1 сәуір Күлкі күні

Бұл күнді тойлау Францияда бастау алған деседі. Әзіл-қалжыңға қашанда теріс қарамайтын қазақ халқы да бұл күнді ескерусіз қалдырмаған. Қыстың қыспағын, ерте көктемнің алай-дүлей мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні бір-бірінің көңілін қалжыңмен көтеруге тырысады.

Шығыс Үндістанда наурыздың отыз бірінде «қалжыңдау салты» ежелден етек алған екен. Бірде таңертең Петербор тұрғындары әдетте өрт шыққанда ұрылатын қатты дабылдың даусынан оянады. Әбігерге түскен халық өрт ошағын көре алмайды. Сөйтсе, бұл әзілкештердің ойыны екен. Әзілкештердің бұл әрекеті сәуірдің біріне тап келді. Сол кезден бастап, бұл ойын халық қолдауына ие болған.
Күлкі күнінің аталуы мен ерекшелігіне келер болсақ, Франция, Англия, Америкада бұл – ақымақтар күні, Испанияда – дөкірлер, Үндістанда – тоқылдақ, Жапонияда – қуыршақтар, Шотландияда тепкі күні деп аталады екен. Бұл күні әркім таныстарының арқасына сездірмей «мені теп» деген жазу іледі де, оны сырттай күлкіге айналдырады. Бірақ, атаулар әртүрлі болғанымен, бұл күн күлкі күні болып саналған соң, бұл күнгі қалжыңға ешкім ренжімейді.
1 сәуір ресми мереке емес. Бұл күні ешкім демалмайды, бір-біріне сыйлық ұсынып, мерекелік дастарқан жайылмайды. Тек ел бір-бірімен қалжыңдасып, көңіл көтеріп, күлкіге қарық болатын күн.
Соған орай, 1 сәуір күлкі күнінде достарыңызды алдаудың небір қызықты жолдарын айта өтейік. Мәселен, әлеуметтік желіден оқыған мына бір жайттарға мән берсек, қалжың арқылы өте кірпияз адамды алдауға болады екен. «Пурген» дәрісі мен нашатыр спиртін араластырсаңыз, қызғылт түсті сұйықтық пайда болады.  Мұны шие шырыны секілді көрсетіп, ыдысқа құйып, алдағыңыз келген адамның киіміне құйып алғандай болыңыз. Бірнеше секундтан кейін ол түс жоғалып кетеді. Алайда, бұл әдісті алдын ала қажетсіз матаға құйып, тексеріп алыңыз.
Қоғамдық көлікте де көпшілікті алдауға болады. Мәселен, кір жуатын ұнтақтың қорабына балалардың жеуіне арналған қоспаны салып алыңыз. Қоғамдық көлікке кіріп барған соң, оны сөмкеңізден шығарып, қасықпен жеп отырыңыз. Көпшіліктің таңданысында шек болмайды.
Осыған ұқсас тағы бір алдау түрін айтып өтейік. Ол үшін екі адам алдын ала ақылдасып алуы керек. Біріншісі метроға кірген бойда шақыру тетігін басқандай болып, «№3 – вагонға сусын мен екі тоқаш әкеліңіз» деп дауыстап айтуы керек. Сәлден соң, екінші адам келесі жақтан келіп, «Сусын мен екі тоқашқа кім тапсырыс берді?», – деп сұрайды. Тапсырысын берген соң, вагоннан шығып кетуі керек. Әлгі жолаушы тетікті қайта басып «Тоқтамастан соңғы аялдамаға дейін жүріңіз» деп дауыстап қойса да болады.
Ал, құрдастарыңызды алдаудың мынадай оңай жолын ұсынамыз. Досыңызды үй ішінде орнынан тұрғызып, қолын көтеруін сұраңыз. Оның екі сұқ саусағы мен ортаңғы саусағының аралығына сіріңкенің талшығын қадап қойыңыз. Тағы екі сіріңке талшығын башпайларының арасына салыңыз. Сөйтіп, досыңыздан «Қазір қай ай?» деп сұраңыз. Ол «Сәуір» деп жауап береді. Сіз сонда «Онда неге сен шаңғымен тұрсың?» деп әзілдеңіз.
Мәселен, сабынды түссіз тырнақ бояуымен сырлап, күнделікті орнына қойып қойсаңыз, таңертең онымен жуынбақшы болған адам сабынды көпірте алмай әлекке түседі.
Досыңыз ұйықтап жатқанда, оған білдіртпестен бетіне мұрттың, денесіне әр түрлі суреттер салып тастаңыз. Ол өзінің күлкілі бейнесін таңертең жуынарда ғана байқайды. Бұл күлкі күнінде көңіліңіз көтеріңкі болып, достарыңызды алдаудың қызықты жолдары болсын.

Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар