Әйгілі актрисаның өмірлік өнер мектебі

Баспадан Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың 80 жылдығына орай, өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмірлік өнер мектебім» атты кітабы жарық көрді. Актрисаның бар саналы ғұмыры шынайы да әсерлі суреттелген кітаптың тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, өнер иесін көктемнің көрікті мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен және кітабының шығуымен құттықтады. Кітапты облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова құрастырып шығарып отыр.

Кітаптың тұсаукесері Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында өткенінде үлкен мән бар. «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен бұл шығармашылық кешке облыстың танымал ақын-жазушылары, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Кешті талантты өнерпаз Ерлан Мұхамедияров жүргізіп, актрисаның киелі театр сахнасында өткен жемісті жылдары мен жеңісті жолдары туралы көптеген мәліметтер келтірді. Жиналған қауым назарына облыстық «Көкше» телеарнасы әзірлеген «Жібек жолы» атты шағын бейнеролик ұсынылды.
Іс-шара барысында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев алпыс жыл ғұмырын сахнаға арнаған тұлғаның өзі жайлы, өнері жайлы толғаған тағылымды кітабы туралы пікірлерін ортаға салды. Тұсаукесерде сөз сөйлегендердің пікірінше, кітапта Жібек Бағысованың әсерлі естелік әңгімесімен бірге, көкшелік өнер, мәдениет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, журналистердің өнер тұлғасына деген жүрек жарды пікірлері, толғаныстары, тебіреністі жыр-өлеңдер орынды қамтылған. Әсіресе, тарлан ақын, жазушы, журналистер Төлеген Қажыбай, Баянғали Әлімжанов, Өмірзақ Мұқай, Иран Ғайып, Серік Жетпісқалиев, Ерболат Баятұлы, Байқал Байәділов, Бақберген Амалбектің, белгілі ел азаматтары Иран Тасқара, Мұрат Ыдырысовтың алғаусыз сезім, шынайы көңілден шыққан жүрекжарды пікірлері мен толғаныстары жинақ шырайын кіргізіп тұр.
Кітаптың құндылығын «Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ-музыкалық драма театрының сахнасынан сыр-суреттер», «Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ-музыкалық драма театрының сахнасынан сыр-суреттер», «Сахнадағы кейіпкерлерім», «Естен кетпес естеліктер», «Әріптестерім мен достарым», «Отбасым» сияқты бөлімдер арттыра түсіп тұрғаны анық.
Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік комиссиясы мүшелерінің пікірінше, кітап оқырмандарға, әсіресе, өнер сүйер жас буынға тағылымы мол, ғибратты дүние болып шыққан. Осы бағытта бүгінгіде ауқымды шаруалар атқарылып жатқанда аталмыш кітаптың өнерге қанат қаққан жас буынға берері мол. Кітаптың тек өнер адамдары емес, жалпы қалың оқырман қауым үшін де тәрбиелік мәні зор.
Өз кезегінде Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова өнер жолында кезіккен игі жақсылар мен жайсаңдарға, сахнада ду қол шапалақ соғып, көтермелеген патша көңілді көрермендеріне, облыс орталығында осыдан 25 жыл бұрын іргесі қаланған театрда өзімен сахналас болған әріптес іні-сіңлілеріне шын көңілден шыққан жүрекжарды тілектерін білдірді. Толқыныспен тебірене сөйлеген театр анасы кеш барысында осыдан бірнеше жыл бұрын бенефисіне арнайы жазылған жыр-жолдарын оқып берді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар