Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлағат пен алғыстың мерейлі күні - АРҚА АЖАРЫ

Ұлағат пен алғыстың мерейлі күні

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының құрметіне өткізілген облыстық «Батамен ел көгерер» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, облыстық әдебиет және өнер музейі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінде болып, «Әлди, әлди, ақ бөпем» онлайн байқауының жеңімпаздарына және «Елбасы» медалі» бағдарламасында жеңіске жеткен оқушыларға жүлделер мен медальдар табыс етті. Сонымен бірге, соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлері мен Аналар үйіне арнайы барып, қадірменді қарияларды және жалғысбасты аналарды алда келе жатқан көктем мерекесімен құттықтады.

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын ол рухани құндылығымыз бата деп айтсақ қателеспеспіз. Осы орайда, ұйымдастырылған «Батамен ел көгерер» облыстық байқауы мәресіне жетті.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап:
–Қазақ халқының мереке-мейрамдары ақ тілексіз, батасыз өтпейді. «Баталы ер арымас» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Мереке қарсаңында облыста бата беруден үлкен сайыс өтті. Ақсақалдарымыз өнегелі дәстүрімізді жаңғыртып, дәріптеп, көрсетіп жатыр. Осындай тамаша шаралар көп болсын. Ұлыс оң болсын – дей келе, байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Наурыз шуағы» тұжырымдамасы негізінде ұйымдастырылған «Батаменен ел көгерер» атты батагөйлердің облыстық байқауында өнер көрсеткен целиноградтық ақсақал Мекебай Кәкеұлы үшінші дәрежелі дипломға ие болды. Жүлделі екінші дәрежелі диплом сандықтаулық қария Меңдібай Көкебаевқа берілді. Ал, ақкөлдік Серік Құрмаш «Ұлыс батагөйі» атанып, жеңіске жетті. Оған Ақмола жұртшылығы атынан ат мінгізілді.
Облыстық әдебиет және өнер музейінде өткен бұл марапаттау салтанатында ақкөлдік батагөй ақсақал жұртшылыққа батасын беріп, ақ тілегін төкті.
Ал, облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейінің ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ана тілдің қолданылу аясын кеңейту, жас аналардың қазақтың дәстүрлі бесік жырына деген құрметін арттырып, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы халқымыздың бай ауыз әдебиетін насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Әлди, әлди ақ бөпем» атты онлайн байқауы да бұл күні өз мәресіне жетті. Жүлдегерлер мен жеңімпазды құттықтаған өңір басшысы Ермек Маржықпаев халқымыздың тәрбие тал бесіктен деп текке айтпағанына тоқталып, осы байқауға қатысып қазақ келіндерінің бейнесін көрсеткен қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, әр шаңыраққа береке-бірлік, иманды келін түсуін тіледі. Ибалы, иманды келіндер көп болса, ұрпағымыз асыл, болашағымыз жарқын бола түсері сөзсіз.
Сонымен, «Өнерлі келін» аталымына Сандықтау ауданынан қатысқан Рабиға Мұқанова ие болса, Біржан сал ауданынан келген Бибінұр Шамшиева «Инабатты келін» аталымын иеленді. Көкшетау қаласының қатысушысы Жанасыл Оңғарбайқызы «Өнегелі келін» аталымымен марапатталды. Ал, Жақсы ауданынан жеткен Мәдиана Жылкенова «Үздік келін» атағына лайықты деп танылды.
Келіндерге дипломдар мен арнайы сертификаттар табыс етілді. Жиын барысында келіндердің бесік жырын айту байқауына қазылық еткендердің бірі Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жібек Бағысова да жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, игі жақсы лебіздерін айтып, аналық ақ батасын берді.
Бұл күні облыс әкімі Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде де болып, «Елбасы медалі» бағдарламасында жеңіске жеткен мектеп оқушыларына Елбасы медалін тапсырды. Айта кетейік, «Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы деп аталатын 7 негізгі бағыттан тұрады. Облыс әкімі білім және шығармашыл жастарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде дарынды жастарды қолдауға баса мән беріліп келе жатқанын айтты.
–Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі», «Қабілет», «Мың бала» олимпиадасы», «Бірге оқу» онлайн мектебі жобалары табысты жүзеге асырылуда. Осы жобаларға 15 мың жас ақмолалық қатысты.
Соңғы екі жылда аталған жобаларды іске асыруға облыстық бюджеттен 150 миллион теңге қаржы бағытталды. «Елбасы медалі» жобасына 253 жас қатысып, оның 94-і қола медаль иегері атанды, – дей келе, облыс әкімі өңірімізде жастарды қолдауға қажетті жағдай жасалып, заманауи мектептер, спорт кешендері, шығармашылық және бос уақытты өткізу орталықтары бой көтеріп жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің қолынан Елбасы медалін алған жастардың қатарында Көкшетау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей интернатының 10 сынып оқушысы Даниял Зарлықов, техникалық лицейдің 11 сынып оқушысы Дильназ Сауытова да бар.
Сондай-ақ, әкім «Қоғамдық келісім» мекемесінде облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған этнографиялық көрмені және ұлттық қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, этномәдени бірлестіктер әзірлеген мерекелік дастарханнан дәм татты.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ермек Маржықпаев Ұлы Отан соғысының ардагері Асылбек Дәулетовтың және тыл еңбеккері Виктор Павленконың үйіне арнайы барып, қарияларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Аналар үйінде тұрып жатқан жалғызбасты аналарға мерекеге орай сый-сияпат жасады.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар