Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент

Тәуелсіздік құбылысы Ұлы дала төріндегі Мәңгілік ел идеясымен, мемлекеттің қамал-қорғанындай шекарасымен, қорғаныс қабілетімен, ұлттық-тарихи санасымен, ана тілімен, ата дәстүрімен, Ата Заңымен, желбіреген көк Туымен, Елтаңбасымен, Әнұранымен, төл теңгесімен, бірегей рухани құндылықтарымен, ғылыми-шығармашылық әлеуетімен, асқақ та айбарлы астанасымен, ұлы көшті жанартаудай лапылдап, жасындай жарқылдап жаңа өріске бастаушы Елбасымен төркіндес.

Елбасының көптомдық «Таңдамалы сөздер», «Тәуелсіздік дәуірі» тәрізді энциклопедиялық сипатқа ие еңбектерінде Тәуелсіздіктің эпопеясы: тарихи әділеттілік салтанаты, мемлекет құрудың стратегиясы, мемлекет құрылымдарын жасақтау, сот билігін қалыптастыру, көші-қон керуенін жүзеге асыру, Қазақстанның еуразиялық көшбасшылығы, мемлекетті басқару жүйесі, Қарулы Күштер реформасы, әлемдік дінбасылардың бас қосуы, мемлекеттік-әлеуметтік саясаты, Қазақстанның бітімгерлік миссиясы, Ұлы дала елі тарихындағы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жайында толық баяндалған.

Ұлт тарихындағы Қазақ хандығы дәуірі – тарихи ерліктер мен рухани игіліктер жасаған, Ұлы далада ту тіккен ардақты, арыстандай айбарлы хандарымыздың, атамекенін қорғаған, жауына жолбарысша ұмтылған, сағымға садақ ілдірген, аттың жалында, атанның қомында ғұмыр кешкен тархандарымыз бен баһадүр батырларымыздың, халықтың ақыл-аузы, арқан-қазығы – көсем би-шешендеріміздің, Отанымыздың ерлік-жауынгерлік дәстүрлерін жайната толғаған жырауларымыздың керемет заманы болды.

Жаралғалы бері адам баласы өмір бойы жұмақ елді, жұмақ жерді, еркіндікті, бақытты іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – біздің түркілік дүниетанымымыздағы Өтүкен, қазақ ұғымындағы – Жиделі-Байсын, Асан қайғы желмаяға мініп, шарқ ұрып іздеген Жерұйық. Біздің бабаларымыз сол жұмақты Ұлы даладан тапқан.

Байырғы байтақ тарихымызда 552-745 жылдарда Түркі қағанатының территориясы, әскері, ел басқару жүйесі, жазба мәдениеті (алфавиті), тілі, діні, ұлттың рухы мен санасы, яғни философиялық-көркемдік дүниетанымы, шығармашылық дәстүрі, елдік-мемлекеттік тарихы, саяси-әлеуметтік көзқарасы болғанына: «Ілгері – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейін – күн батысында, сол жақта – түн ортасында, осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарады, халықты осынша көп еттім», я болмаса: «Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен. Төрт бұрыштың бәрі соларға қараған, сарбаздарымен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткен, бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген. Ілгері – Қадырқан қойнауына дейін, кері – Темір қақпаға дейін жайлаған. Екі аралықта жүрген иесіз көк түріктерді осылай қоныстандырған» деген өшпестей етіп, тасқа қашап тұрып жазған асыл мұрасы куә бола алады.

Заманында дүниенің төрт бұрышын алған, дүниенің төрт бұрышын аузына қаратқан, Ұлы даланы дүбірлеткен ер Түріктің бүгінгі ұрпағы сол байырғы байтақ далада Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап ғибратты, тағылымды той өткізді.

Ата тарихын танып білетіндей, ел санасына сіңіретіндей ұлан-ғайыр шаралар өтті. Дүйім жұрт байтақ тарихының, ел билеген хандарының, сөз ұстаған билерінің, қол бастаған көсемдерінің болғанына тағы да көздері жетіп, мәз болысты. Тойдан жарқын із қалды. Құлаш-құлаш мақалалар, том-том кітаптар жазылды. Хандық орнаған өлке – құт мекен Жамбыл облысы, көне Тараз қайта түледі. Сөйтіп еліміз, Отанымыз үшін, ұлан-ғайыр байтақ тарихымыз үшін, Ұлы даланы дүбірлеткен бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігі үшін бәрімізді мақтаныш сезімі биледі. «Қазақ тарихы – ешкімнен ұялмайтын тарих, үнемі бірігу, тұтастану тарихы. Біз – Ұлы даланың перзентіміз» деген Елбасының сөзіне қайта қанықтық, қайта жігерлендік.

2015 жылы 11 қыркүйекте елордада, Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Сол тарихи жиында Елбасы: «Біз – Ұлы даланың мұрагерлеріміз» атты баяндама жасады, тебіреніп сөз сөйледі.

«Мәңгі елдігіңді сақтау», «Ел ұстап төрелік ету», «Барлық сөзімді айтар, мәңгі тасқа бастым», «Ел тұтатын жер осы Өтүкен қойнауы еді», «Көкте Түрк Тәңірісі, Түрктің қасиетті жері, суы», «Түрк халқы жойылмасын, Ел болсын» дейтін Күлтегін жазуындағы кемеңгерлік толғамдар Елбасының сөзінде ақ алмастай қайта жарқырады. Замана толғатқан, ғасыр тудырған, халықтың арман-тілегінен жаралған асыл тұлға Елбасы «батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін» елдігіміздің іргетасын одан сайын бекітіп, ұлт, тіл, дәстүр, діл, дін тұтастығын көздің ағы мен қарасындай сақтап, бойтұмардай ұстап, Қазақ елінің «айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың» керемет, кесек қимыл-әрекеттерін, отаншылдық рухын шалқар шабытпен, ғұламалық, білімпаздық зердемен, мейірлене толғап, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлағанын, Қазақ хандығы «Еуразияның Ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы ұлы Түрік хандығы, Дешті-Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері» екенін айрықша қадап айтты.

Елбасының «Тарих толқынында» кітабының алтын арқауына құрылған ғажайып театрландырылған қойылымда тарихи сана-зерде айнасында мыңжылдықтардың мәдени жады тізбек-тізбегімен қопарыла қайта тірілді. Баба тарих, Ұлы дала елі, Алтын Орда мен Қазақ хандығы, тәуелсіз Қазақстан заманы дүние төрінен, дәуір биігінен сөйлеп тұрғандай болды.

Мыңжылдықтар тарихы, бүгінгі «ұлы түркі елінің қара шаңырағы», «тарихымыздың жаңа шамшырағы», «Ұлы дала елі» – Қазақстанның аршынды қадамдары, тыныс-тіршілігі тұтастай айшықты суреттелді. Тарих толқындарындағы Қазақ елінің этномәдени тұтастығы, тарихи-тәжірибелік танымының тереңдігі, «ұлттық сана яғни ұлттың жан-жүрегі», дәстүрлі һәм көп қыртысты мәдениеті болғаны, ел басқару жүйесі барынша кемел, толық сипатталды.

«Мәңгілік ел» қойылымының «Сақтар. Сарматтар. Ғұндар» дейтін бірінші бөлімінде көрерменнің көз алдына тарих тұңғиығындағы мыңдаған жылдар бұрынғы мемлекет келешегін діттеген өжет, өнерлі аталардың жолы Құс жолындай сайрап, қиял құстарын қалықтатты. Ел ұйыды, сілтідей тынып қызықтады.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сан ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ болып қонды. Отанымыз тәуелсіздік құшағында асқақтап, замана тарихтың ұбақ-шұбақ көшінің нешеме алуан қисапсыз суреттері, тағдыр тәлкегіне душар болған халқымыздың хал-ахуалы, зобалаң-дүрбелеңдері әлгі қойылымда көз алдыңда қайта тізілгендей, «Елім-айдың» зарлы-мұңлы әуені естілгендей; Ұлы дала – ұлт рухының шарайнасы, бақ-дәулеті, Ай мен Күндей баға жетпес, теңдесі жоқ қазына болып қайта жаңғырды. Орманбеттің: «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» деп жырлайтыны; Қошке Кемеңгерұлының: «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ержетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп толғанатыны; Мағжан Жұмабаевтың: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой» деп жүрегіне бөлеп жырға қосатыны көпшіліктің туған жерге деген махаббатын күшейте түсті. Бағзы заманғы алтынжалды арғымақ мінген атақты қолбасшы Еділ батырдың, Түркі қағанаты дәуіріндегі Естеми, Бумын қаған, Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін тәрізді қағанат қаһармандарының ерлігі қайта жарқырап көрінді.

Қазақтың ойшыл ақыны, шежірешісі Шәкәрім Құдайбердіұлының:

Айтайын Аттиланың қылған ісін,

Сиқыр деп ойлаған қайрат-күшін.

Азияны түгел билеп, Еуропаның

Көбі ауған Аттиладан қорыққан үшін – дейтін сөзі де;

Немесе Сұлтанмахмұттың:

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,

Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп…

Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,

Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,

Талай царь, талай кінәз тәжім еткен, –

дейтін жыр жолдары да ұлы бабалардың ерлік істерін айғақтай түскендей.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен Абылай хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай сынды баһадүрлердің, сонымен бірге Ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушылары Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесарылардың қан кешудегі, нар кешудегі жорықтары Ұлы даланы қорғаудағы теңдесі жоқ ерліктің жарқын мысалдары еді. «Сар дала – сары атандай жауыр еді» деп Жұмекен ақын зар илегендей, бұл ел теперіштің, небір зұлымдық, небір жыртқыштықтың бәрін көрді. Дала данагөйі Бұқар жырау күнбатыстан бір қорғасындай қара бұлт шығып, қазақ даласын ойран-топыр ететінін көрегендікпен сезінді, зар заман ақындары Дулат, Шортанбай, Мұраттар отарлық езгінің елге, жерге, дінге, тілге тигізер зиянын зар еңіреп тұрып жырға қосты. Олар дәстүріміздің, эпостарымыздың түбіне балта шабылатынын күні бұрын сезіп, күйінді.

ХХ ғасыр басында қазақтың бетке ұстар ай мүйізді серкелері ұлы Абайдың, Науан хазіреттің, Сәдуақас Шормановтың үйлері тінтілді, қолжазбалары тәркіленді. Науан хазірет Сібірге жер аударылды. Ақылды, арлы туған, ұлтының ұлы мұратын жоқтаған, ұлт тәуелсіздігін, мемлекет егемендігін көксеген Алаш зиялылары шетінен атылды. Бұл орайда Елбасы «Алаш мұрасы және осы заман» атты ой-толғаныстарында «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ; Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Халел және Жанша Досмұхамедовтер, Ж.Қосшығұлов сынды қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық Һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», деп жазады Елбасы. (Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы, «Атамұра», 2003. 175-бет).

Елбасы бұл ретте мемлекеттің іргетасының беріктігі – ұлттық идеологиямен, ұлттың сана-сезімінің жоғарылығымен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, ұлттық рух, мүдде, намыс тәрізді асқақ қасиеттермен өлшенетініне, халық даналығына, оның сана-зердесіне, танымдық жүйесіне негізделген ұлттық мәдениет – мемлекет көркеюінің кепілі екеніне ерекше назар аударады. «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Қазақта мынандай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз», дейді Елбасы. (Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы «Атамұра», 2003. 267-бет).

«Енді сол бабалар алып берген кең-байтақ өлкемізді түгел құлпыртып, түгел көркейту – біздер мен ертеңгі жеткіншектердің үлесіне тиіп тұр», деп түйіндейді Елбасы.

Елбасы айтқандай, біз – дербес мемлекеті бар, ана тілі мемлекеттік тілге айналған бақытты ұрпақпыз. Бұл ретте Елбасы ана тіліне, оның қоғамдағы орнына, келешегіне, ұлттық егемендік, ұлттық дүниетаным ең алдымен ұлт тілі мен санасына қатысты екеніне, ұлттың үлкен төрт қамалы – әскер, тәуелсіздік, тіл және ұлттық сана екеніне баса назар аударады.

Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлттық, мемлекеттік, стратегиялық, философиялық, мәдени-тарихи мән-мағынасы мейлінше кемел, терең мақалалары мәдени өрлеуімізге соны серпін берді.

Елбасының ұлт рухын, халық тарихын және мемлекетіміздің келешегін, даңқты бабаларымыздың ұлы еңбегін алтын арқау еткен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – жан-жүйемізді тебірентіп, неше мыңжылдық тарихы бар қыран текті еліміздің арғы-бергі шежіресін жаһан алдында толық, айқын мәлімдегені – кемелдік пен тереңдіктің, көсемдік пен кемеңгерліктің көрсеткіші, ұлт тарихындағы айрықша құбылыс.

Елбасы Ұлы даланың ұлық қасиеттерін, керемет сипаттарын, қасиетті қазынасын даналықпен жіктеп-жүйелеп, киелі еліміз бен жеріміздің адамзат өркениетіне қосқан «ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарын» айшықты айқындап, дәйекті дәлелдеп берді. Ұлы дала тарихындағы кеңістік пен уақытты тұтасымен толғап, энеолит заманындағы «Ботай» қонысындағы жылқы шаруашылығының қарыштап өркендегеніне, жылқыны пайдалану мәдениеті мен стратегиялық мақсатқа қолданылуына, металл қорыту әдіс-тәсілдеріне, Аң стилі феноменіне (табиғат пен адам болмысының үйлесіміне), алтын өңдеу техникасына, б.ж.с. бұрынғы І мыңжылдығының ортасында Түркі дүниесінің тарих сахнасында пайда болуына, Ұлы Жібек жолының күретамыры орналасқан ел екенімізге мемлекеттік деңгейде ерекше мән бергені тарихи сөз болды.

Елбасының мына бір тарихи ойлары ұлттық ой-сананы сәулелендіреді: «…Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды», «Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді», «Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды».

Түркі әлемінің шығу төркініне, тұлғатануға қатысты өрелі, өнегелі ой-байламдары, ғылыми-шығармашылық әлеуеті, мемлекет дамуына деген кемел көзқарасы, биік парасаты, Ұлы даланың жеті қырына деген іңкәрлігі – мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастықтағы дәрежесі мен мәртебесін танытады.

Рухани-ұлттық құндылықтар, қасиетті ұғым-түсініктер, әдептілік, ізгілік, сүйіспеншілік, рақым, мейірім, ар-ождан, иман, намыс, ерік-жігер, жауынгерлік дәстүрлер, ұлттық фольклордың жауһар үлгілерінің мақамдары, сарындары, көркемдік құбылыстары ұрпаққа ананың сүтімен ананың әлдиімен дариды. Сөйтіп ол ұлт тілінің рухын, гармониясын қабылдайды. Ұлттық сана осылайша қалыптасады. Ұлттың санасы мейлінше жоғары болса, рухани-мәдени құндылықтар әлемі де соншалықты биіктеп, қоғамға, келешекке пәрменді үздіксіз қызмет ете береді. Бұл орайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың бас адамдары! Қазақтың байлары, күштілері! Алашқа аты шыққан адамдар, көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген аталы сөзін ешқашан естен шығаруға болмайды.

«Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу де ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі», деген екен Мұстафа Шоқай.

Әйтеке бидің дауылпаз үнінде, сегіз қырлы семсердей тілінде: «Біз қазақ деген – бір ұяның балапаны едік, сұңқар болып жетіліп, самғап ұшайық! Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік, орман болып жайқалып, жасылданайық! Біз қазақ деген – бір биенің құлыны едік, тұлпар болып жетіліп, бәйгеден озайық! Біз қазақ деген – бір дастарқан едік, атамекенді түгел қамтиық» дегені, әсіресе бүгін ерекше естіледі. Дананың осы бір сөзінде рух, сезім, сенім, тазалық, ар-ождан шебер, әдемі қиюласады. Қазақтың арғы-бергі заманындағы ұлыларының бәрі де ұлтын әлпештеп, сүттей ұйыған бірлігін жүректеріне бөлеумен келеді. Сүйінбай ақын да қырғыз Қатағанмен айтысында бүкіл қазақтың атынан сөйлеп, ұлтының рухын аспанға көтерген еді.

Елорда – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық – бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның болашақ мемлекеттілігінің негізгі сипаттары менің ұғымымда 1991 жылға жетпей тұрып-ақ қалыптаса бастаған-ды», деп мәлімдеген-ді (Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы: Атамұра, 2003. 121-бет). Тегінде, мемлекеттік-саяси және геосаяси факторлар: мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, халықаралық және ғаламдық қауіпсіздік. Халықтық-ұлттық рух пен ұлттық генофонд, стратегиялық және тактикалық шараларды мұқият жетілдіру, мемлекеттік шекараны делимитациялау Елбасының салиқалы істері, даналық дәрістері еді.

Ал бұлардың ішінде астананы көшіру идеясы – ел тарихындағы, тәуелсіздік жолындағы ұлы идея, ұлы құбылыс.

1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау» туралы Жарлық шықты. 1997 жылдың желтоқсан айының 10 жұлдызында Қазақстан Республикасының астанасы Алматы шаһарынан Ақмола қаласына көшірілді. Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа елордаға әкелінді. Орталық алаңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады», деп, жалынды ойын жарқырата толқындатты.

Өз басым Сарыарқаның сары белінде, ұлан-байтақ Қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа бір мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты, ай сымбатты, алтын тұғырлы орданың дүниеге келуі, әлбетте, барша жақсылықтардың, игіліктердің, ұлы өзгерістердің осы жердің кіндігіне шоғырлануы деп ойладым.

Византиялық ғалым Прокопи «Весчтник древней истории» журналында (1939) «Ақмола» атауы «Батыстағы қамал» деген мағынаны береді деп жазған екен. Тегінде, Ақмоланың тарихы ғасырлар тереңінен тамыр тартады. Бұл орайда Елбасы «Еуразия жүрегінде» кітабында (2005) былай деген: «Бозоқ орта ғасыр қаласын Ақмоланың тікелей бабасы деп санауға болады. Ал оның ең соңғы ұрпағы қазіргі заманғы Қазақстан астанасы – Астана болып табылады».

Бас қала – бақорда – елорда тарихы Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік іс-қимылдарын айқын сипаттайды. Астананың бас сәулеткері өзі, қаланың архитектуралық, философиялық-эстетикалық тұжырымдамасын да өзі жасады. Жаһандық сәулет өнерінің жаңалықты құбылыстарына, үздік үлгілеріне жүгінді; саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық мәні өзгеше жаңа елордаға лайық қайталанбас ою-өрнектер, ұлттық нақыштар, сан алуан бояулармен құбылған бейнелі суреттер салдырды.

«Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көзқарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да Астана келбеті – ұлт келбеті, мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсуде. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында бүгіндері небір қарышты қадамдар жасалуда. Біздің жаңа астананы, жаңа астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенеміз», деп Елбасы жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ардақты Астанасы туралы көкейкесті, жүрекжарды ойын ылғи осылайша өрнектеп, тебірене жеткізумен келеді.

«Мен қаланың негізгі бөлігіндегі әрбір ғимаратқа да тікелей назар салып жүремін. Өзегімнен өткізіп, жан-жүрегімді жарып шыққан бұл идея – Қазақстан мемлекетінің астанасын елдің ортасына алып бару, елордаға қай өңірден де бірдей жететіндей ету идеясы тәуелсіздіктен кейінгі менің өмірімнің ең мәнді мақсат-мұраттарының біріне айналды. Ендігі жерде жер бетіндегі барша қазақтың назарында тұратын, қазақтың асқақ рухы сән-салтанат құратын бас қаламыз осы Астана» – деп ағынан жарылды, ұлы кеңістігін, байтақ даласын құштарлық, іңкәрлік сезіммен сүйеді, жер байлығы, кен байлығы, ел байлығы, рух байлығы бар деп шабыттанып, шаттанады.

«Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді, әдетті, әдепті шайылудан, жойылудан сақтап қалу үшін жасадық. Біз оны болашақ ұрпақ үшін, еркін еліміз үшін жасадық», дейді Ел Ардағы, Ұлт Шамшырағы.

Елбасы Сарыарқа төсіне, қазақ жерінің қасиетті төріне астананы көшіргені тегін емес. Бұл өңірде небір өркениет өркендеген. Астананың іргесіндегі Бозоқ қаласы, Ерейментаудағы байырғы хан ордалары осы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен, тоғыз жолдың торабына орналасқан. Түгін тартса, майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны төгілген. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да айтулы шайқасы осында өткен. Сол шайқаста Кенесарымен бірге Басығара, Иман, Ағыбай, Наурызбай батырлар жер үшін, ел үшін қас қарайғанша шайқасқан.

Ұлы даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, құдіретті рухымен қорғады. Әзіз бабалар елдік пен ерліктің ұлы үлгісін көрсетті. Темір ноқта мен арқан ноқтаның ортасында оттай лаулап, Отанын сақтады, Тәуелсіздікті аңсады. Бабалар аңсаған сол арман – мемлекет тәуелсіздігі сан ғасырлар сағындырып, ақ қанатты періште кейпінде елімізге оралды. Халқымыз Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендей хал кешкенде, қайшылықтар шырмауына шырмалғанда, замана теңізінен аман алып шыққан кемел ойлы саясаткер, дипломат, дуалы ауыз, ел бастау тәсіліне жетік Нұрсұлтан Назарбаев еді. Әлем тарихында жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор деп танылған ұлы саясаткер жайында дүние жүзі қайраткерлерінің жарыса жазатыны содан.

Ол пікірлердің қай-қайсысы да Елбасының пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар. Еліміздің тереңінен толғап, алыстан болжар көсемі, сұңқар пейіл басшысы, алтын жебелі сардары Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі мен іскерлігі арқасында бас қала желкілдеп, жаңарып, жаңғырып, ертегідегі алыптардай аршындап алға басып, қарыштап дамып келеді.

Нұр-Сұлтан шаһарының кереметтері, ғимараттары, сәулет нысандары: халықтың ұшқыр қиялындай, жапырағын жайған жас шынардай жарқыраған Бәйтерек; бірі – сабырлы, салқын ақылындай, даналық ордасындай Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Назарбаев Университеті, Хан Шатыр, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлттық академиялық кітапханасы, Ислам мәдени орталығы, Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Жоғарғы сот, Парламент, сан салалы cпорт сарайлары, Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы, «Астана Опера» театры, Әзірет Сұлтан мешіті, «Думан» ойын сауық орталығы т.с.с. жасампаздықтың, өркендемпаздықтың куәсіндей, нақты айғақ-дәлеліндей.

Айталық, мәрмәрдан құйылған «Қазақ Елі» тарихи-мемориалдық монументінің айбыны мен айбаты қандай десеңізші?! Ұшар басындағы алтындай құлпырған ертегі кейіпкері Самұрық құс және «Халық және Президент», «Жасампаздық», «Қаһармандық», «Болашақ», «Бірлік» тәрізді қола барельефтер Тәуелсіздік, мемлекеттілік, елшілдік идеясын, ұлт тарихының асу-белестерін жарқын түрде елестетеді. Елбасы: «Мұнараның ұшар басында заңғар аспан еркесі – Самұрық құс бейнеленген. Халқымыздың дәстүрлі аңызында айтылғандай, Самұрық құс азаттықтың, қайрат пен қайсарлықтың, дарқан пейіл мен өжеттіліктің символы. Біздің Самұрық құс та мемлекеттігіміздің беріктігі мен мызғымастығының жиынтық бейнесіндей рухтандырады. Бұл монумент – ата-бабаларымыздың өсиеттеріне, тамыры терең халықтық дәстүрлерге, ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығына адалдығымыздың куәсіндей» деп, елорда келбетіне сүйсініс танытты.

Иә, Сарыарқаның сайын даласында дәл осындай самаладай сұлу шаһар орнайды деген кімнің ойында болды дейсіз. Шүкір, замандар бойы ата-бабаларымыздың азаттық үшін күресі еш кетпей, ғасырлардың сын-тезінен абыроймен өттік, сәулетті, құтты, қайырлы күнге жеттік.

Елорданы республикамыздың дәл географиялық кіндігіне көшіру идеясы – Тұңғыш Президентіміздің кемел саясатынан, мемлекет тағдырын терең ойлағандығынан туындаған. Елбасының: «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемлекеттік дәрежеде кемеңгерлікпен ойлай білуі – осыдан жарты ғасыр бұрын 1948 жылы Қазақстан астанасын Ақмола қаласына көшіруге кеңес беруінен айқын көрінеді» деген пікірінен оның адамгершілік, кісілік келбетін, әділеттілігін көруге болады. Ал поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич 1846 жылы «Ақмола, мәселен, бүкіл даланың болашақ астанасы» деп жазыпты. (Янушкевич Адольф. Қазақ даласына сапары туралы жазбалар. Астана, «Аударма», 2003. 53-бет).

Елбасының заманауи көкейкесті ұлы тілегі – татулық, ынтымақ, бірлік, тыныштық, молшылық. «Айда аяқ жоқ, жылда жілік жоқ» десек те, аздаған жылдардың ішінде талай қиямет-қайым жолдан, талай қайшылықты дағдарыстан өттік.

Мәңгілік Ел болудың таңғажайып бір көрінісі: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ жиынында – асқақ, әлемдік мінберде ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде сөз сөйледі. Сонда: «Бұл жақсылықтың нышаны. Біздің тіліміз дүние жүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін. Әрі қарай да тілді жылжыта береміз деп санаймын. Әдейі солай жасадым. Біздің адамдардың бәрі басқа тілде жаттығып, үйреніп кеткен. Сөйлегісі келмейді. Менен кейінгі де басшылар солай қазақ тілінде сөйлейді деп сенемін. Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның Ұйымдағы барлық ресми 6 тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды» деп ағынан жарылды Ұлт патриоты.

Қытайлар өзін аспанасты еліміз дейді, яғни аспанасты, жерүсті еліміз деп отыр. Жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді. Біз – Ұлы даланың Мәңгі еліміз.

Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін құштарлықтың аты, қуаты – идея, идеология. Идеология дегеніміз – мемлекеттің бағдаршамы, адастырмайтын құбылнамасы. Егер ол болмаса, кеме – мұхитта, ұшақ – көкте, адам жерде адасады.

Мәңгі ел орнату үшін алдымен жердің тұтастығы, елдің ынтымағы керек, ата тарихымызды, ата дәстүрімізді, ана тілімізді ұрпақ санасына сіңіру керек, Ұлы даланың тарихын сол Ұлы даланың ұлы тұлғаларынан алып жазу керек. Қазақ тарихы – ешкімнен ұялмайтын тарих: Еділ патшасы, Тұмар ханшасы бар; Мөде (Ботахан), Бумын, Естеми, Елтеріс, Абылай қағандары бар; Тоныкөк, Қорқыт, Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ясауи, Жалаири, Дулати секілді данышпандары бар; Күлтегін, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бауыржан секілді батырлары бар; Бұқар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Абай, Жамбыл, Байтұрсынұлы, Әуезов секілді даналары бар; саналуан ұлы жыраулары, ақындары, би-шешендері, көсемдері, жыршылары, күйшілері бар байтақ тарих. Тарихты тұлғалар жасайды. Ендігі міндет – осы тұлғалардан алып, Ұлы даланың халыққа ұғынықты тарихын жазу: Сақ-Ғұн заманына – 1 том, Түрк қағанаты дәуіріне – 1 том, Алтын Орда мемлекетіне – 1 том, Қазақ хандығына – 1 том, Ресей отаршылығы мен Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне бір-бір томнан арнаған жөн. Бұларда Ұлы даланың өсиеті, қағандары, қаһармандары, қолбасшылары, абыздары, даналары, көсемдері, шешендері, жыраулары, ақындары, күйшілері толық қамтылуы тиіс. Балаларға арнап ата тарихы жайында, ұлы тұлғалар жайында анимациялық фильмдер түсіру керек. Сөйтіп Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз – Ұлы даланың мұрагерлеріміз» дейтін қағидасын болашақ ұрпақтың санасына, жан дүниесіне сіңіре білу керек.

Ұлы дала елі – талай өркениеттердің қауышқан-тоғысқан алтын құндағы. Мәңгілік ел – Ұлы далада керегесін кең жаятын ұлы құбылыс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала елі – Мәңгілік ел» идеясы күрделілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін терең, байыпты тұжырымдама керек. Оның ең басты шарттары – 1) мемлекет территориясының тұтастығы; 2) мемлекеттің қорғаныс қабілеті, ұлт қауіпсіздігі; 3) мемлекеттің тілі; 4) діні; 5) ізгілік, даналық ілімі, ұлы эпостары; 6) ата дәстүр, атакәсіп; 7) халқының ынтымағы, бірлігі.

Мемлекет тәуелсіздігі ақ қанатты періште кейпінде елімізге оралды. Бұл нағыз бақ құсы. Оны баянды ету, мемлекеттің іргетасын бекемдеу – парызымыз. Бұл орайда осынау жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор жайында әлем саясаткерлерінің «мағынасы меруерттей» лебіздерін келтіре кеткен дұрыс болар. Мысалы, Ресей көркемсурет академиясының президенті Зурат Церетели: «Президент Н.Ә.Назарбаев оңтайлы сәтті сезіне де, дәл пайдалана да білді, ол уақыт тақтасында еш қатесіз күшті жүріс жасап, Қазақстанның жаңа астанасын тұрғызды», дейді.

Сингапур үкіметінің аға министрі Ли Куан Ю былайша толғанады: «Қазақстан басшысы – керегінше қатал, ұсынақты, қағылез әрі батыл кісі, өзіне тартып тұратын, талантты әрі табанды тұлға…».

Маргарет Тэтчер: «Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды» деуінде үлкен сыр бар. Өйткені, Қазақ мемлекетінің өркендеуінің басты өлшемдері, өзі айтқандай, «Береке басы – бірлік» (ал Әлихан Бөкейхан «Бірлігі кеткен ел қаңғып қалады» дейді), тұрақтылық, тыныштық. Қазақ жерінде 100-ден астам этностың бір бәйтеректің бұтағындай, бір атаның балаларындай ғұмыр кешуі мен еңбектенуі – Елбасының көркем істері.

Отан қорғаушылар алаңында «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім» деп ұлы Абай тілінде сөйлеген Рим Папасы ІІ Иоанн Павел Елбасыға жолдаған жалынды сәлем-хатында: «Жоғары Мәртебелі, мен өзімнің дұғаларымда… құдіреті күшті Құдай Қазақстанды, оның әрбір тұлғасы мен барлық халықтың құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуді негізге алған қоғамды құруға деген ұмтылыстарын қолдасын», деп жазған-ды (2001 жыл, қыркүйек).

«Елбасы», «Ұлт көшбасшысы», «Түркі дүниесінің лидері», «Астана архитекторы», «Нұрсұлтан Назарбаевқа балама жоқ» (академик Зейнолла Қабдолов бағасы), «Біртуар» (академик Серік Қирабаев сипаттамасы), «Елбасы – біреу, ел – тіреу» (Шерхан Мұртаза түйіндемесі), «Халық таңдауы» – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ұйымдастырушылық, шешімпаздық, баһадүрлік, даналық, тапқырлық болмысына тікелей қатысты қанатты оралымдар, айрықша айқын сипаттамалар. Мысалы, мемлекет тәжі – елорда ердің ері – Елбасының ересен еңбегінің нәтижесі, Семей полигонын жабу, Түркістан облысын ашу, латын әліпбиіне көшу, Нұр-Сұлтан қаласының айналасын орманмен жасылдандыру, тізе берсек, қисапсыз ғажап жаңалықтар.

Елбасының «Туған елім – тірегім» (2001), «Өзекжарды ойлау» (2003), «Ой бөлістім халқыммен» (2006), «Мыслями с народом поделюсь» (2007), «Жылдар мен ойлар» (2013) еңбектеріндегі елтану, халықтану, жертану, мәдениеттану, дүниетану, саясаттану тақырыптарында туындаған саф таза, мөлдір мағыналы ой-толғамдар, парасатты пайымдар тарихтың тағылым-тәлімін, бабалардың қастерлі, қымбат қағидаттарын, «қас тұлпарға ұқсаған» ойға, пікірге жүйрік – тапқыр, ділмәр билердің, «алмас қылышқа ұқсаған» әділ, тура, шыншыл қазылардың, жүрегін халқына, жанын Аллаға беретін, алайда ар-намысын, абырой-ожданын ешкімге бермейтін, бас имейтін баһадүр батырлардың құдірет-күшін ұғып-түсінуге, тебіреніп-ардақтауға үйрететін білімді қолдануға үндейді. Тарихи білімді, ұлттық сана ерекшеліктерін мінсіз меңгеруге шақырады.

Елбасының: «Толық тәуелсіздікке жетудің ұлы жолында бізді халқымыздың үш данасы, үш көсемі, қасиетті бабаларымыз – Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің аруағы қолдап жүреді» деген сөзінде патриоттық ой бар. Оның қазақ этносы, «ұлттың біртектестілігінің қуаттылығы», ойлаудың ұлттық ерекшеліктері, «қуатты генетикалық тамыр» туралы ой-толғаныстарының дәуірнамалық сипаты бар. Өйткені, бұлар – елдің есеюіне, көркеюіне, кемел келешегіне керемет қызмет ететін ең бір басты көрсеткіштер.

Ұлы даланың өркениетін, өнерін, тілін, дәстүрін, барлық асылын қорғайтын, жемісін ұлт игілігіне қызмет еткізетін Тәуелсіздік үшін мыңжылдықтар бойы баһадүр бабаларымыз арыстанша арпалысты, қанын судай төкті, сүйегі таудай үйілді, күңіренді… Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ақ түйенің қарны жарылды. Ұлт көсемі Ахаңша айтқанда, «Әмин! деп қол жайып, «әуп» деп күш қостық. Айдай әлем Қазақстанды таныды. Мемлекет атандық. Тәуелсіздіктің философиясы ғажайып. Егер Тәуелсіздікті кемеге ұқсатсақ, бітім бүтіндігімен, төзімділігімен, есендігімен, қазына-мүлкімен заманының шалқыған мұхитында таудай толқындарды қақ жарып өтіп, еркін жүзе беруіне Жаратқан ие жар болсын, тілеуқор болсын!

Егер Тәуелсіздігімізді гүлбақша ретінде қабылдасақ, халқымыздың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, рухани құндылықтары, ұлттық игіліктері жарқырап жаңарып, көсегесі көгерсін! Егер Тәуелсіздікті ақсұңқар құсқа теңесек, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп-әлпештеп, баулып-баптап, құрметтеп, ардақтайық! Бәйтеректей асқақтап, аспан құшағына өршелене құлшынып өссін, Отанымыз көркейсін!

Тәуелсіздік пен Елбасы тамырлас ұғым. Тәуелсіздіктің киелі қағидаттарын түп-тамырымен түсініп, оны қаһармандық өнегелі еңбегімен сәулеттендірген шынайы халық қызметшісі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Асылы, Тәуелсіздік пен Елбасыны, Ел мен Жерді ардақтайық!

«Мемлекетіміздің төрт құбыласы сай болсын!» деп тілейік.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар