Абылай хан бабамызға арналды

Қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден ешбір кенде болмаған. Халқымыздың осындай ұлы перзенттерінің бірі – хан Абылай.

Абылай хан қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналған тұлға. Даңқты бабасы туралы Шоқан Уәлиханов: «Абылай хан дәуірі – қазақтардың ерлігі мен өрлігінің дәуірі» деп айшықты айтқан болатын. Абылай хан қазақ тарихының талмау тұсында өмірге келіп, халықтың басына күн туған қиын кезеңде елдің басын біріктірген өз заманының аса көрнекті мемлекет қайраткері, ата жауға қарсы атойлап қол бастаған қаһарлы қолбасшысы болды. Міне, осындай ұлы тұлғаның, алты Алаштың айбары Абылай ханның туғанына биыл 310 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі «Достар» мәдениет сарайының жанындағы кітапханада «Абылай хан – тарихи тұлға» атты көрме-экспозиция ұйымдастырды.
Көрме-экспозиция екі бөлімнен тұрады. «Абылай хан және оның тарихи дәуiрi» атты бірінші бөлімде кітапхана қорындағы қазақ тарихынан сыр шертетін тарихи кітаптар, құнды жазбалар қойылса, «Алты Алаштың ардағы» атты екінші бөлімде Абылай хан жайлы жазылған көркем шығармалар және қылқалам шеберлерінің туындылары, тарихи жәдігерлер қойылды.
Іс-шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Әсия Төлеген, «Көкшетау» газетінің тілшісі, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының мүшесі Гәкку Асылбекқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, тарихшы ғалым Ғалымтай Мәлікұлы, өңіріміздің белгілі суретшісі, мүсінші, Абылай хан портретінің авторы Манарбек Бұрмағанов, Ақмола облысы тарихи өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Жасұлан Кәрімұлы, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Әбішева және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара барысында қатысушылар қобыз үнінің ырғағымен тарихи экспонаттарды тамашалап, «Абылай ханның қара жолы» картасына үңіліп, тарихи кітаптардан көптеген мәліметтер алды. Абылай ханның тарихи дәуірі, ұлы ханның кемел кемеңгерлігі, жаужүрек қолбасшылығы жайында тарихи деректер қамтылған игі шараны Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің студенттері домбыра, қобызда әсем әуенмен әрледі.
Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын тәмсіл бар. Ақтық сәтінде: «Хан ием, не арманыңыз бар?» деп сұраған Бұқар жырауға Абылай хан: «Үш арманым бар. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі, халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым» деген екен. Бүгінде Абылай арманы орындалып, бейбіт заманда тәуелсіз қазақ елі бірлік пен ынтымақта күн кешуде.

Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Көкшетау қалалық ақпараттық
кітапхана жүйесінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар