Сайлау алдындағы бағдарлама қазірден іске асырылуы тиіс

«Nur Otan» партиясының Ақмола өңірлік филиалы партиялық бақылау комиссиясының және осы өңірлік филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы болып, онда облысымыздағы жергілікті атқарушы органдардың басшыларының есебі тыңдалды.

Отырысты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әсен Жақсылықов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, Ақмола облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Арман Ризанов есеп беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқарма жұмысының негізгі бағытының бірі екенін айтты. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтытудыратын жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметкерлердің білім деңгейі арттырылып келеді. Сондай-ақ, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты насихатталуда.
–Бұл бағытта басқарманың жұмысы ашық түрде жүргізіледі. Арнайы интернет-ресурсымыз негізгі жұмыс, оның ішінде мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншікті басқаружөніндегі ақпарат жиі жаңартылып отырады. Сыбайлас жемқорлық фактісі жөнінде хабарлайтын сенім телефоны орнатылды. Жеке және заңды тұлғалар үшін «Виртуалдық қабылдау» жұмыс істейді. Басқарманың ғимаратында ұсыныстар, ескертулер мен арыз-шағымдарды жинайтын жәшік орнатылған. Басқармаға түсетін барлық өтініштер уақытылы әрі заңмен белгіленген мерзімде қаралады. Сыбайлас жемқорлық заңнамасының нормасын және мемлекеттік қызметкерлердің қызмет әдебін бұзу бойынша өтініш түскен жоқ. Бекітілген ережелерді сақтауға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған басқармадағы мемлекеттік қызметкерлердің мінез-құлқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт сайтында жарияланған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдігінің ішкі талдауы тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тиімділігінің мониторингісінмемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік саласындағы оң тәжірибе жағдайындажүргізуге мүмкіндік береді,– деген басқарма басшысы Арман Ризанов өткен жылы басқарма мүлікті жалға алуға 193 келісім-шарт жасағанын, бұдан бюджетке 42,7 миллион теңге түскенін айтты. Электрондық саудада 174 автокөлік сатылыпты. Биылғы жылы басқарма жалға алудың 50 келісім-шартын жасапты.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Баға мен тарифтерді өсірмеуді қамтамасыз ету» Жол картасының орындалуы жөніндеАқмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдырахманов баяндап берді. Оның айтуынша, 2021 жылдың ақпанында облыс бойынша тұтынушылар бағасының индексі 101,1 пайызды құрапты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайы ерекше бақылауда тұрған көрінеді. Жыл басынан бері пияздың, картоп пен сәбіздің, күнбағыс майының, ұнның, нанның, ірі қара етінің, орамжапырақтың бағасы көтеріліпті. Бағаны өсірмеу мақсатында облыс және аудан орталықтарында жәрмеңке өткізілмекші. Тұрақтандыру қорына 2343 тонна ұн,қант, май, күнбағыс майы, картоп пен сәбіз тәрізді азық-түлік тауарлары сатып алыныпты.
Одан әрі Ақмола облысында коммуналдық қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары жөнінде облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы Нұрлан Жалғасбаев айтып берді.
–Департамент бүгінгі күні табиғи монополиядағы 75 субъектінің жұмысын реттейді. Өткен жылы 148 қызмет көрсетілді. Оған жылумен және сумен қамтамасыз ету, кіре беріс жол, сұйық газды тасымалдау, гидротехникалық нысандардың көмегімен судың ағуын реттеу кіреді. Ақмола облысында 22 субъект тарифтер деңгейі бойынша 36 қызмет ұсынады. Өткен жылдың соңында табиғи монополияның 14 субъектісі үшін 20 қызметке шектеулі тариф бекітілді,–деді бұл орайда, департамент басшысы.
Отырыс барысында аталмыш органдардың басшылары партиялық бақылау комиссиясының және қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар