Елдіктің қилы жолы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Ақмола облыстық орыс драма театрының ұжымы «Театральды Ақмола» іс-шаралар циклі бойынша Наурыз мейрамына орайластырып, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтің «Тернистый путь» («Қилы жол»)  спектаклін көрермендер назарына ұсынды.

«Тернистый путь» спектаклін тамашалау арқылы қазақ хандығының алғашқы қадамдарынан бастап, қазіргі заманғы тәуелсіз мемлекетке дейінгі жолымыздың қаншалықты қиын-қыстау кезеңге толы болғандығына куә боламыз.
Он бесінші ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінен қазақ тайпалары Дешті Қыпшақ түркі хандығының құрамында болды. Жоңғарлардың күш алуымен тайпасыз рулар оларға қосылуға ниет білдіреді.  Осының бәрі қазақтар арасында наразылық тудырды. Сондықтан, Шыңғыс ханның ұрпақтары, алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек өздеріне ерген халықты Моғолстанға апарып, сол жерде өз мемлекетін құрды. Сөйтіп, қазақтардың бірігуіне жол ашылып,  үш жүздің басы қосылады. Осылайша олардың әлемдік саясаттағы бейбіт өмірді аңсаған ұйымдастырушылық қасиеттері мен өз халқына деген шексіз махаббаты бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің негізін қалады.
Спектакльдің мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, махаббат сезіміне, бай да көне тарихын қастер тұтуға тәрбиелеуде, қазақ халқының мәдениеті мен тарихи мұрасына деген қызығушылығын қалыптастыруда көрермендерге тағы бір соны ой салу.
Спектакльдің қоюшы-режиссері – Мәдениет сапасының үздігі Ольга Луцива, қоюшы-суретші – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Гүлнәр Қанафина, балетмейстер – Денис Юкало. Ал, қойылымға қатысушы әртістер А.Владимиров, А.Красноштанов, А.Букреева, Д.Юкало, С.Тавгень, Т.Валиев, А.Радченко, М.Михеев, М.Ибраев  және тағы басқалары да тамаша өнер көрсетті.
Осынау сан ғасырлық қазақ халқының шынайы бейнесін бір арнаға тоғыстырған авторға деген көрермендердің шынайы ризашылықтары спектакльді бір деммен тамашалаған ықыластарынан-ақ байқалып тұрды. Көрермендер өздерінің сүйікті актерлеріне гүл шоқтарын тарту етіп, ескерткіш суретке түсті. Иә, бұл мереке күні орны бір бөлек осындай туындыны тамашалаған әрі көптен театрды сағынған көрерменнің көңіл-күйі де көтеріңкі еді.
Наурыз мейрамын осындай «Тернис-
тый путь» сынды тарихи-танымдық тұрғыдағы қойылыммен қарсы алған орыс драма театрының ұжымына алда да шығармашылық табыс тілейміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар