өмірдің бар жақсылығын, ырыздық пен қуаныш тілеймін. Қайтсем біздей науқастардың бабын табамын, оларды емдеп, жазамын деп жандары жай таппай жүрген осы бір ардақты дәрігерлер қауымына алғысым мен ризашылығымды жеткізбекші болып, қолыма қалам алғаным өте орынды ғой деп білемін. Өздерін бір сәт газет бетінен көріп, еселі еңбектерін, жылы мейірімдерін бағалайтын риясыз көңілімізге қуанып, бір жасап қалсын.
Хауез ДАРбаев,
зейнеткер.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар