Малдың жайылымы тарылған сайын ауылдың да тынысы тарылады

Жер дауы мен жесір дауы қазақтың ең жанды жеріне тиетін мәселелердің бірі. Жер шетелдіктерге де сатылмасын, жалға да берілмесін деген талап пен толқулар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Халық қанша айтып, билікке уәжін жеткізсе де, жердің көп бөлігі латифундистердің қолында кеткені жасырын емес. Халықтың қамын емес, қалтасының қампаюын ойлаған пысықайлар ебін тауып, елді мекендердің маңындағы алуға жарайтын жердің бәрін ешкімге жария қылмастан, үндемей жүріп-ақ заңдастыруда. Осындай пысықтар туралы хакім Абай «іші залым» деген анықтама берген.
Бұл жерде тоқтала кететін бір мәселе, осындайларға жоғарыдан қолдау көрсетіп отырған «көкелерді» де жауапқа тарту тетіктері қарастырылса және елдің маңайындағы жерлерді жалға бермес бұрын тұрғындардың пікірлері де ескерілсе дұрыс болар еді. Жер мәселесіне байланысты ауыл әкімдерінің айтарлықтай рөл атқара алмай отырғаны жасырын емес. Егер халқына жаны ашитын әкімдер болса, жерді жекеменшікке не жалға бергізбес бұрын мәселені сол жердің иесі болып отырған халықпен ақылдасып барып шешкен болар еді. Өйткені, ауылға бара қалсаң мал жаятын жердің тарылып бара жатқанын айтып налыған халық күнін көріп отырған қолындағы аз ғана малының азығын қалай тауып беріп, асырарын білмей дал болып отыр.
Шөптің бағасы аспандап, бір тіркеменің құны қырық мыңнан елу мың теңгеге дейін жеткен. Қыстан малын қалай алып шығарына алаңдаған жұрт жапа тармағай бұзауларын алыпсатарларға өткізуде. «Заң қабылдайды» деген депутаттар жер туралы заңды толық бекітпей, әлі де сағызша созып келеді. Кейбір пысықайлар «бармақ басты, көз қыстымен» дәл ауылдың іргесіндегі мал жаятын жерді алып алған. Ауылға таяу бес шақырымға дейінгі жер мал жайылымы болу керек дегенге бір өздерінің ғана бас пайдасын ойлаған пысықайлар пысқыратын емес. Тіпті кей ауылдарда бұрынғы түрен салынбаған жерлерді жыртуға дейін баруда. Сонда осыған жол беріп отырған кімдер? Ауылдың, елдің жағдайын ойласа, олай істемес еді ғой. Жайылатын жер тапшылығынан тақыр жерді жылқы, қара мал, қой да шиырлағаннан кейін сиырлардың сүті азайып, мал қысқа қарай қоң жинай алмай қораға көтеремнің аз ақ алдында кіріп жүр. Мұны бір деңіз. Екіншіден күзгі жиын-терім аяқталған соң ауылдың іргесіндегі алқаптағы қалдықты жеген малдар өлім-жітімге ұшырайды, оған жауап беріп және төлеп жатқан ешкім жоқ. Қолындағы азғантай малымен бала-шағасының нәпақасын айырып отырған ауылдықтардың көңілі алаң. Бұлай қыспаққа түсе берсе, ел іргесі сөгіле бастауы бек мүмкін ғой. Ертеде Қашаған жырау «Не жетім» деген толғауында:
…Айтылмаған сөз жетім,
Қатары жоқ қарт жетім.
Аққуы жоқ көл жетім,
Иесі жоқ жер жетім, –
деп жырлағанындай, елдің іргесіндегі өз жерлеріне ие бола алмай отырған ел жетім емей немене?!.
Заман ағымымен мал жайылымы мен шабындығы тарылған сайын ауылдың тынысы тарылып барады, ауылмен бірге қазақтың тынысы тарылуда. Күнкөрісі төрт түлік малға қарап отырған ауылдағы қаймана қазақты қымбатшылық пен індет бір жағынан қысып бара жатса, екінші жағынан осы бір мәселе алаңдатып отыр. Халықтың жерін алып, қыспақта қалдырып отырған латифундист пысықайларға елдің жанайқайын төрт шумақ өлеңмен түйіндегім келеді.
Тыңдасаңдар сендерге айтарым бар,
Неге елдің ырысын шайқадыңдар?
Мал емес пе ауылдың тіршілігі,
Жайылымын малымның қайтарыңдар!

Өрісін төрт түліктің тарылдыру,
Бұл дегенің ауылдың малын қыру.
Күнкөрісі малына байланған соң,
Малын қыру – қазақтың жанын қыру.

Бұл жағдай ауыртады елдің жанын,
Жоқтайды жайылымын, бел, қырларын.
Неге ғана ауылдың маңындағы,
Түгел жыртып тастадың жердің бәрін?!

Жыртқанда ауылдардың Жер-Анасын,
Қайғыға батырдыңдар ел арасын.
Сүйегін сырқыратып қорымдағы,
Тынышын аруақтардың неге аласың?!

Сендерге наз айтайын басқа қандай,
(Болмаған соң сөз ұқпайтын қасқа маңдай).
Жерді сатып алғандар, жермен бірге,
Жүрегін елдің жыртып тастағандай!..

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Құдықағаш ауылы,
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар