Әйел – ғажайып бір әлем!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Болашақ» сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өткен мерекелік шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Шырайлы көктеммен бірге келетін Халықаралық әйелдер күні барша әйел затының табиғат-анадан дарыған сұлулығын, нәзіктігін, адамзат атаулының арасында алатын биік орнын айшықтай түсетін ерекше мереке. Бұл күні нәзік жандыларға ақжарма тілектердің арналып, сый-құрмет көрсетілуі заңдылық. Мерекелік шарада сөйлеген сөзінде облыс әкімі әйел затына деген құрметін жеткізіп, ақжаулықты аналарды, қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
–Халқымызда «Алып анадан туады» деген дана сөз бар. Тіршілік бастауын көктемнен алса, адамзат өз өмірінің бастауын анадан алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы және бала институтын қолдау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау шаралары тұтас халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бүгінгі қоғамда әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ол мемлекет пен қоғам өміріне белсенді араласатын тұлға. Осы күні облысымыздың нәзік жандылары түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, өңірдің дамуына лайықты үлестерін қосуда, – деген облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыста әйелдер басқаратын кәсіпорындар саны жыл сайын ұлғайып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде барлық бизнес субъектілерінің тең жартысын әйелдер қауымы басқаруда. 100-ден астам үкіметтік емес ұйымдарға қыз-келіншектер жетекшілік етуде. Қай заманда да қоғамымызда алтын құрсақ аналардың орны жоғары екенін айта келе, өңір басшысы қазіргі таңда облыста 15 мыңнан астам көп балалы ана барын, оның алты жарым мыңы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері екенін атап өтті. Сондай-ақ, егемендігімізді нығайтуға қосқан үлестері үшін ардагер аналарға ерекше алғысын жеткізді.
Бұл күні облыс әкімі «Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, жеті бала туып, тәрбиелегені үшін Көкшетау қаласының тұрғыны Тәттігүл Әукенованы «Алтын алқамен» марапаттаса, алты баланы дүниеге әкелген Юлия Раченко мен Диана Райымбекованың кеудесіне «Күміс алқа» алқасын тақты. Салтанатты шарада Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертмейстері Жұлдыз Жүзбаева «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар ақмолалық арулар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарын алды. Мерекелік шара облысымыздың шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен өз мәресіне жетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың құттықтауы

Қымбатты қыз-келіншектер мен әйелдер!
Көктемнің тамаша мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Бұл жарқын күн әрқашан гүл шоқтары мен сыйлықтарға, қуаныш пен шаттыққа, Сіздердің шат күлкілеріңізге толы.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілетін биылғы 2021 жылы біз туған еліміздің қарыштап дамуын қазақстандық әйелдердің жарқын істерінсіз көз алдымызға елестете алмаймыз.
Сіздерге осы бір еңбектеріңіз, жоғары белсенділіктеріңіз үшін шынайы алғыс сезімімізді, құрметіміз бен ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің баршаңызға – жұбайларымызға, аналарымыз бен әжелерімізге, қарындастарымыз бен қыздарымызға, әріптестерімізге бұл орайда айтар алғысымыз шексіз. Сіздер ер азаматтармен бірге сан алуан салада жоғары кәсіби жетістіктерге қол жеткізіп келесіздер. Тіпті кейде бізден де зор қажыр-қайрат танытып, таңырқатып тастайтын да кездеріңіз аз емес. Отбасы бақытын сақтап, балаларды тәрбиелеп, егде адамдарды қамқорлыққа бөлеп отырған Сіздердей жандардың бәрі де біздің үлкен сүйіспеншілігімізге лайық.
Осы күні әсіресе, коронавирус пандемиясымен күрестің алдыңғы шебінде жүрген біздің қайтпас қайсар қыз-келіншектерге деген алғысымыз зор. Біздің медициналық қызметкерлер, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де осынау бір ауыр сынақты лайықты жеңе білуде.
Сүйікті қыз-келіншектер мен әйелдер!
Осы бір тамаша мереке Сіздерге қуаныш пен бақыт әкелсін, барлық аңсаған армандарыңыз орындалатын болсын. Өздеріңізді тағы да бір мәрте шын жүректен осы көктем мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, отбасылық бар жақсылықты және жан шуағын тілеймін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар