Біржан сал ауданының әкімі Достанбек Есжанов Степняк қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған 21 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Аудан әкімі өз сөзінде өңірде тұрғын үй құрылысы жаңданып келе жатқандығын атап өтті.
– Азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, ортақ өркендеу және Қазақстанның беделінің өсуі біздің егемен мемлекетіміздің басты мақсаттарына айналды, азаматтарымыздың жайлы тұруы үшін қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Наурыз мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйді тапсырып отырмыз. Жаңа пәтерлерде балалардың күлкісі естіліп, амандық, қуаныш пен бақыт орнасын, – деді аудан әкімі.
Пәтерлі болғандардың арасында көпбалалы отбасылар және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары бар. Құрылыс жұмыстарын «Еңбек-Астана» компаниясы жүргізді. Мұндағы 21 пәтердің 3 бір бөлмелі, 9 екі бөлмелі және 9 үш бөлмелі. Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тағы бір 21 пәтерлі үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі 21, екі 45 және бір 30 пәтерлі үй салу жоспарланған.
Біржан сал ауданы.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.