Тағылымды тарих пен қазыналы білім ордасы

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ашылғанына биыл 75 жыл толып отыр. Қасиетті де қастерлі мереке – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келіп отырған бұл айтулы оқиға мазмұнды іс-шараларға толы болмақшы.

Ұлы Отан соғысы аяқталғанына бір жыл толар-толмаста 1946 жылы 15 ақпанда Көкшетау облыстық атқару комитетінің шешімімен қалалық орталық кітапханаға облыстық кітапхананың мәртебесі берілді. Жеті адам ғана еңбек еткен кітапхананың сол кездегі кітап қоры небары 7 мың дананы құраған. Соның ішінде қазақ тіліндегі әдебиеттердің саны бар болғаны 365 дана екен.
1954 жылы облыстық кітапхана директоры болып соғыс ардагері Сейітжан Елеусізов тағайындалады. Отан үшін от кешкен педагог өзінің елжандылығымен ерекшеленген. Облыстық кітапхананың келешегі өзіне жүктелгенін түсінген басшы ұжымның басым бөлігі әйелдер болғандықтан, «қайтсем әйелдер жұмысын жеңілдетем» деген сұраққа жауап іздеп, мүмкіндігінше жағдай жасапты.
Кітапханаға Мәскеудің мәдениет институтының түлегі Александра Ивановна Белан басшылық еткен жылдары мекеменің келбеті түпкілікті өзгереді. Кітапхана тұрақты түрде жетілу мүмкіншілігі бар гуманитарлық-ағартушылық, мәдени-демалыс орталығына айналады. Кітапхананың дамуының жаңа кезеңі 1971 жылдың қазан айынан басталыпты, өйткені дәл сол жылы облыстық кітапханаға арнайы ғимарат салынып, ол күні бүгінге дейін оқырмандар игілігі үшін қызмет етуде. Абай көшесінің бойында орналасқан бұл кітапхана 300 мың дана кітап қорына лайықталған типтік ғимарат болып саналады.
Талай жылдар бойы кітапханааралық абонемент секторының меңгерушісі болып еңбек еткен Қастай Хабибуллинаға көп жылғы қажырлы еңбегі үшін «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы» құрметті атағы берілді. 1975-1978 жылдары кітапхана аудандардағы орталықтандырылған кітапханаларда орталықтандыру торабын құруға көмек көрсетумен болды. 1985 жылы облыстық кітапхана директорлығына Валентина Пивень келеді. Бұл кітапханалық үдерісті компьютерлендіру жұмысы басталған кезең еді. Кітапханаға басқа да кітап орталықтары тәрізді АБИС бағдарламасы енгізіліп, ол «Каталогизатор» модулі арқылы жұмыс істей бастайды. Ал, 1992 жылы кітапханаға Алаш ардақтысы, халқымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімі беріледі. Директордың сол кездегі орынбасары болған Тазагүл Жарболова:
– Бұл істе бастамашылық танытқан Мағжанның немере інісі Ғаділша Қаһарманұлы еді. Ал, облыстық партия комитеті және облыстық мәдениет басқармасы бұл бастамаға қолдау көрсетті, – деп еске алады.
Кейінірек кітапхананың өзіне тән белгісі, қазіргі тілмен айтқанда логотипі жасалып, ол кітапханада шығарылатын басылымдардың бәрінде басылады. Онда Мағжан Жұмабаевтың суреті және логотип үлгісі қойылады.
Кітапхана ашылғаннан бері оны дамыту ісіне бар ынта-жігерін салып, қызмет еткен небір білікті кітапханашылар болды. Атап айтсақ, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы» атағының иегерлері Қ.Хабибуллина және В.Красноусова, еңбек ардагерлері З.Кострицина, В.Теплякова, Т.жарболова, В.Александрова, В.Филатова және тағы басқалары.
Біршама әкімшілік-аумақтық құрылуды бастан кешкен кербез Көкше жерінің бір бөлігі Ақмола облысына қосылып, Көкшетау қаласы облыс орталығы мәртебесін қайта алған соң, 2000 жылы М.Жұмабаев атындағы кітапханаға облыстық кітапхана мәртебесі қайтарылып, әмбебап-ғылыми кітапханаға айналды. Ал, оның директоры болып мәдениет саласында тәжірибесі мол Майра Тсенова тағайындалды. Одан кейін кітапхана директорлығы қызметін абыроймен атқарған Салима Жұмабаева, Арман Бердалин, Жансұлу Мұқатаева секілді басшылар мекеменің дамуына айтарлықтай үлестерін қосты. Қазіргі уақытта білім мен ғылым көзі – кітапхананы мәдениет саласында талай жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Талғат Ибраев басқарып отыр. Тізгінді қолға алған аз уақыттың ішінде ол кітапханашылардың нәтижелі жұмыс істеулеріне жағдай жасап, қамқорлық танытып келеді.
Сондай-ақ, кітапхана ұжымын игі жетістікке, нәтижеге қол жеткізерлік бастамаларға бағыттап, бағдар беріп отыратын басшының орынбасарлары Қуаныш Оспан мен Галина Савенкованың да еңбегі зор. Көп жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан кітапхана ісінің тәжірибелі мамандары, бөлім меңгерушілері Жұмабике Мырзағалиева, Елена Жезлова, Махаббат Ивахина, Наталья Пугачева, Гүлзада Мұхамедқалиева, Сәуле Башаровалардың да еңбектерін мақтанышпен атап өтуге болады. Шығармашылық құрамның 30 пайы-
зы «Кітапхана үздігі», «Кітапхана ісінің шебері» кәсіби төс белгілерімен, Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Былтыр кітапханада облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасынан кейін республика көлемінде бірінші болып Қазақстан және алыс шетел ғалымдары мен зерттеушілерінің қатысуымен әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл 75 жыл тарихы бар облыстық кітапхананың үлкен жетістігі деуге болады. Сонымен бірге, өткен жылы Алтын Ордаға 750 жыл толуына, Абай және Әл-Фараби мерейтойларына орай, жас оқырмандарды ата-бабаларын құрметтеуге насихаттап, жастардың еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Биылғы жылы кітапханада жаңа жобалар іске қосылды. Соның ішінде «Әдебиет – ар шұғыласы» жобасы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан жазушылардың шығармаларын насихаттауға бағытталған. Бұл жоба онлайн режимде де жұмыс істейді.
Жергілікті жазушылар мен облыстың танымал тұлғаларының шығармашылығын насихаттау мақсатында электронды CD-дискілерді шығару бойынша «Өңір мен өмір» жобасы аясында «Алтын Арқа» мәдени-ағарту орталығы құрылды. Сол сияқты, «Полиглот», «Келбет», «Старая пластинка» жобалары іске қосылып, цифрланған грампластинкалар бойынша бейнероликтер топтамасы шығарылады. Сонымен бірге, өңірдің және тұтастай ұлттың музыкалық мұрасын насихаттауға бағытталған «Мusical place» жобасы бо-
йынша бейнелер циклі шығарылады.
Биылғы жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда, балалар секторына қарасты кітапхананың «Шамшырақ» коворкинг орталығында «Оқу лабораториясы» жобасы өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, «Емші кітап» жобасы да жақында іске қосылады. «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында балаларға арналып жоспарланған жұмыстар көп. Осы істердің барлығына тәжірибелі мамандармен қатар, жас мамандар да атсалысуда.
75 жылдық тарихы бар киелі шаңырақ зымыраған өмірдің ағысынан қалмай, заманның талабына сай дамып, ілгерілеп келеді. Балаларға арналған «Шамшырақ» және үлкендерге арналған «Оқу орталығы» коворкингі, «Рухани жаңғыру», «Парасат жолы» орталықтары, Мағжан Жұмабаевқа арналған бұрыш та мұнда өз үйлесімін тапқан. Көкшетаудың нағыз орталығында елді білім мен өнерге, ұлттық өренің биігіне шақырып тұрған көне де еңселі ғимарат алда да кітапсүйер қауымның жүрегіне жылылық құйып, мың сан көкіректерді өзінің тылсым сырына бойлата береріне сенім мол.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар